12.10.2017

Мал ұрлығына тосқауыл қойылуда

Батыс Қазақстан облысы әкімінің 2016 жылғы 5 тамыздағы өкімімен бекітілген «Мал ұрлығына қарсы жол картасын» іске асыру жөніндегі іс шаралар жоспарын орындау мақсатында Жымпиты ауылдық округі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. 2017 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Жымпиты ауылдық округінде 12 мал ұрлығы тіркелген. 2016 жылға арналған мал ұрлығымен күрес бойынша Жол картасын жүзеге асыру іс шаралар жоспарын орындау мақсатында тұрғындарға өз малдарын қараусыз қалдырмау, малды кезекпен бағуды ұйымдастыру жөнінде кеңінен түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы мақсатта тұрғындармен сход-жиыны өткізіліп, учаскелік полиция кызметкерлері, ауылшаруашылық, ветеринариялық бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп мал шығатын бағыттарда тұрғындармен кездесулер өткізілді. Соның нәтижесінде мал бағатын бақташы мен мал иелері арасында 208 келісім-шарт жасақталды. Жымпиты ауылындағы ет дүкендерімен тиісті құжаттары бар мал етін сату жөнінде келіссөздер жүргізілді. Ет сату және сатып алу кезінде қандай малдәрігерлік құжаттарды талап ету қажет екені жөнінде жеке кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аудан прокуратурасымен бірлесіп әзірленген ескерту қағазы таратылды. Мал ұрлығын алдын алу мақсатында Жымпиты ауылдық округіне қарасты ветеринариялық пунктінің малдәрігерлеріне жұмыс уакыты біткеннен кейін және демалыс күндері малдәрігерлік анықтама бермеу жөнінде тапсырма берілді. Жыл басында қоғамдастық жиналысында «Сырым аудандық ветеринарлық станциясы» КМК-ның ауласы қараусыз жүрген ауылшаруашылық жануарларының иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау орыны ретінде белгіленді. Қараусыз жүрген 42 бас ірі қара қамалып, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасы бойынша мал иелері анықталып, учаскелік инспекторлар тарапынан ескерту берілді. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлескен түнгі кезекшілік ұйымдастырылды. Түнгі кезекшілік барысында  ауыл шаруашылық жануарларын мал қораларына ұстамаған мал иелеріне ескерту жасалды. Ескертуге қарамастан түнгі мезгілде малдарын қараусыз қалдырған жағдайлар көп анықталды. Осыған байланысты мал иелеріне  кешкі сағат 20.00-ден кейін малдарын мал қорасында ұстау қажеттігін ескертеміз. Ауыл тұрғындарының күнкөріс көзі төрт түлікпен біте қайнасып жатыр. Сол себепті әрбір малдың ұрлануы олардың қолындағы барын қаққанмен бірдей. Осы ретте айласын асқан қылмыскерлерге малдарын қолды етпеудің жолы малдарды сырғалап, паспортпен қамтамасыз ету. Бүгінгі күні округ бойынша  10440 ұсақ мал, 1940 бас ірі қара сырғаланса,  445 бас жылқы малы таңбаланып компьютерлік дерекқорына енгізілді. Алдағы уақытта мал ұрлығын алдын алу бойынша жұмыстар атқарыла береді.

Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қ.Тулепов
«Сырым елі» қоғамдық-саяси газеті № 41 (9905)

 


20.07.2017

Мал баққанға бітеді

Бүгінгі таңда әр елдің ұлттық өндірістері негізінде дүниежүзілік біртұтас тауарлы ауыл шаруашылығы қалыптасып келеді. Өндірілген жалпы өнім мөлшері жөнінен Қытай, АҚШ, Жапония, Аустралия сияқты елдер жетекші орын алады. Жан басына шаққанда ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етілу дәрежесі жөнінен Батыс Еуропаның дамыған елдері мен Канада, АҚШ, Жапония және Аустралия ерекше көзге түседі. Дамушы елдерде бұл керсеткіш өте төмен, тіпті жалпы өнімді аса көп өндіретін Қытай мен Үндістанда ол Канада және АҚШ-пен салыстырғанда 5—6 есе төмен.
Сол себепті ауыл шаруашылығының алдында әлі де оңтайлы шешімін таппаған мәселелер баршылық. Ең бастысы — халықты сапалы, құнарлы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету; айналадағы ортаны ластанудан қорғау және табиғат байлықтарын пайдалануды, жетілдіру.    
Қазіргі кезде мал шаруашылығын дамыту, мал басын асылдандыру, мал ұрлығының алдын алу өзекті мәселелердің бірі болып, Үкімет тарапынан қолдауға ие болып отыр.
Жосалы ауылдық округінде 01.07.2017 жылға 3383 бас ірі қара, 4971 бас ұсақ мал, 378 бас жылқы, 939 бас құс тіркелген. Осының ішінде 1585 бас ірі қара, 2081 бас ұсақ мал, 125 бас жылқы, 103 бас құс шаруа қожалықтарының еншісінде.
2013 жылы Қоңыр, Тамды елді-мекендері аумағында мал басынан сарп ауруының шамадан тыс көп анықталуына байланысты карантин аймағы жарияланып, ол 2014 жылы толықтай тазартылып, содан бергі уақытта малдың жұқпалы ауруларынан аймақ тазартылып, мал басында жыл өткен сайын өсу көрсеткіші байқалуда.
Бүгінгі таңда ауылдық округте 13 ауыл шаруашылық құрылымдары тіркелген. Шаруашылықтардың барлығы дерлік қазіргі кезде мал өсіру немесе мал азығын дайындау жұмыстарымен айналысуға бағытталған.   
Былтырғы жылдан бері «Қадыр-Жан-Қанат» ЖШС асыл тұқымды мал өсіру, егін салу, мал азығын дайындау бағытында құрылып, жұмыс жүргізуде. «Тамды» АШӨК ауылының, «Даму Қоңыр» АШӨК  Қоңыр ауылының ірі қара малдарына асыл тұқымды бұқа сатып алып, тұрғындардың мал басын асылдандыру бағытында жұмыстануда. Мал бағымына бақташыға мал басына бір айға 400 тг ақы төлейді. Жеке мал бағымы көктемнің жай шығуына байланысты мамыр айынан бастап бағылуда. Қоңыр ауылынан төрт бағытта, Тамды елді мекенінен бір бағытта, еркек малдарға бір бағытта бақташылар шығарылды. Мал иелеріне бақташының алдына малдарын айдап апарып қосу, кешкісін өрістен келген соң қарсылап алып, аулаларына қамау, малды көшеге тастамау, малды уақытымен бақташыға қосу, еңбегін ай сайын төлеп отыру, малы кешкісін келмесе бақташыдан талап ету. Бақташымен қанша бас мал қосқаны және малбасының бірдейлендіру нөмірін, малдың түр-түсін көрсете отырып, келісім шартқа отыру, түнгі мезгілде малды міндетті түрде ауласына қамау немесе байлап қою қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.  
Биылғы жылы Рамазан, Талап, Қаратай, Азамат, Дос ШҚ-тары 9 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Қазіргі уақытта мерзімі келген, яғни шаруа қожалығында қолданыста екі жыл болған бұқаларды жеке табынға қосу жұмыстары ұйымдастырылуда. Рамазан, ГауМар, Жанқожа, Қаратай ШҚ 6 бас асыл тұқымды бұқаны жеке табынға қосу үшін құжаттары жинақтап, тапсыруда. Жеке табынға қосқаны үшін, асыл тұқымды мал басын өсіргені үшін ШҚ-на үкіметтен субсидия қаражаты төленеді.
Болашақта жеке тұрғындардың малын бір АШӨК етіп біріктіру жоспарлануда.
Ветеринариялық шаралар уақытында жүргізіліп тұрады. Биылғы жылы 5 бас ірі қара малынан бруцеллез ауру анықталып жойылды. Бірдейлендіру бойынша 178 бас ірі қара сырғаланып, базаға енгізілді, ал ұсақ малдан 1000 сырғаланып базаға енгізілді.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындары мен шаруашылықтар мал қыстағына дайындық жұмыстарын бастады. «Қадыр-Жан-Қанат» ЖШС 50 га бидай, «Талап» ШҚ 100 га арпа, 200 га бидай екті.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Игілік» бағдарламасымен төрт азамат несие алуға құжаттар дайындауда. «Береке» бағдарламасымен үш азамат 3 млн 600 мың тг несие алып 21 бас ірі қара малын бордақылауға қойды. Олар Т.Кажиахметов, И.Акшолаков, Т.Мағазов. «Өрлеу» бағдарламасымен екі отбасы /Өтепқалиева М, Габдуллин Ж/ 612 мың тг қаражатқа бір бұзаулы сиыр, екі қашар, бір бас қой малын алып өсіруде.
Ата-бабамыз малдың қадір-қасиетін түсініп, оны күтіп-баптап, үрім-бұтағын, ұрпағын, сол малмен өсіріп, өндірген. «Мал баққанға бітеді» ,-деп бізге қанатты сөз қалдырған. Қазір еңбектенген адамға үкімет тарапынан қаржылай көп көмектер қарастырылған. Ендеше, баршамыз маңдай термен, адал еңбекпен малымызды өсіруге және оны қорғауға бірге ат салысып, іске кірісейік ағайын.

 

Жосалы ауылдық округінің әкімі К.Габдешов
Сырым елі қоғамдық-саяси газеті №29 (9893)


16.05.2017

Мал ұрлығынан сақтанайық

Облыс аумағында ауыл шаруашылығы малдарының ұрлығын азайту бойынша «Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасы» іске асыру мақсатында Қособа ауылдық округі аумағында аталған іс шараларды өткізу барысында ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізілді, 2015 жылғы 27 наурызындағы № 23-4 БҚО мәслихатының шешімімен бекітілген елді мекендерде жануарларды асырау қағидалары  ауыл тұрғындарына таратылып, малдарын бақташыға қоспайтын азаматтармен түсінік жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. 
Өткен жылдың маусымдық кезеңінде Қособа, Жырақұдық ауылдарының екі бағытына мал бақташылар белгіленіп, алғаш қар жауғанға дейін мал бағымда болғандықтан, бақташыға қосқан малдардың арасынан мал жоғалу фактілері  тіркелген жоқ. Алайда әліде болса өз малдарына жүрім-бардым қарайтын, малдарын бақташыға қоспайтын, тұрғындардың кейбір жағдайларда мал ұрлығының алдын алуда бөгет болуда. Әсіресе жылқы малының жылдың төрт мезгілінде далада қараусыз қалдырылуы уақытылы түгенделмеуі - мал ұрлығына басты себепкер болмақ.
Сондықтан ауыл тұрғындарын иелігіндегі малдарына немқұрайлы қарамай, сатып алынған мал болса дәрігерлік талаптарға сай тіркетіп бірдейлендіру базасына енгізіп жайылымға қосқан малдарын ұстап отырса ұрлыққа тосқауыл болған болар еді.

«Сырым елі» қоғамдық-саяси
газеті № 19 (9883)
11 мамыр 2017 жыл


Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл бойынша Жол картасы

2016 жылдың 22-ші қыркүйегінде облыс әкімімен бекітілген меншік құқығын қорғау және мүлік ұрлығымен күрес жөніндегі іс-шаралардың ведомствоаралық жоспары мен 2016 жылдың 5-ші тамыздағы мал ұрлығына қарсы іс-қимыл бойынша Жол картасын жүзеге асыру мақсатында Елтай ауылдық округі тұрғындарының жеке меншіктеріне және ауылшаруашылық жануарларына бақылау күшейтіліп ауыл тұрғындарына ескерту хабарламалар таратылып, сход жиындарда түсінік жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл тұрғындарына және шаруақожалық басшыларына даладағы бағымдағы малдарды қараусыз қалдырмау жөнінде, сондай-ақ ол үшін ҚР қолданыстағы заңнамаларына сәйкес ұрланған малдың ен таңбасы, табро, сырға номірлері болған жағдайда іздеу шаралары жүргізілетіндігі туралы және ауылшаруашылық жануарларын тасымалдау кезінде ветеринариялық құжаттардың (вет анықтама, паспорты, автокөліктің І-дәрежелі зарарсыздандырылғандығы туралы, мал сойылған болса, сою алаңында сойылғандығы туралы  анықтамалар) толық болуы туралы түсінік жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді.
Биылғы жылға ауыл тұрғындарына сырғалау, таңбалау жұмыстарын жүргізу үшін және жеке меншіктеріндегі ауылшаруашылық малдарын қараусыз қалдырмау, мал бақташысына қосып, келісім-шарт жасасу жөнінде ескерту хабарламалар таратылып, ескертілген талаптарды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес, жауапкершілікке тартылатындығы туралы түсінік жұмыстары жүргізілуде.
2016 жылдың қыркүйек, қараша айларында меншіктеріндегі ауылшаруашылық малдарын қараусыз қалдырмау бағытында ауыл тұрғындарына екі мәрте ескерту хабарламалар таратылып, түсінік жұмыстары жүргізілді.
Округ бойынша тексерістер кезінде алдағы уақытта уақытша иесіз, құжатсыз, бірдейленбеген малдарды қамау орындарын ұйымдастыру бағытында «Даурен» шаруа қожалығының иелігіндегі бос ауласына иесіз, құжатсыз, бірдейленбеген малдар қамау жөнінде келісім-шарт жасалып, келіссөздер жүргізілді.
Ережеге сәйкес округте ауылшаруашылық малдарына арналған жайылымдық жерлерді анықтау жұмыстарын аудандық жер қатынастары бөлімімен бірлесіп нақтылау жұмыстары жүргізілуде.

Елтай ауылдық округі әкімі  С.Кыдыралин
«Сырым елі» аудандық қоғамдық-саяси газет
№15   13.04.2017


Сырым ауданында өткен жылы 12 айдың ішінде 191 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Осының 75 фактісі – мал ұрлығы. Кейінгі кездері баспасөз бетінде Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің жаңағыдай ақпарымен басталатын мақалалар жиілеп кетті.  Мәселе болғасын, мақала да жазылады.
Мақала дегеннен шығады, жуырда «Орал өңірі» облыстық қоғамдық – саяси газетінің 2017 жылғы №19 санында журналист Есенжол Қыстаубаевтың «Шаруалар сырымдық тәртіп сақшыларына неге өкпелі?» деген «детективті» мақаласы жарық көрді. Автор бұл мақаланы жәбірленушілердің сөзімен сөйлеткен. Сұрақты көп қойған. Сырым ауданындағы мал ұрлығы мәселесінің өршіп бара жатқаны жайлы Қыстаубаев әріптесіміз «Қорамыз қаңырап қалды...» - дейді Егіндікөл ауылының тұрғыны Бисенғали Сыдықов» деген кезекті материалында тағы да айтты. Материалдардың мазмұны Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің жұмысына сыннан салмақ салып отыр.
Кешегі күні Сырым ауданының Бұлдырты ауылдық округінің орталығында аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұханов шаруалармен кездесті. Күн тәртібінде – баяғы, мал ұрлығы мәселесі. Кездесуге аудандық жергілікті полиция бөлімінің бастығы Талғат Кенжеахметов, Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев және жергілікті қоғамдық кеңестің мүшелері мен ақсақалдар алқасы қатысты.
«...Жуырда Бұлдырты ауылында аудан әкімі Абат Шыныбековтың есебі болып өтті. Мұнда да мал ұрлығы жайлы әңгіме көтерілді...Соған байланысты аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Әлмұхановқа бұлдыртылықтардың қоятын сұрағы шаш-етектен еді, бірақ полиция бастығының оларға қайтаратын уәжі болмады ма екен, тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына келмеді.» Облыстық газетте жарияланған мақалада осындай жолдар бар. Арман Әлмұханов әп дегеннен өзіне қатысты осы сөздің басын ашып алды. Әлмұханов мырзаның айтуынша, ол Бұлдырты ауылдық округіндегі есептік жиналыс болатын шамада сырқаттанып қалыпты. Ауруханадан ем қабылдағаны жөнінде дәйек қағазы да бар екен.
Хош, сонымен жиналыс басталды. Келген мақсатының шаруалармен пікірлесу, жағдайды бетпе – бет талқылау екендігін айтып аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұханов сөйледі. Сөйлеп болғасын, шаруаларын мал ұрлығы мәселесіне қатысты шағымдарын өз ауыздарынан тыңдады.
Облыстық газеттегі манағы айтылған ауданымыздағы мал ұрлығы жайлы мақаланы ұйымдастырған Бұлдырты ауылының тұрғыны Ермек Бекайдаров осы жиналыста да әуелгі болып сөйледі. Ол Сырым ауданындағы мал ұрлығына қатысты қылмыстық істердің қалай жүріп жатқандығы жайлы білгісі келеді. Бұл кісінің де мал ұрлығының құрбаны болғанын айта кетейік. Ермек Бегайдаровтың тағы айтқаны сол, Бұлдырты ауылдық округіндегі мал ұрлығы оқиғаларына күдікті деп танылып, тұтқындалған Армат Әлиев деген азаматқа аудандық ішкі істер бөлімі «жұмсақтық» танытып отырған көрінеді. Тұтқындалады, кейін қайтадан босатылады. Ерекең полиция бастығынан осы «жұмбақтың» жауабын сұрады. Бұл «жұмбақ» «Орал өңірі» газетінде де жарияланды.
Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұхановтың берген жауабына сүйенсек, расымен де, жаңағы Армат Әлиев мал ұрлығына қатысы бар деген айыппен 2012 жылдан бері 5 мәрте жауапқа тартылған. Бірақ, Әлиевке қатысты істің барлығы жәбірленушінің кешірім беруі есебінен қысқарып қалған. Кеше тағы да қолға түскен Әлиев осы жолы кепілге дүние қою мүмкіндігін пайдаланып, тағы да уақытша бостандығын қалпына келтіріп алыпты. Бірақ БҚО ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бас болуымен Сырым ауданының ішкі істер бөлімі тиісті орындарға жаңағы жерлесімізді сотқа дейін қамауда ұстау жөнінде қайтадан ұсыныс даярлап жатыр.
Кешірім берді деп айттық...Жәбірленуші мен күдіктінің арасындағы осы кешірім мәселесі -  мал ұрлығының ізін кесуге кедергі келтіріп отырған фактордың біреуі. Мәселен, А. деген азамат малы ұрланғаны жөнінде аудандық ішкі істер бөліміне шағым түсірді делік. Ішкі істер бөлімі өзінің функционалдық мүмкіндігінің шеңберінде жұмыс жасады, әріптестерін ұйымдастырды, ақыры қылмыскерді анықтады. Қылмыскер анықталды. Б. деген қылмыскердің қылмысқа қатысы бар екені дәлелденді. Енді, жазалау керек. Жазаланса, ол азамат ендігәрі қылмыс жасамауы мүмкін, бастысы Б. деген қылмыскерді тұтқында ұстау арқылы оның сыбайластарының ізіне түсуге де мүмкіндік бар. Ал А. деген азамат не істеді? Істі аяғына апармады. Өзінің шығынын өндіріп алды да, Б. деген қылмыскерге кешірім берді. Біздің ауданда солай. Қылмыскерге кешірім береміз. Яғни, қылмыскерге қылмыс жасауға тағы бір мүмкіндік береміз. Оның кесірі біреуге тимесе, біреуге тиеді. Полицияның еңбегі зая кетеді де қалады. Сосын кім жаман? Баяғы, полиция жаман. «Адамдар бірін – бірі ойламайды!» деп күйінді Әлмұханов мырза осыны айтып.
Кешегі жылдың қарашасында Бұлдырты ауылдық округінің тұрғындары Ермек Бегайдаров пен Нұрбек Жалмұханбетовтың иелігіндегі малдары жоғалды. Кесапат ұрыдан келген екен. Қазіргі күні жаңағы малдардың ұрлығына қатысты қылмысты жасады деген желеумен 8 бірдей азамат жауапкершілікке тартылып жатыр. Жалғыз Армат Әлиев емес, бөлім бастығы Арман Әлмұханов жаңағы «сегіз серінің» арасында Сырым ауданына қатысы бар деген Ринат Мәжитов, Сержан Берікқалиев, Серік Дарғожиев және Дәурен Молдашевтың да есімдерін атады. Бұл азаматтардың қылмысқа 100% қатысы бар екендіктері анықталды. Қылмыскерлердің қылмыстық «картасы» негізінен Ақжайық, Сырым, Теректі және Тасқала аудандарының аумағын құрап отыр. Қазір жаңағы азаматтардың үстінен қылмыстың 11 фактісі бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан полициясы қылмыскерлердің ұйымдасқан қылмыстың топ болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Мал ұрлығына қатысты тергеу – тексеру жұмыстарымен Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің бастығы, генерал – майор Махсудхан Аблазимовтың бұйрығымен құрылған 14 адамнан тұратын тергеу әрекетін жүргізетін топ айналысуда. Топтың жұмысын Аблазимов мырза өзінің ерекше бақылауында ұстап отыр. Бұл ақпарат облыстық газеттегі мақаланың қылмыстық істің жай – жапсары жайлы  сауалына жауап болады деп ойлаймыз. «Қылмыстық істің жай-жапсарынан оқырмандарымызды алдағы уақытта да хабардар етіп отырмақшымыз.» - деген ғой мақаланың авторы Есенжол Қыстаубаев.
Айтпақшы, Бұлдыртыдағы ірі қараларды «алып қашу операциясы» болған күнгі қызметте тұрған тәртіп сақшылары түгелдей қызметтен шеттетіліпті. Бірақ, уақытша. Бұл туралы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұханов айтты.
Аймағамбет Қадыров - малын ұрыға алдырған адамның біреуі. Ұры алыстан келмеген. Өзінің ауылдасы болып шықты. Мінбені ұрғылап тұрып, «Ұрыны ұстау керек! Шығынды өндіру керек!» деп кешегі жиналыста дау бастаған адамның біреуі – жаңағы Аймағамбет Қадыров еді. Сөйтсек, оның есебі түгел екен. Қылмыскер өзінің жасаған ісін толық мойындапты, әрі ұрланған 4 бас ірі қараны жәбірленуші Аймағамбет Қадыровқа екі есе қылып қайтарып берген. Біз оны ұры деп танылған Ж. деген азаматтың өз ауызынан естідік. Ж. деген азамат елдің алдына аяқтай келіп, қылмысқа шарасыздықтан барғанын және ол үшін қатты өкінетінін айтып, ауылдастарынан кешірім сұрады. Осының бәрі кешегі жиналыста болған жағдай.
Айтпақшы, облыстық газеттегі мақалада жәбірленуші ретінде Бихан Құсекеновтің де есімі аталды. Биханның малының жоғалғаны рас. Бірақ, жаңағы Биханның әкесі Жүсіп Құсекеновтің айтысына қарағанда, олар жоғалған мал үшін анабір шу көтермеген, соның ішінде газетке «сәлем» айтпапты. Жерлестері Биханның жоғалған құнажын қашарын аудандағы ұрлық мәселесінің көлемін көбейту үшін айтуы мүмкін дегеніміз ғой. 
Өңірдегі мал ұрлығы малдың ғана емес, адамның да берекетін кетіре бастады. Тәртіп сақшыларының жұмысына қанағаттанбаған жәбірленуші тұрғындар ұрлықтарды ашуға өздері де әрекеттеніп бағуда. Мамандарға қиын соғып жатқан шаруа, тұрғындардың қолынан келді деп айту қиын. Содан да болар, бәтуасыз болжамдар, басы мен аяғы жоқ алыпқашпа әңгімелер, нақақ жалалар елдің ішінде өріп кетті қазір.
- Осылардың кейбірі тіпті облыстық басылымның бетіне жарияланып жатыр. – дейді мысалы, Мақсот Бисенғалиев деген азамат. Бұл азаматтың айтуынша, бұлдыртылық Ермек Бекайдаров оны мал ұрлығына тікелей қатысы бар тұлға деп көрсеткен. Бұл әңгіме газетке басылған. Мақсот Бисенғалиев бұл айыптауға ашық келіспейтіндігін әрі жеке басына қатысты болғандықтан өзінің заңды наразылығын білдіретінін айтып отыр.
- Жаланың бір құрбаны – менің балам. – дейді Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылының тұрғыны Хабиболла Сарсенов. Хабекең жасы ортадан жоғарылаған кісі екен. Сөйлегенде ашынып, тамағына қайғы тығылып тұрып сөйледі. Оқиға 2012 жылдың желтоқсанында Көгеріс ауылында болған. Ауыл тұрғыны Әлібек деген кісінің өгізін ұрлады деген күдікпен Ғаламат Сарсеновты жергілікті учаскелік полиция инспекторы аудан орталығына алып кетеді. Айыпталушы айыпты толық мойындайды. Жаза белгіленеді, жазаға сәйкес қара жұмысқа салынады. Кейін жұмбақ жағдайда жаңағы жігіт өзіне -  өзі қол жұмсап, өмірін қияды. Ал, саған бір өгіздің құны. Марқұм жігіттің әкесі ұлының тікелей кінәлі екеніне сенбейді, сондықтан баласының азаматтық арын ақтағысы келеді. Оны қылмысқа итермелеген адамдар бар деп есептейді. Жазаны солар тартса дейді. Жағдай солай.
Мал ұрлығына қатысты қылмыстарды жіті тергеу жайлы ұсынысты ауыл тұрғындары Боранбай Сарбөпеев, Тайман Төреғалиев, Хамит Бахтияров, Аймағанбек Қадыров, Болат Рамазановтар да сұрап отыр. Бәрі де әділдіктен үмітті.
Мал ұрлығының жолын ашып отырған тағы бір тұс – ауыл тұрғындарының малдың бағымына салғырт қарауы. Қарауындағы малдарына бақташы бекітпейтін тұрғындардың бар екенін округтің ветеринар маманы Зәмира Қорғанбаева да айтты. Расымен де, 20 – 30 – дан ірі қарасы бар тұрғындар өзінің дүниесін өзінен – өзі қызғанып, малының бағымына жауапты адамдарды қоймайды. Жоғалып кетсе, полицияны кінәлайды келіп. «Өздеріңіз бақпаған малды, полиция бағуға міндетті ме?» - деген сауалды қойды Арман Әлмұханов. Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев ауылдастарын ауылдық тұтыну кооперативтерінің игілігіне сүйенуге шақыруда. Себебі, жаңағы мәселелерді кооперативтер арқылы шешіп отырған ауылдар бар. Аудан бойынша бүгінгі күні 19 ауылшаруашылығы кооперативі жұмыс жасайды.
Жалпы жиналыстың барысы осылай өрбіді. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұхановтан осындай кездесу өткізуді Көгеріс ауылының тұрғындары сұрап отыр. Аудандағы қылмыстық ахуалдың жалпы сипаты күрделі деп айта алмаймыз. Көрсеткіштердің сөйлетсек, жыл басынан бері 17 қылмыстық іс тіркеліп, оның 13 – і ашылған. Әнеугүні ауданның басында өткен қоғамдық кеңестің отырысында аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан бойынша мал ұрлығына қарсы Жол картасын іске асыру жөніндегі іс – шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл жоспар облыс әкімінің өкімімен бекітілген. Жасалып жатқан жұмыстар бар, енді сол жасалмай жатқандарды жасау керек. Елдің тілегі де осы!

Бауыржан Ширмединұлы
«Орал өңірі» облыстық
қоғамдық-саяси газеті
№20 21.02.2017


Мал ұрлығының  қалай  алдын аламыз?

Ауыл тұрғындарының күнкөріс көзі төрт түлікпен біте қайнасып жатқаны белгілі.  Бүгінде ауылдағы ағайын  осы малмен ұл-қызының тойын жасап, баласын оқытып және өзге де мәселелерін шешіп отыр. Солардың ішінде Бұлдыртылыктар да бар. 
Қазіргі таңда Бұлдырты ауылдық округі бойынша 565 үйде 3000 тұрғын есепте тұр. Осы үйлердің 426-сы мал ұстайды. Округ бойынша жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтарында барлығы 6480 бас ірі қара, 14416 бас қой-ешкі, 2168 бас жылқы, 6 бас түйе, 2036 бас құс тіркелген. Жеке малдар 6 бағытта, 4 жерде бойдақ малдар бағылады. Алайда, бақташыға қоспай өз күштерімен бағатындар да бар. Бірақ олардың малдары үнемі қаралмай далада бағымсыз жүреді. Мал бағымсыз жүргесін қолды болып жатырған жәйттер де жоқ емес. Мәселен биыл округте 12 бас ірі қара, 27 бас жылқы, 1 бас қой қолды болса, өткен жылы да 12 бас ірі қара, 26 бас жылқы ұрланды.
Полиция қызметкері тергеу жұмыстарын жүргізу барысында жоғалған малдардың бағымсыз жүргенін анықтап отыр. Яғни кейбір тұрғындар малдарын өріске қараусыз, бақташысыз жіберіп, оны алдынан күтіп алмаған. Соның салдарынан малының нақты қай жерде, қай уақытта ұрланғанын анық білмейді. Содан өз бетінше іздеп, таппаған соң құқық қорғау органдарына кештетіп хабар жеткізген. Ұрлықтың дер кезінде хабарланбауынан қылмыстың ізі суып, малды табу қиындай түсетіні анық.
Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жөнінде жол картасы қабылданып, тиісті шаралар бекітілгені белгілі. Облыс маслихатының 27.03.2015 жалғы № 23-4 шешімімен бекітілген облыс елді мекендерде жануарларды асырау қағидасының 6-тармағына сәйкес барлық ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендуді қамтамасыз ету, ауыл шаруашылық жануарларын  қараусыз қалдырмау  ауыл шаруашылығы жануарларын асыраудың міндетті талаптары болып табылатыны туралы ескертулер ауыл тұрғындарына таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Соған сәйкес биыл 2100 бас ірі қара, 7300 бас ұсақ мал, 300 бас жылқы малы бірдейлендіріліп, ветеринариялық базаға енгізілді. Ірі қара малдарына құлақ сырғалары тегін салынғанымен, жылқы малын ұстап таңбалату тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүргізілді. Алайда осы күнге дейін кейбір ауыл тұрғындары жылқыларын таңбалатуға салғырттық танытып келеді. Бұл үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес жауапкеркершілік қаралғандығын айта кеткім келеді. Тұрғындар қолда бар малынан айырылып қалмау үшін ауыл әкімдігі тарапынан малдарды бақташыға қосу, бақташылармен  еңбек және материалдық  жауапкершілік шартын жасақтау, әр ауыл тұрғыны нөлдік төзімділік қағидасына сәйкес қырағылық таныту бағытында түсінік-насихат жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Енді бұл шаралар тұрғындар тарапынан нақты қолға алынса, мал ұрлығын болдырмауға септігін тигізері анық.

                                 Ерлан Макашев,
Бұлдырты ауылдық округінің әкімі.
Сырым ауданы.  


«Сырым елі» Сырым аудандық

қоғамдық-саяси газетінен

Мал ұрлығының алдын алу шаралары

«Мал-баққанға бітеді» деген ата-бабамыздың ұлағатты сөзі бар. Төрт түлік малдың қадір-қасиетін білетін ауылдық тұрғындарға оны бағып-өсіру де оңайға соқпасы анық. Себебі, оның жазғы-қысқы бағымы, азығы, суаруы, тұратын орнының жайлылығы барлығына мал иесі жауапкершілікпен қарауы керек.

Соңғы кездері мал ұрлығы фактісінің өсуі, ол малды күнделікті қарап-қадағалап, түгендемеу салдарынан да болып отыр. Жосалы ауылдық округі бойынша соңғы екі жылдағы мал басы санын салыстырмалы түрде алар болсақ  ірі қара малы 160 басқа, ұсақ мал 412 басқа, жылқы малы 54 басқа өскен. Ал мал ұрлығы 2014 жылы 7 іс тіркеліп екеуі ашылған, 2015 жылы 5 іс тіркеліп ашылмаған, 2016 жылдың он айы ішінде 7 іс тіркеліп, оның ішінде бір іс бойынша жоғалған екі бастың бір бас ірі қарасы табылған.

Осы оқиғалар бойынша ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің тергеу жұмыстарын жүргізу барысында анықталғаны: ауыл тұрғындарының малдарын уақытында қарап-қадағаламауы, ажыратып алатын ен-таңбаның салынбауы немесе салынған жағдайда құлағынан түсіп қалуы, ал жылқы малына таңбалау әдісі жасалмағаны, жылқы малын бағатын бақташының болмауы  септігін тигізген.  Орын алып отырған оқиғалар бойынша ауыл тұрғындарына, мал иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарға өткізілген халық жиындарында ветеринарлық шаралар, мал басын бірдейлендіру, жылқы малына таңба салу, бақташыға келісім шартпен қосу туралы айтылып отырды. Жекенің жазғы малын бағатын бақташылар қысқы мезгілде жылыту жүйесінің операторы болып маусымдық жұмыспен қамтылып отыр.  Ағымдағы жылдың қараша айында «ЖайықПлемСервис» ЖШС арқылы 54 бас жылқы малына азот әдісімен таңбалау жасалды. Мал ұрлығының алдын алу оны болдырмау жалғыз ішкі істер қызметкерлерінің жұмысы емес, мал иесі мен көпшіліктің ісі екенін, оны тек қоғам болып күрескенде ғана жақсы нәтижеге кол жеткізіп, жеңе алатынымыз анық. Ендеше мал ұрлығының алдын алу үшін төмендегідей ұсыныстар білдіргім келеді:

- алдымен мал жайылымын анықтап, рәсімдеп алу;

- бақташымен келісім шарт жасау;

- малды таңертең бақташының алдына қосып, кешкісін бақташыдан күтіп алу;

- ірі қара мен ұсақ малдарға бірдейлендіру бағытында таңбалау, жылқы малына азот әдісімен таңбалау;

- сатылған, сойылған малдарын ИСЖ базасынан шығартып, малының есебін мал иесі электронды түрде жүргізіп отыруға жауапты болу.

 

Ауыл әкімі                                                                   К.Габдешов


Мал ұрлығымен күрес күшейтіледі

Аудан әкімі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына аудан әкімі Абат Шыныбеков төрағалық етті. Жиынға аудан прокуроры Мейірхан Изимов қатысты.

Күн тәртібінде Сырым ауданы бойынша құқық қорғау және мемлекеттік органдармен «Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасын» іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарының және меншік құқығын қорғау және мүлік ұрлығымен күрес жөніндегі іс-шаралардың ведомствоаралық жоспардың орындалу барысы, жобаларын талқылау мәселесіне қатысты аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұханов хабарлама жасады.

Мал ұрлығы бойынша 65 факті тіркеліп, оның 15-і ғана ашылды.  Мал ұрлығының және жоғалуының орын алуының басты себептері тұрғындардың мал бағымына  салғырттық танытып, дұрыс бақпауы, өз беттерімен қараусыз далаға жіберуі, ауылдық округтерде малды бақташымен бағу ұйымдастырылмағандықтан болып отыр. Биылғы 3 тоқсанның қорытындысымен тіркелген 65 мал ұрлығының салдарынан аудан халқының 107 бас жылқысы, 77 бас ірі қарасы, 66 қойы, жалпы есепте 250 бас малы жоғалды. Мұның ішінде 53 факті бойынша  даладан жоғалған малдар саны  107 жылқы, 73 ірі қара, 66 бас қой. Мал ұрлығының 77,5 пайызы жайылыстан орын алып отыр. Ал, қорадан ұрланған малдардың ұрлығы 99 пайыз ашылды. 

Аудан прокуроры М.Изимов малды тек қана мал сою алаңдарына ғана сою қажеттігін айтты. «Егер мал үйде сойылса, онда мал иесіне айыппұл салынады. Мал бақташысымен де келісімшартқа отыру қажет. Мал далада бақташысыз, жайылымда жоғалды деген арыз түссе, қабылданбайды»,- деді прокурор. Әрбір учаскелік полиция инспекторына өз округі бойынша сойылған малға берілген анықтамаға мониторинг жүргізуді тапсырды. Бүгінде Сарой, Жетікөл ауылдық округтері мал ұрлығынан тыныш.

Аудан әкімі келесі жылдың қазынасынан ауылдық учаскелік инспекторлардың көлігін шешу мәселесін қарастыратынын айтты. Жұмыстан тыс уақытта, сенбі, жексенбі күндері малға анықтама берілмейтін болды. 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Сырым ауданының қоғамдық-саяси газеті

«Сырым елі»10 қараша 2016 жыл №46 (9857)


Мал бағуғада жауапкершілік қажет

Округте мал ұрлығы көбейді. Былтырғы жылы мал ұрлығына қатысты 4 дерек тіркелген болса, биылғы он айдың қорытындысы бойынша 7 дерек анықталып отыр.  

Қазір малдың нағыз қоң жинап, семіріп тұрған кезі. Соғым сою науқаны да басталды. Қожайындар мал жайыла тұрса екен дейді, бақташылар ертерек демалғысы келеді. Ал екі ортада құрығын сайлап барымташылар отыр...

Малы жоғалғандар құқық қорғау органдарына 3-4 күннен немесе ай өткеннен кейін хабарласады. Ал бұл уақытта барымташылар малды сойып, етін өткізіп үлгереді. Қылмыстың ізі суып кеткен соң ұрыларды табу оңайға түспейді.

Қазіргі таңда, шаруашылықтардың көпшілігінде жалдамалы бақташылар.

Аталған мал бақташыларымен еңбек келісім шарты және материалдық жауапкершілік шарты жасақталмаған.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру қажет.

«Малына сырға салып, таңбалауға көп жағдайда тұрғындардың өздері немқұрайды қарайды. Сондықтан құқық қорғау органдары өкілдері не сырғасы, не таңбасы жоқ малды табу өте қиын.

Мал ұрлығымен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Төрт түліктің, негізінен, жайылым­дарда жоғалып кететінін ескерсек, ауыл халқының малға күзетті күшейткені абзал. Мал бағуды жауапты, сенімді адамға тапсыру керек. Тұрғындардың өз малының қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарауын тоқтатпайынша, құқық қорғау органдарының қылмыскерлермен күресі оң нәтижесін бере қоюы екіталай.

Сондықтан мал ұрлығының алдын алу жолдары болса төмендегідей:

- Ауыл шаруашылығы жануарларын уақытылы және толық бірдейлендіру қажет;

- Мал бақташыларымен еңбек және материалдық жауапкершілік шартын жасасу қажет;

- Шаруа қожалықтары жылқы және ірі қара малдарына GPS-трекер орнату қажет.

Осы жағы қолға алынғанда мал ұрлығы да азая түсер еді.

Аралтөбе ауылдық округ әкімі

Ж.Мухамбетжанов

Сырым ауданының қоғамдық-саяси газеті

«Сырым елі»

31 қазан 2016 жыл №45 (9856)


Ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру маңызды шара

Аудан бойынша күні бүгінге 45220 бас ірі қара, 115540 бас ұсақ мал, 15348 бас жылқы, 73 бас түйе малы тіркелген. Ауыл шаруашылық малдары арасында жұқпалы ауруларды дер кезінде анықтап, оның таралуына жол бермеу малдәрігерлік саланың міндеті болса, мал иелерінің міндеті осы мәселеге қатысты тиісті заң талаптарын бұлжытпай орындау болып табылады.  Ол дегеніміз басқа аумақтың малдарымен қарым қатынас болдырмау, рұқсат құжатсыз мал әкелмеу, сырттан әкелінген малдары жөнінде мал иелері малдәрігерлік қызметіне уақытылы хабардар етіп, тиісті құжаттары қаралып, жұқпалы ауруларға қарсы егілгені тексеріліп, бруцеллез ауруына зерттеліп, ауру сауын анықтағаннан кейін ғана жалпы табынға қосылуы керек. Сонымен қатар ҚР «Ветеринария туралы» заңының 25 бабының 7-12 тармақтарына сәйкес заңды және жеке тұлғалар ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз жануарларына уақтылы вакцина егуге және олардың диагностикасын қамтамасыз етуге және ветеринария саласындағы мамандардың ветеринариялық іс шаралар өткізу бойынша қызметтік міндеттерін орындау кезінде оларға жәрдем көрсетуге міндетті.

Аудан бойынша 2016 жылға ауыл шаруашылық малдарын бірдейлендіру(сырға, таңбалау) жоспары ірі қара - 25500 бас, ұсақ мал - 59900 бас, жылқы - 2300 бас. Жоспарлы құлақ сырғаларының тапсырысы уақтылы орындалмауына байланысты ірі қара, ұсақ малдарды бірдейлендіру(сырға) жұмыстары әлі жүргізілуде. Жылқы таңбалауға келетін болсақ бұл жұмыс аудан көлемінде тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Бұның себебі мал иелерінің бұл мәселеге немқұрайлы қарап көңіл бөлмеуінде. Қазіргі уақытта аудан көлемінде мал ұрлығы фактілері жиі кездесуде, ұрлықтың алдын алу үшін немесе жоғалған малды іздестіріп ұрлықты ашу үшін әсіресе жылқы малдарын таңбалаудың маңызы өте зор.  Бірдейлендіруден өткен мал басы компьютерлік дерек қор базасына енгізіліп есепке алынуы тиіс, есепке алынбаған малдарға сату, сою кезінде мал дәрігерлік құжаттар берілмейді және тиісті ветеринариялық - профилактикалық шаралар жүргізілмейді. Егер мал жоғалған, ұрланған жағдайда құқық қорғау органдарымен есепте жоқ мал іздеуге жатпайды. Осы айтылғандарды ескерте отырып мал иелерінің малдарын бірдейлендіруге (сырға, таңбалау) жауапкершілікпен қараулары сұралады. Малдарын бірдейлендіруден өткізу мал иелеріне  ҚР «Ветеринария туралы» заңының 25 бабының 5 тармағына сәйкес міндеттеледі.

Аудан бойынша 8 ауылдық округте (Бұлдырты, Аралтөбе, Бұлан, Шолақаңқаты, Жетікөл, Жосалы, Талдыбұлақ, Жымпиты)  ауылдық округте мал сою алаңы іске қосылғанымен, соның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 5 ауылдық округте (Бұлдырты, Аралтөбе, Жетікөл, Талдыбұлақ, Жымпиты). Елтай, Сарой, Алғабас, Қособа ауылдық округтерінде мал сою алаңы жоқ. Ветеринариялық талаптар бойынша етке өткізілетін немесе кейіннен пайдаланылатын мал арнайы орындарда сойылып, яғни мал сою пункттерінде немесе мал сою алаңдарында жүзеге асырылады, ал бұл талаптар орыдалмаған жағдайда ет және ет өнімдерін сатуға немесе өткізуге қатаң тыйым салынып, ветеринария құжаттары берілмейді.

Ш.К.Райсов Сырым

аудандық ветеринария

бөлімінің басшысы

Сырым ауданының қоғамдық-саяси газеті

«Сырым елі» 27 қазан 2016 жыл №44 (9855)