Бұлдырты ауылдық округі ауданымыздағы іргелі округтердің бірі. Округімізде қазіргі уақытта 3020 тұрғын өмір сүруде. 2017 жылға округ бойынша 1 522 452 теңге салық жинау жоспарланған болса, мүлік, жер салығы 100 пайызға орындалды, көлік салығының жоспары 83 пайызға орындалып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласында округте тіркелген шаруашылықтардың ішінде мал басын көбейту, асылдандыру бағытында 27 шаруа қожалығы және 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі айналысуда. Округтегі ірі қара малдың тұқымын асылдандыру мақсатында 2017 жылы шаруа қожалықтары мен кооперативтер 73 бас асыл тұқымды аталық мал сатып алды. Ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту бойынша 2017 жылы МТЗ 82-маркалы 1 трактор әкелінді. Жалпы округке соңғы үш жылда МТЗ маркалы жаңа 12 трактор, 2-пресс, 3-кун, 2-косилка, 1-камаз сатып алынды.

«Береке» бағдарламасы аясында өткен жылы 9 адам 20,6 млн теңге несие алып, оған 111 бас бұқашық сатып алды. Қазіргі таңда малдар бордақылауға қойылды.

Округте 6531 бас ірі қара, 9040 бас қой мен ешкі, 2149 жылқы, 4 түйе және 2180 құс тіркелген. 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал саны ірі қара 619 басқа, жылқы 369 басқа өсті.

Округ бойынша 7155 бас ірі қара малдан қан алынып, олардың 150 інен- бруцеллез ауруы анықталып, олар заңға сәйкес толық жойылды. Ұсақ малға келсек, 15 277 бастан қан алынып, 31 бастан бруцеллез ауруы анықталып, олар да толық жойылды.

2017 жылы 2070 бас ірі қара малды сырғалау жоспарланған болса ол 2552 бас болып, 123 пайызға орындалды. Ұсақ малды сырғалау жоспары 8100 бас болса, 8730 бас сырғаланып, 108 пайызға орындалды. 490 бас жылқы таңбаланып, 136 пайызға орындалды. Қысқы маусымға 23 546 тонна мал азығы дайындалды.

Шағын кәсіпкерлік саласындағы тіркелген субъектілер саны 43, оларда барлығы 56 адам жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда 9 сауда нүктелері тұрғындарды азық-түлік және киім кешекпен қамтуда жұмыс жасаса, 2 тойхана тұрақты түрде қызмет көрсетуде.

Әлеуметтік салада тұрғындарды әлеуметтік қолдау мәселесі де басты назарда. Округтегі ауыл шаруашылық құрылымдарымен кездесе отырып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мәселесінде және жаңадан жұмыс орындарын ашу бағытында әдістемелік көмектер көрсетілуде. 2017 жылы 13 адам әлеуметтік жұмыспен қамтылып, ақылы қоғамдық жұмысқа 2017 жылы 161 адам тартылса, тұрақты жұмысқа 10 адам қабылданды. Мемлекеттік балалар жәрдемақысы 105 отбасындағы 276 балаға 6 млн 393 600 теңге төленді

Қайырымдылық айлығы кезінде округтегі 8 отбасыға 180 000 теңгеге мал азығы, 1 жанұяға 10 500 теңгеге азық-түлік, 1 жанұяға 10 000 теңгеге балалар киімі тегін берілді. Бұлдырты ауылындағы тұрмысы төмен бір жанұяға жартысын газ өткізуші мердігер мекеме, келесі жартысын аудан орталығындағы мекемелердің көмегімен барлығы 340 000 теңгеге тұрғын үйіне газ кіргізіп берілсе, І топ мүгедегіне газ өткізуші мердігер мекеме тарапынан 50 пайыз жеңілдікпен тұрғын үйіне газ өткізіліп берілді.

Өрлеу бағдарламасына округ бойынша 2017 жылы 12 отбасы қатысып, 2 млн 361 426 теңгеге 15 бас ірі қара мал, 23 бас қой-ешкі сатып алды.

Білім беру саласында округте жалпы білім беретін 1 орта, 1 негізгі мектеп жұмыс жасайды. ЖББ Бұлдырты ОМ 2016 – 2017 оқу жылдары 413, 2017-2018 оқу жылдары 376 оқушы білім алып, оларға 59 мұғалім мен педагог мамандар білім беруде. Жас жеткіншектерді мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету бағытында Бұлдырты ауылындағы «Айналайын» балабақшасында 50 бүлдіршін тәрбиеленсе, 50 бүлдіршін шағын орталықта және Көгеріс негізгі мектебі жанынан ашылған шағын орталықта 26 бүлдіршін тәрбиеленуде.

2017-2018 оқу жылында ЖББ Бұлдырты орта мектебінде 376 оқушының тегін ыстық тамақпен қамтылғаны 231 (61,4%), Көгеріс негізгі мектебінде 2016-2017 оқу жылдары 41 оқушы білім алған болса, 2017-2018 оқу жылдары 43 оқушы білім алуда. солардың тегін ыстық тамақпен қамтылғаны 34 (79 %) оқушыны құрайды (2016 жылы 32 болды). ҰБТ-ге 2016 жылы 31 оқушы қатысып, орташа балл 71 балл құраса 2017 жылы 46 мектеп бітіруші түлек қатысып, көрсеткіш 78 баллды құрады. «Мектепке жол» акциясы аясында 2016 жылы 32 отбасыға 132 000 теңгенің оқу құралдары берілген болса 2017 жылы 34 отбасындағы 35 балаға 128 500 теңгеге мектеп сумкалары және оқу құралдары алынып берілді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Бұлдырты ЖББ ОМ барлығы 13 бейнекамера қойылған. 2017 жылы мектеп жанындағы интернатта округтің шалғай елді мекендеріндегі 14 оқушы тәрбиеленуде.

2017 жылы Бұлдырты орта мектебі жанындағы «Балдәурен» лагерінде ауылдың оқушыларынан 5 кезенде 264 бала қамтылса, аудандық «Достық» демалыс лагерінде 49 оқушы демалды.

Денсаулық сақтау саласында 1 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 2 медициналық пункт жұмыс жасайды. Ауылдық округте тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында 2017 жылы 1112 адам скринингтен өтсе, профилактикалық тексеруден 2017 жылы 980 адам өтті, флюорографиялық тексерістен 2017 жылы 1293 адам өтіп, жоспар толығымен орындалды. Дәрігерлік амбулатория УАЗ автокөлігімен қамтамасыз етілген. 2017 жылы 48 бала дүниеге келсе, 9 адам қайтыс болған.

Мәдениет және спорт саласында 1 мәдениет үйі, 1 ауылдық кітапхана және 1 модельдік кітапхана жұмыс жасауда. Кітап қоры 17 339 дана, оқырмандар саны 1635 адамды құрап отыр. 50 көпшілік шара өткізіліп, оған 843 адам қатысты.

2017 жылғы өткізілген 37 мәдени шараға 600 адам қатысты. Көгеріс ауылында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылдық клуб ғимаратының құрылысы басталды, үстіміздегі жылы аяқтау жоспарымызда бар.

2017 жылы мекеме қызметкерлері арасында спорт түрлерінен 14 шара өткізіліп, оған 461 адам қатысты.

Елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан бойынша жарияланған санитарлық айлық аясында ауылдық округте ауыл тұрғындарының, ауылдық мекеме қызметкерлерінің қатысуларымен өткізілген сенбіліктер кезінде 1100 тонна күл қоқыстар арнайы белгіленген орынға шығарылды.

. Өткен жылы бөлінген 430 мың теңгеге Көгеріс елді мекенінен күл-қоқыс шығарылып, ауыл жанындағы бөгетке қосымша төгілді және Бұлдырты ауылының айналасында ауыл тұрғындарының жауапсыздығынан ретсіз төгілген қоқыстар жинақталып, полигонға тасылды. 2017 жылы округтегі 10 дана көше жарықшамдары электроүнемдеуіш шамдарға ауыстырылса, жаңадан 49 шам орнатылды, Қазіргі уақытта округ бойынша барлығы 104 көше шамы ауыл көшелерін жарықтандыруда.

Округтің Бұлдырты, Көгеріс және Қарақұдық елді мекендеріне көгілдір отын тартылып, жалпы 215 тұрғын үй және бұның сыртында әлеуметтік нысандар көгілдір отынға қосылды.

Округ бойынша тұрғын үйге мұқтаждар есебіне 4 санаты бойынша барлығы 16 адам кезекте тұруына орай, осы мәселені шешу мақсатында Бұлдырты ауылынан 20 тұрғын үйдің орнына инженерлік-комминкациялық жүйелерді жайластыру жұмыстарына 20,7 млн теңге бөлініп, толығымен жұмыстар аяқталды. Сол 20 үйдің орнына мемлекет тарапынан биылғы жылы 10 арендалық тұрғын үй салынып, жаңа жыл қарсаңында тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Ал, қалған 10 үйдің орнына жеке тұрғын үй салуға тілек білдірген азаматтардың құжаттары жинақталды. Осы участоктерде тұрғын үй құрылыс бастау үшін рәсімдеу жұмыстары аяқталу қарсаңында.

Биылғы жылы Елбасымыздың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласына сәйкес «Туған жерге туыңды тік» деген халқымыздың даналық сөзі негізінде Елбасымыз «Туған жер бағдарламасын» жариялады.

Бағдарлама аясында 2017 жылдың мамыр айында облысымыздың әр саласында қызмет етіп жүрген ауыл түлектері және округтегі шаруашылық басшылары бас қосып, көптен ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген мәселе – ауыл мешітіне мұнара орнату мәселесін ақылдасып, қаржылай көмек беріп, нәтижесінде ауылымыздың мешітіне 700 000 теңгеге мұнара тұрғызылды 2017 жылы округімізге газ өткізуші мердігер мекеме мешітке газды тегін өткізіп беріп, сауапты іс жасады. Мешітіміздің іші жылы, құлшылық етуге толық жағдай жасалған.

Маусым айында ауылымыздың түлегі, кәсіпкер азамат Сүлейменов Берік Кенжебекұлы орталық саябаққа өз қаражатына 2 млн теңгенің балалар алаңын орнатып берді. Жаз айларында алаңға балалар көптеп жиналып, алаң іші балалар күлкісіне толды. Балаларымен, немерелерімен бірге ауылымыздың ересек азаматтары да саябаққа келіп, демалыс орнына айналдыра бастады. Осы кәсіпкер ауылдың балабқшасына 55 000 теңгенің аквариумын сыйға тартты. 1992 жылы мектепті бітірген түлектер /1975 ж.т/ мектепке 60 000 теңгенің дыбыс күшейткіш аппаратурасын алып берсе, 2002 жылғы мектеп түлектері 55 000 теңгеге мектепке үстел теннисін алып берді.

2017 жылдың 30 маусымы күні «Туған жер бағдарламасы» аясында Бұлдырты ауылында «Жерлестер форумы» өткізіліп, оған облысымыздың әр саласында қызмет етіп жүрген Бұлдырты ауылының түлектері мен округтегі шаруашылық басшылары бас қосып, округімізде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды талқылап, болашақта бұл мәселелер жөнінде тағы да бос қосатын болып тарасты.

Бұлдырты ауылдық округінің әкімі                   Е. Макашев