АҚМАМБЕТОВ Ғалихан Ғалымғалиұлы (31.01.1935 жылы туған, бұрынғы Жымпиты ауданы) - ғалым, философия ғылымдарының докторы (1985), профессор (1990). ҚазМУ-ді бітірген (1956). 1956-1961 жылы орта мектепте мұғалім, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, Орал педагогикалық институтында оқытушы болды. 1961-1963 жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқыды. 1963-1971 жылдары Қазақстан ҒА Философиялық және құқық институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1971-1976 жылдары ҚазМУ-де кафедра меңгерушісі. 1976-1995 жылдары Қазақстан ҒА-ның Философиялық және құқық институтында аға ғылыми қызметкер, сектор және бөлім меңгерушісі. Прага (1986) Сорбонна (1975) университеттерінде философиядан дәріс оқыған. Негізгі ғылыми еңбектері жеке тұлға мәслесі мен этика теориясын зерттеуге арналған. 80-астам ғылыми еңбектерінің авторы.Олардың кейбірі чех, неміс, орыс тілдерінде жарық көрген. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

рисунок

АХМЕТОВ Ким Ғұсманұлы (13.10.1930 жылы туған, Сырым ауданы, Жымпиты ауылы) - ғалым, ауыл шаруашылығының ғылым кандидаты (1969), професор (1989). 1953 жылы Мәскеудегі К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясын бітірген. 1953-1955 жылдары Орал ауыл шаруашылық мектебінде оқытушы, директордың орынбасары.

1955-1967 жылдары Орал облысындағы ұжымшар төрағасы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, Жәнібек аудандық партия комитетінің І-і хатшысы, облыстық ауыл шаруашылығының басқармасы бастығының І-і орынбасары.

1967 жылдан Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтының доценті, кафедра меңгерушісі, проректоры. Негізгі ғылыми еңбектері ауыл шаруашылығының кәсіпорындарының экономикасы мен өнірісін ұйымдастыруға арналған. 78 ғылыми әдістемелік еңбегі жарық көрген. 2 рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Сырым ауданынынң «Құрметті азаматы».

 

рисунок

ӘЖІҒҰЛОВ Мұхтар - 1922 жылы 1 мамырда Атырау облысының Азғыр ауылында дүниеге келген. 1941 жылы Азғыр орта мектебін бітіріп, сол мектепте физика-математика пәндерінен сабақ берген. Ұлы Отан соғысына 1942 жылы аттанып, 1945 жылдың қараша айына дейін майданға қатысқан. Бейбіт еңбекке оралғаннан кейін Орал облысының Орда ауданында мұғалім, мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып жасаған. 1952 жылдан Қаратөбе ауданында 1954 жылдан 1972 жылға дейін Жымпиты ауданында аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, хатшысы, аудандық партия комитетінің ІІ-і секретары, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары және төрағасы болып жасаған. Сөйтіп, ауданның экономикасын, әлеуметтік және мәдени дәрежесін көтеруге елеулі үлес қосты.

         М.Әжіғұловтың еңбегін Отанымыз жоғары бағалап,  «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Еңбек Қызыл ту», екі «Құрмет Белгісі» ордендерімен, 12 медальмен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

 

рисунок

ҒАБДУЛЛИН Хамит Аяпқалиұлы - 1928 жылы, 21 қаңтарда Жымпиты ауданы Көздіқара жерінде дүниеге келген.

Ол Жымпиты орта мектебін алтын медальмен 1946 жылы бітіргеннен кейін Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтын 1952 жылы ойдағыдай аяқтады.

Х.А.Ғабдуллин соғыстан кейін жоғары білім алған алғашқы инженер-мұнайшы қазақтардың бірі болды. Еңбек жолын Мақат мұнай кәсіпшілігінде мастер қызметінен бастаған. Хамит Аяпқалиұлы барлық лауазым сатыларынан өтіп, «Ембімұнай» өндірістік бірлестігі бас директорының орынбасарлығына дейін көтеріледі, ол осы қызметте он жыл жұмыс жасады. Ол өзінің таңдаған, сүйікті мамандығы мұнайшы қызметіне 44 жылғы өмірін арнады. Барлық жерде ол өзін талантты ұйымдастырушы, білікті маман, талапшыл да қамқор басшы ретінде көрсете білді. Еңбектегі табыстары үшін бірнеше медальдармен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Мұнай өнеркәсібі үздігі және КСРО-ның «Құрметті мұнайшысы» атақтарына ие болды. 1959 жылы Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

 

рисунок

ДАУМОВ Ерғали - 1911 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданының Шідерті мал бордақылау бірлестігі жерінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1928 жылы «Шідерті» колхозында есепші болып бастаған. 1937 жылы Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп, осы облыстың Жымпиты ауданында жер бөлімінде, Фурманов ауданының «Красный партизан» совхозында бас зоотехник болып жасаған. 1938-1939 жылдары Қызыл Армия қатарында Хасан көліндегі Жапон соғысына қатысқан. Елге аман оралған Ерғали Ағамыз Жымпиты аудандық әскери комиссариятында военком орынбасары болып қызмет жасаған. Ұлы Отан соғысы басталғасын өз тілегі бойынша майданға аттанып, Сталинград, Курск доғасындағы шайқастарда взвод командирі есебінде ерекше ерліктерімен көзге түскен, сол үшін Бас командованиеден арнайы алғыс жарияланған.  Майданда болған төрт жылдың ішінде талай ерліктің үлгісін көрсеткен. Соғыс жылдарында екі рет «Қызыл жұлдыз», «Қызыл ту»,  екі рет «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі» ордендерімен марапатталған. Соғыстан кейін Ерғали Даумұлы Батыс Қазақстан облысының  ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы, Орал ауыл шаруашылық  мектебінің  директоры, ал 1953 жылдан Алматы зоовет институтының аға оқытушысы болып жасағын,  Ерғали Даумұлы Жамбыл облысының  Мерке ауданындағы Сталин атындағы (кейіннен «Қазақстан») колхозына басқарма бастығы болып барып, шаруашылықтың экономикасын көтеруде және колхозшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда облыста І орынға шығарудағы ерекше еңбегі үшін ССР Жоғары Советі Президиумының 1957 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен «Социолистік Еңбек Ері» атағына ие болды. Сырым ауданының «Құрметті азаматы». Ол 1997 жылдың 1 қазанында дүние салды. 

рисунок

ЖОНЫСОВА Сапура Сейітқалиқызы - 1904 жылы Қособа ауылдында туған. Жастайынан еңбекке араласқан. С.Жонысова 1979 жылы қарашада сабан айдап, сиыр баққан, сауыншы болған. Өз ісіне ұқыпты, жігерлі, жолдастары арасында беделді болған. Сапура Сейітқалиқызы еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін Қазақ ССР-нің 15 жылдығына байланысты мерекеде «Ауыл шаруашылығының озаты» белгісімен марапатталған, 1936 жылы тұңғыш сайланған Қазақ ССР Жоғары Кеңесіне Жымпиты сайлау округі бойынша депутаты. Қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы еңбек озаты, республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты Сапура Сейітқалиқызының ұйымдастырушылық қабілетіне қарай оқуға жіберіп,  білімін көтергеннен кейін уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып, соңынан бірқатар ауылдық кеңестердің төрайымы болып қызмет атқарды. Зейнеткерлікке 1966 жылы шықты. Сырым ауданының «Құрметті азаматшасы». 1966 жылдың 9 желтоқсанында дүние салды.

рисунок

ҚАНАЛИЕВ Молдаш Қаналыұлы - 1924 жылы 15 қарашада Жосалы ауылында дүниеге келген. Бұлдырты орта мектебінде оқыған. Ұлы Отан соғысына 1942 жылы алынып, 1946 жылы елге оралған. Үш рет жарақат алған. Соғыстағы көрсеткен ерліктері үшін ІІ, ІІІ дәрежелі Отан соғысы, Даңқ (ІІІ дәрежелі) ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. 1946-1953 жылдары сауда, финанс, Кеңеңс қызметтерінде, 1953-1979 жылдары Калинин атындағы, Ақырап, «Қызыл ту» колхоздары басқармасының төрағасы болып жемісті еңбек етті. Еңбек майданындағы қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, «Ленин», «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл  ту» ордендерімен марапатталды. СОКП ХХІІІ съезінің, Бүкілодақтық колхозшыларының ІІІ съезінің делегаты, Қазақ ССР-нің Жоғарғы Советінің депутаты болды. Молдаш Қаналыұлы 1979 жылдан пенсияға шыққанша аудандық ауыл шаруашылық өнімдері сапасы жөніндегі бас инспекторы болды. 1984 жылы Республикалық дәрежедегі дербес зейнекерлікке шықты. Сырым ауданының «Құрметті азаматы». 1994 жылы 21 наурызда дүние салды.

рисунок

МЫРЗАЛИЕВ Қадыр Ғинаятұлы, Қадыр Мырза Әли (05.01.1935 жылы туған, Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданы, Жымпиты ауылы) - ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1980), Қазақстанның халық жазушысы (1996). ҚазМУ-нің филологиялық факультетін (1958), аспирантурасын бітірген, «Балдырған» журналында (1958-1962) әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында (1962-1965) бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі. Мырзалиевтің алғашқы өлеңі 1954 жылы «Пионер» журналына жарияланған. Тұңғыш өлеңдер жинағы - «Көктем» (1959). Содан бергі уақыт ішінде оның елуден астам поэзия, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқушыларына енді. Олар: «Жаңғалақтар» (1960), «Данышпан» (1961), «Кішкене Қожанасыр» (1961), «Ноян қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Ой орманы» (1965), «Бұлбұл бағы» (1967), «Ақ отау» (1968), «Домбыра» (1-кітабы 1971, 2-кітабы 1972), «Жерұйық» (1976), «Алақан» (1981), «Сөз сиқыры» (1982), «Қызыл кітап» (1983), «Күміс қоңырау» (1970, 1985), «Шығармалары» (1-3 кітап, 1989), «Колчан» (1990), «Қылыш пен қанжар» (1991), «Мәңгі майдан» (1993), «Биік баспалдақ» (1993), «Үкілі үзінділер» (1996). Оның әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны 200-ден астам. Олардың көбі халыққа кең таралып, «Үндер-ай» (1984) атты жеке кітап ретінде басылып шықты. Талантты ақын қаламының халық фольклорының атақты күлдіргі кейіпкерлері Алдар Көсе туралы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты сатирикалық комедия мен Махамбеттің ең соңғы азапты күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты драмалық шығармалар да туды. Қ.Мырзалиевтің көптеген өлеңдері қазақ бастауыш сыныптарының «Ана тілі» оқулықтарына енген. Ол - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын жазуға қатысқан ақындардың бірі. Мырзалиев көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп, әлемдік әдебиет өкілдерінің шығармаларын қазақшалады. Жекелеген және топтама өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгр, фин тілдеріне аударылды. 1996 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық жазушысы» атағы берілді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1985). Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

рисунок

ЖҰРМАҒАМБЕТОВА Жаңыл-1925 жылы 7 сәуірде Бұлан ауылы кеңесінің Қосағал деген жерінде дүниеге келген. Облыс аймағында өткен ақындар айтысының әлденеше жүлдегері атанған ақын. Ол өлең жазумен жастай шұғылданған.16 жасынан  еңбекке араласып, тракторшы болған. Қуан Тастайбековтың ұйымдастыруымен өткізілген айтысқа алғаш рет қатысып,ақындық жолын бастаған.1958 жылы облыстық ақындар айтысы өткізіліп, осы айтыста қаратөбелік Хамит Әбіловпен айтысып, екінші жүлдені иеленсе, ал одан бір жыл өткен соң өткізілген облыстық айтыста бірінші орынды жеңіп алды. 1972 жылы өткізілген айтыста олбыс аймағына белгілі Құбайыс Қаратаевпен айтысқа түсті. 1985 жылы Алматыда өткен республикалық ақындар айтысында Жаңыл апайымыз Орал облысының намысын қорғады. Мұхит Мерәліұлының туғанына 140 және 150 жыл толуына арнаған мерейтойлардағы ақындар айтысын ашты. Зейнеткерлік жасқа дейін сауда саласында еңбек еткен ақын Жаңыл Жұрмағамбетова жас ақындарды үлкен өнерге баулып, бірнеше шәкірттер даярлады. Сырым ауданының «Құрметті азаматшасы».

 

рисунок

КӘРІМОВ Мұрат Әбілқайырұлы 1931 жылы 18 сәуірде Сырым ауданы, Жымпиты ауылында дүниеге келген. Алматы медициналық институтын бітірген (1954). Ғалым-онколог, медицина ғылымдарының докторы (1972), профессор (1973), 1957-1960 жылдары патологиялық-физиология кафедрасының асистенті. 1960 жылдан қазақ онкологиялық және радиологиялық ғылыми-зерттеу институтында эксперименттік онкологиялық лабораториясының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі (1985), директордың ғылыми-клиникалық жұмыстар жөніндегі орынбасары (1983-1984). Негізгі ғылыми еңбектері токсикология және онкология мәселелеріне (мұнай өнімдерінің, түсті металлургия қалдықтарының, қою шай мен ысталған ет уытының ісік пайда болуына әсері) арналған. Екі авторлық куәлік алған, 90-ға жуық ғылыми еңбегі жарық көрген. Әсіресе, «Организмдегі уренималық қан алмастыру әдістермен емдеу», «Мұнай және мұнай өнімдерінің қатерлі ісіктерге шалдықтыру себептері» деген еңбектерінің маңызы зор.

 

рисунок

МУСИН Чапай Ғабдығалиұлы 1935 жылы 20 ақпанда Жымпиты ауданы Қоңыр ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-де оқыған (1956). Ғалым, тарих ғылымдарының докторы (1984), профессор (1984). 1956-1959 жылы Жамбыл облысының Фурманов селосындағы орта мектептің мұғалімі, 1959-1963 жылдары Жамбыл облысында комсомол жұмысында, 1963-1966 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының аға оқытушысы, 1969-1975 жылдары Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, 1975-1982 жылдары Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтының доценті, 1982-1986 жылдары Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтының, 1986 жылдан Қазақ ауыл шаруашылық институтының кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.

 

рисунок

МЕҢДІҒАЗИЕВ Төлеуғали 1916 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданы, Қособа ауыл Советі «Каганович» колхозында дүниеге келген. Соғыс және еңбек ардагері.

1939 жылдары әскер қатарына шақырылып, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, ІІ топтағы соғыс мүгедегі болып оралды. Туған ауылы «Каганович» колхозына келеген соң, экономикасы құлдыраған, ауыл шаруашылығын көтеруге үлес қосып колхозда есепші (счетовод) болып қызмет атқарды.

1948-1949 жылдары (қазіргі Жетікөл) «Правда» колхозында бастық, 1950 жылы аудандық ауыл шаруашылық бөлімінде есепші-бухгалтер болды. 1951-1959 жылдары «Қызыл ту» колхозында басқарма болды. 1959 жылы «Интернационал» колхозында басқарма, 1961 жылы Интернационал колхозы Қособаға қосылып, Қособа совхозы құрылғанда директордың орынбасары болып істеді.

1962 жылы Абай атындағы совхоздың №1-ші «Жетікөл» бөлімшесінде ферма меңгерушісі болып барып, 1970-ші жылдарға дейін бөлімше басқарды. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

 

рисунок

МАХМЕТОВ Ғаділше Махметұлы - 1930 жылы 23 ақпан күні Тайпақ ауданының Қызылжар ауылдық Советінде дүниеге келген. Ғаділше Махметұлы Бұлдырты орта мектебін 1947 жылы, Қазақтың Мемлекеттік медицина институтын 1954 жылы емдеуші дірігер мамандығы бойынша бітірген. Сол уақыттан бастап Жымпиты аудандық ауруханасында хирург болып істеді. Асқан зор адамгершілік қасиетімен қоса шипалы қол, білгір хирург Ғаділше аудан халқының лайықты құрметіне бөленген жан. Ғаділше Махметұлының ұзақ жылғы дәрігерлік еңбегі 1961 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен, 1978 жылы «СССР денсаулық сақтау үздігі» белгісімен марапатталды. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

 

рисунок

ҚУАТОВА Ақзия 1933 жылы 1 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданында туған С.М.Киров атындағы орта мектепті 1951 жылы бітіріп, сол жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жағырапия факультетіне оқуға түсіп, 1955 жылы «География пәнінің мұғалімі» деген жоғары білімді мамандық алған.

1955-1956 жылдары Қазталов орта мектебінде ұстаздық қызметін бастады. 1956-1957 оқу жылдары «Қарашығанақ» орта мектебінде география пәнінен сабақ береді. Ол мектептің жабылуына байланысты 1957 жылы «Аралтөбе»орта мектебінде мұғалім болып келеді. Содан  1987 жылға дейін құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін, 30жыл бойы бір мектепте ұстаздық қызмет атқарды. 1988 жылы еңбек демалысына шықты. Ұзақ жылғы педагогикалық жемісті қызметі үшін облыстық, аудандық оқу бөлімдерінің бірнеше рет Құрмет грамотоларымен марапатталды. Бірнеше мерекелік медельдармен мадақталды.

1971 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1976 жылы «Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы берілді. 1978 жылы Қазақстан Республикасы Оқу Министрлігінің бұйрығы бойынша «Аға мұғалім» атағы берілді. 1978 жылы «Ленин» орденімен марапатталды. Сырым ауданынының «Құрметті азаматшасы».

ҚҰРМАНОВ Атабай 1929 жылы 3 қаңтарда Шолақ Аңқаты ауылдық Советінде дүниеге келген. 1942 жылы бастауыш мектепті бітіріп, соғыс жағдайына байланысты еңбекке араласып кеткен. Әуелі жұмысшы, кейіннен ірі қара малы, жылқы, қой баққан. 1968 жылдан аға малшы болып, зейнеткерлікке шыққанша табысты еңбек еткен. Мал басын өсірудегі еңбегі жоғары бағаланып, 1976 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесінде 1985 жылы алтын медальмен марапатталған. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

 

рисунок

НИЯЗОВ Сабай (Сабырбай) 1924 жылы Тайпақ ауданының «Сармантөбе» ауылында дүниеге келді. 1937 жылы Орал қаласындағы зоотехникалық мал дәрігерлік техникумына оқуға түседі.

Оқуын аяқтай алмастан соғысқа кетіп, бастан-аяқ қатысады. I Белоруссия майданы 109 танк бригадасының радиостанция бастығы болып соғысты аяқтап, 1945 жылы жеңіспен елге, өзі туған жеріне оралып, зоотехник болып жұмысқа орналасады. 1957 жылға дейін іріленген Жамбыл атындағы колхоз басқармасының төрағасы болды. 1957-1958 жылдары «Краснояр» қой совхозының бас зоотехнигі болып жүріп Саратов зооветеринарлық институтында сырттай оқып, оны үздік бітіреді.

1958 жылы Сабай Ниязов Тайпақ аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1963-1978 жылы аралығында Жымпиты аудандық партия комитетінің I хатшысы, ал 1978-1984 жылдары Қазталов ауданының аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Қандай да болмасын тапсырылған істерді адал атқарып, ел құрметіне бөленді. Ел игілігіне аянбай еңбек етті. Ауданның экономикасын көтеруде қомақты үлес қосты.

Сабай Ниязов бейбіт күндердегі еңбегі үшін «Ленин», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі», ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Ұлы Отан соғысы кездерінде көрсеткен ерліктері үшін «Ерлігі үшін» медалымен наградталды.

1990 жылы Сырым ауданының 70 жылдығына орай Сырым ауданының  «Құрметті азаматы» атағы берілді. 2000 жылы дүние салды.

НҰРҒАЛИЕВ Қуанышкерей Нұрғалиұлы Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері, «Жетікөл» совхозының аға шопаны. Қуанышкерей Нұрғалиұлы 1930 жылы осы еңбек еткен жерінде дүниеге келген. Әкесі Қолғанатов Нұрғали колхозда шопан болған, «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған адам. Қуанышкерей Нұрғалиұлы соғыс жылдарында бастауыш мектепті бітіргеннен кейін, әкесіне көмекші болып еңбекке ерте араласып кеткен. Совет Армиясы қатарында борышын өтеп келгеннен кейін әке таяғын ұстап, зейнеткерлікке шыққанша аға шопан болып жасады. Осы жылдардың ішінде мал басын аман сақтап, төл алудан бірнеше дүркін аудан, облыс чемпионы болды. Қуанышкерей Нұрғалиұлының ерекше еңбегі үшін екі рет «Еңбек Қызыл ту» орденімен, Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесі медальдарымен және мақтау грамоталарымен марапатталған. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

 

рисунок

НЫҒМЕТОВА Дәмеш Қазақ СССР-іне еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері, еңбек ардагері. Дәмеш Нығыметқызы 1936 жылы Сарой ауыл Советінде дүниеге келген. Бастауыш мектеп бітіргеннен кейін еңбекке араласып, көмекші, аға шопан болып жасаған. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін Дәмеш Нығыметқызы «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің медальдарымен және мақтау грамоталарымен марапатталған. Сырым ауданының «Құрметті азаматшасы».

 

рисунок

НАУРЫЗҒАЛИЕВ Әділхан - Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, еңбек ардагері.

Әділхан Наурызғалиев 1930 жылы наурыз айында,Тоғанас ауылында туған. Әкесі Наурызғали жылқы зауытында жұмысшы болған, 1947 жылы қайтыс болды, анасы 1984 жылы дүние салған. Әділхан Наурызғалиев соғыс жылдарында елдегі ауыр жағдайға байланысты бастауыш мектепті бітірген соң ақ еңбекке араласып кеткен. 1943 жылы 117 жылқы заводында жылқышы ,1948 жылдан «Алғабас» МТС -ында, кейіннен «Қызыл ту» колхозында механизатор-комбайнер, 1996 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін трактор-егіс бригадасының бригадирі болып жасаған. Әділхан Наурызғалиұлының адал да жемісті еңбегі жоғары бағаланды. 1957 жылы «Ленин» орденімен, 1980 жылы «Октябрь революциясы» орденімен, 1984 жылы «Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атағымен марапатталған. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

рисунок

РИФФЕЛЬ Эдуард Карлович - 1928 жылы Саратов облысы, Палласов ауданының Блюменфелдь деревнясында туған, ұлты неміс. Еңбек жолын 1940 жылы Қазақстанға көшіп келгеннен кейін Орал облысының Жымпиты ауданының N117 жылқы заводында түрлі қол жұмысын жасаудан бастаған.

1950 жылдан 1954 жылдың март айына дейін осы жылқы заводының негізінде құрылған «Правда »газеті атындағы тың игеру егіс совхозының трактор бригадасында бригадир болған.

Аса көрнекті табыстары үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1957 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен награтталды. Одан кейінгі жылдары Риффель Э.К. басқарған бригада еңбек өнімділігін үнемі арттыра отырып, жыл сайын жылдық және бесжылдық астық дайындау жоспарын да асыра орындап отырғаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының 1971 жылғы 8 сәуірдегі Указымен Э.К.Риффель жолдасқа Кеңес Одағының «Социалистик Еңбегі Ері» деген атақ беріледі.

1974 жылғы 8 қаңтарда «Еңбек Қызыл ту» орденімен награтталды. 1956 жылдан бері бірнеше рет Бүкіл Одақтың ауыл шаруашылық көрмесінің қатысушысы және оның екі рет күміс медаліне ие болған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасы мен Құрмет дипломының иегері. Жергілікті Советке бірнеше рет депутат болып сайланған. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

 

рисунок

СЕЛЬБАЕВ Молдағали 1928 жылы 12 қарашада Қособа ауылында дүниеге келген. 1942 жылдан еңбекке араласуға тура келген, 1949 жылдан «Жымпиты» совхозында механизатор-комбайнер болып жасаған. Еңбектегі жоғары табысы үшін 1957 жылы «Ленин» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Сырым ауданының «Құрметті азаматы». 1995 жылдың 1 шілдесінде дүние салды.

рисунок

ТРЕТЬЯК Иван Михайлович 1918 жылы 25 тамызда Украйнадағы Полтава облысы, Садки селосында дүниеге келген. 1992 жылдың қазан айында Тоғанас ауылында қайтыс болды. И.М.Третьяк 1940 жылы Горск ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетін тәмамдаған. 1941-1943 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан 1943 жылдан 1949 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының Ваннова ауданындағы 122-ші жылқы зауытында бас агроном болып қызмет етті. 1949 жылы маусымда Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданы (қазіргі Сырым) 117-ші жылқы зауытына бас агроном қызметіне жіберілді. Осы шаруашылықтың ізінде құрылған «Правда» газеті атындағы кеңшарда И.М.Третьяк мүгедектігі бойынша 1975 жылы зейнеткерлікке шыққанша еңбек етеді. Егін шаруашылығындағы жоғары өндірістік жемісті еңбегі және маман кадрларды тәрбиелеуге белсенді қатысқаны үшін екі мәрте «Ленин» орденімен, «Еңбек Қызыл ту», «Қазан революциясы» ордендерімен және бірнеше рет медарльдармен, құрмет грамоталармен марапатталған. Ұзақ жылғы ауылшаруашылығындағы жемісті еңбегі үшін И.М.Третьяк «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген агроном» құрметті атағы берілген. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

 

рисунок

ІЗМҰХАНОВ Әндіжан Қажбайұлы 1931 жылдың 1 қаңтарда Орал облысына қарасты (Батыс Қазақстан облысы), Жымпиты ауданының Жымпиты поселкесінде қызметкер семьясында туған, ұлты қазақ. Әкесі Ізмұханов Қажбай 1932 жылы дүниеден қайтты. Шешесі Есжанов Рахила үй шаруасы, бала тәрбиесімен айналысты.

Жымпитыдағы қазақ орта мектебінің 10 класын күміс медальмен бітіріп, Алматыдағы қазақтың мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне түсіп 1955 жылы сол жоғары оқу орнын бітіріп дәрігер мамандығын алды. 1955 жылы институт бітірген соң Орал облысының Бөрлі ауданындағы «Пугачев» совхозында аурухананың бас дәрігері және хирургі міндетін атқарды. 1956 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының жанында Қазақтың клиникалық және эксперименталық хирургия институтының клиникалық бөліміне конкурстан өтіп, кіші ғылыми қызметкер болып тағайындалды. Сол кезде бұл институтты Қаз.ССР Ғылым Академиясының академигі А.Н.Сызганов деген профессор хирург басқарған болатын.

1956 жылдан 1999 жылға дейін сол Қазақтың клиникалық және эксперименталды Ғылым Зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкері, аға ғылым қызметкері, жүрек-қан тамыр бөлімінің меңгерушісі, Республикадағы қан-тамырлар ауруларын емдеудегі орталықтың бас маманы, меңгерушісі болып, кейін осы А.Н.Сызганов атындағы клиникалық және эксперименталды ғылыми зерттеу хирургия институтының директоры болып тағайындалды. (1985-1987). 1959 жылы Москвада дәрігерлер білімін жетілдіретін Орталық институтында жүрек-қан тамыр аурулары хирургия (кеуде хирургиясы) бойынша білімін толықтыру курсын бітіреді. 1967 жылы медицина ғылымының кандидаттығына диссертация қорғап аға ғылыми қызметкерлікке көтерілді. 1970 жылы ВАК-тың (Москва) шешімімен Ә.Қ.Ізмұхановқа хирургия мамандығы бойынша аға ғылыми қызметкер атақ берілді. 1964-1965 жылдары осы институтта істей жүріп Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлер білімін жетілдіру институтының кеуде хирургиясы кафедрасының ассистенті болды. (Кафедра меңгерушісі академик А.Н.Сызганов болатын.) Ә.Қ.Ізмұханов Қазақстан медицинасының ғылымына үлкен үлес қосқан ғалым. Оның 198 ғылыми еңбектері жарық көрді. «Ревматизмнен пайда болған жүрек ақауын емдеу» монографиялық еңбегі осы саладағы дәрігерлерге нұсқа. Оның монографиясы 1981 жылы жарық көрді. 1982 жылы осы монографияға 1982 жылы еңбегі үшін Әл-Фараби атындағы медаль және Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші дәрежелі дипломы берілді. 1984 жылы Республикадағы денсаулық сақтау ісі мен медицина ғылымына қосқан үлесі «Қазақ ССР-ның халықтар шаруашылығының жетістіктерінің көрмесі» дипломы тапсырылды. Басқа да ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты зақымдалған тамыр, қолқа, жүрек тамырларын емдеудің әдіс -тәсілдеріне арналған. Облыстарға консультацияға, шұғыл «жедел»  шығатын топтың басы - қасында үнемі өзі болды.

Ә.Қ.Ізмұханов көптеген Республикалық, Бүкіл Одақтың және дүниежүзілік конференция мен съездерге қатысып баяндамалар жасады.

Ә.Қ.Ізмұхановқа үкіметтің мынадай наградалары берілді:

Тың жерлердегі еңбекшілерге дәрігерлік көмек бергені үшін 1956 жылы «Тың жерді игергені үшін» медалі, 1966 жылы жүрек хирургиясын Қазақстан Денсаулық министрлік ісіне енгізгені үшін «Құрмет Белгісі» орденімен, 1967 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі белгісімен», 1981 жылы қан-тамырлар ауруын емдеудегі сіңірген еңбегі үшін «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталған. Кейін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық Мемлекеттік университетінде биология факультетінің адам және жануарлар физиологиясы және биофизика кафедрасында студенттерге сабақ берді. Сырым ауданынынң «Құрметті азаматы».

 

рисунок

ШОҚАНОВ Уалиахмет 1933 жылы 2 мамырда Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданы Көкөріс ауылында дүниеге келген. Елдегі соғыс жағдайына байланысты 13 жастан колхоз жұмысына араласқан. 1948 жылы трактористік мамандық алып, «Көкөріс» колхозында трактор айдаған. 1952-1955 жылдары Совет Армиясы қатарындағы борышын өтеп келіп, механизаторлық жұмысын жалғастырған. 1960 жылдан Жымпитыдағы жол пайдалану мекемесінде механизатор болып жұмыс жасады. 1964 жылы У.Шоқановтың адал еңбегін бағалап  «Құрметті жолшы» белгісі берілген. 1966 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен, 1974 жылы «Социалистік Еңбек ері» атағын беріп, «Ленин» ордені мен Алтын жұлдызбен марапатталған. Сырым ауданының «Құрметті азаматы». 1997 жылдың 5 қыркүйегінде қайтыс болды.

рисунок

ШУБИН Виктор Игнатьевич (1919, Ресей, Краноярск өлкесі, Усин ауданы, Жоғары Усин селосы - 25.08.1997. Орал қаласы) жергілікті басшы.

Еңбек жолын 1935 жылы Оңтүстік Батыс темір жолы Коростень депосында паровоз машинисінің көмекшісі болып бастады.

1942 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітіргеннен кейін Целиноград облысының «Восточный» совхозында аға зоотехник болып істеді. 1942-1946 жылдары Совет Армиясы қатарында қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысына қатысты. Әскерден оралған соң Шымкент облысындағы N122 қашыр заводы директорының орынбасары. Көкшетау облысындағы N111 жылқы заводында аға зоотехник болды.

1950 жылдан N117 жылқы заводының, кейін Орал облысы Жымпиты ауданы «Правда» газеті атындағы астық совхозы болып құрылғанда соның директоры болып 1995 жылғы зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеді. Ол соғыстан соңғы жылдардан бастап өндіріс процесін жаңаша ұйымдастыра бастады. Барлық күш-жігерін совхоз өндірісін өркендету, рентабельдікке қол жеткізуге ауыл тұрғындарының мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсартуға жұмсады. Соның арқасында оның басшылығымен совхоз коллективі тамаша көрсеткіштерге жетті. Қысқа мерзім ішінде көп салалы озат шаруашылықтардың қатарына қосылды. Тың жерді игеру нәтежесінде де егіс көлемі ұлғайды мемлекетке астық сатудың мөлшері көбейді. 1965 жылы совхозбұрын болып көрмеген мол өнім жиналып, мемлекеке 1 млн.800 мың пұт астық өткізілді.

Виктор Игнатьевич - Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол «Ұлы Отан соғысы», 4 рет «Ленин» және «Октябрь революциясы» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Ауыл шаруашылығы өнімін  өндірудегі сіңірген ерен еңбегі үшін СССР Жоғарғы Совет Президиумының 1957 жылғы 14 қаңтардағы Указымен Виктор Игнатьвич Шубинге «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

рисунок

ХОРОШИЛОВА Анна Андреевна 1935 жылы 10 ақпанда Ставрополь өлкесі Петров ауданы Ореховка селосында дүниеге келген. 1949 жылы Орехов жетіжылдық мектебін бітірген. 1952 жылы Кабардин - Балкар АССР-і Терек ауыл шаруашылығы техникумының агрономия бөліміне оқуға түсіп, оны 1956 жылы аяқтаған. Сол жылы тың және тыңайған жерлерді игеру үшін Қазақстанға жолдама алды. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының шешімімен Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданының «Тасқұдық» совхозының N3 бөлімшесінде агроном болып еңбек жолын бастайды. Бөлімшелерді қосу кезеңінде, 1957 жылы алдымен «Алатау» бөлімшесіне, кейін «Тінәлі» бөлімшесінде еңбек жолын жалғастырған. А.А.Хорошилова жоғары білімді маман. 1972 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын бітірген. Мамандығы-агроном. 1971 жылы Жымпиты аудандық Кеңесі депутаты, сондай-ақ облыстық Кеңестің (ХІ-ХІІ шақырылуының) депутаты болды. 1971 жылы ұзақ жылғы еңбегі мен өндірістегі табыстары үшін «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталған. 1974 жылы А.А.Хорошилова «Қазақ ССР-не еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» атағы берілді. Ал,1980 жылы екінші рет «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталған. Сырым ауданының «Құрметті азаматшасы».

 

рисунок

АҒЕДІЛОВ Ғайнолла - 1932 жылы 20 тамызда Қособа ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, Орал педагогикалық институтын бітірген.Еңбек жолын Жымпиты орта мектебінде мұғалімдік қызметтен бастаған. 1958-1973 жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, ІІ хатшы болды, 1973-1976 жылдары аудандық «Білім» қоғамында хатшы, кәсіподақтардың аудандық Кеңесінің төрағасы, 1976-1984 жылдары аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, ал, 1984 жылдан аудандық Кеңес атқару комитетінің, 1990жылдан аудандық Кеңестің ұйымдастыру-Кеңес жұмыстары бөлімінің меңгерушісі болып жасаған. Ғ.Ағеділов ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен және мақтау, құрмет грамоталарымен марапатталған. Өзінің адал еңбегімен, ізеттілігімен, байсалды мінезімен аудан халқы алдында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Сырым ауданның «Құрметті азаматы».

 

рисунок

ДОСМАҒАНБЕТОВ Хамидолла - 1937 жылы 15 мамырда Жаңақала ауданының №12 ауылында туған. Орта мектепті 1955 жылы сол ауданда бітіріп, 1958 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумынан зоотехник мамандығын алып, «Зеленов», «Жымпиты» аудандарының шаруашылықтарында мамандығы бойынша қызмет істеген. 1969 жылдан 1987 жылдар аралығында Жетікөл  совхозының фермаларында меңгеруші болып жасады. Хамидолла Досмағамбетов өзі істеген қызметтерінде адал, білікті маман екендігін көрсете білді, малшы-шопан қауымының жағдайына үнемі көңіл бөліп, көмектесті. Сырым ауданының «Құрметті азаматы». 1995 жылдың 25 қазанында дүние салды.

ҚАДЫРОВ Зинен Қадырұлы - еңбек ардагері, зейнеткер. Зинен Қадырұлы 1924 жылы 21 желтоқсанда «Шолақаңқаты» ауылдық Советінде дүниеге келген. 1941 жылы соғыстың кеселінен 9 кластан оқуды қалдырып, N117 жылқы зауытында жылқышы болып жасаған. 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатынасып, 4 рет жарақат алған. 1945 жылы елге оралып, өзі істеген коллективінде жылқышы, бөлімше есепшісі, 1954 жылдан 1985 жылы зейнеткерлікке шыққанша, осы «Правда» газеті атындағы совхоздың N4 бөлімшесінде меңгеруші болып жасаған. Зинен Қадырұлының көп жылғы жемісті еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медаль, мақтау грамоталарымен марапатталған. Сырым ауданының «Құрметті азаматы».

 

рисунок

ҚАБЫШЕВ Сади Қабышұлы-еңбек ардагері, зейнеткер. 1928 жылы 11 қарашада Орда ауданының Бөрлі ауылында дүниеге келген. Елдегі ауыр жағдайға байланысты еңбекке 1943 жылдан араласқан. 1950 жылы Орал ауылшаруашылық техникумын бітіріп, зоотехник мамандығын алған, кейіннен Саратов зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. 1950-1968 жылдары Орда ауданының №88-і түйе заводында, Жымпиты ауданының Правда газеті атындағы совхозда бас зоотехник, 1968-1972 жылдары «Жымпиты» совхозының директоры, 1972-1977 жылдары аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, 1977-1978 жылдары КПСС ХХҮ съезі атындағы совхоздың директоры, 1978-1982 жылдары Жәнібек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1982 жылдан 1989 жылы зейнеткерлікке шыққанша, Жымпиты ауданының «Бұлдырты» совхозының директоры болып жасады. Сади Қабышұлы қандай жұмыс атқармасын, өзінің асқан парасаттылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен және қарауындағы адамдарына ерекше қамқорлығымен дараланатын. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды.

 

рисунок

ҚАЖЫМОВ Сәлім-1921 жылы Жетікөл ауылында туған. 1939 жылы Жымпиты орта мектебін бітіріп, Орал педагогикалық институтына оқуға түскен. Кеңес Армиясы қатарында 1940-1942 жылдары борышын өтеп, 1946 жылға дейін түрлі өндірістік объектілерде қызмет еткен. 1947 жылдан аудандық атқару комитетінде экономист, жоспарлау комиссиясының бастығы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, колхоздың партком хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Сәлім Қажымұлының ұзақ жылғы жемісті еңбегі бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

КӨРПЕЕВ Есмадьяр Оразұлы-1911 жылы Тасқұдық ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін қол жұмысына араласқан. Ұйымдастырушылық қабілетін тани білген шаруашылық басшылары Есмадьяр Оразұлын №3 Тінәлі бөлімшесіне 1940 жылы меңгеруші етіп тағайындайды. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, үш рет жараланған. 1945 жылы елге оралған Есмадьяр Оразұлы Тасқұдық совхозының фермаларында меңгеруші болып қызмет атқарып, 1971 жылы зейнеткерлікке шыққан. Есмадьяр Оразұлы Көрпеев ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.

рисунок

СЕБЕКОВА Айғаным Есқарақызы-20 наурыз 1940 жылы Қособа ауылы    нда туған. Аралтөбе орта мектебінде білім алған. 1986-1970 жылдарында аудандық кәсіптік-техникалық училищеде оқып механизатор манандығын алып шығады.

Алғашқы жылдары «ДТ-25», 1974 жылдан «СК-4» комбайнда дихан-механизатор болып еңбек жолын жалғастырады. Айғаным Есқарақызы аудандағы озат механизаторлардың сапында үлкен еңбек мектебінен өткен.

А.Е.Себекова 1971 жылы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен, 1975 жылы күміс медалімен марапатталған.

1979 жылы А.Е.Себеква еңбек өміріндегі жетістіктері үшін «Еңбек Қызыл ту» орденімен, 1984 жылы «Қазан революциясы» орденімен марапатталған.

1987 жылы аудан атынан Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ІІІ әйелдер съезінің делегаты болып қатысады. Съезд күндерінде дихан-механизатор Кәмшат Дөненбаевамен кездесіп, іс тәжірибелер бойынша пікір алысады.

Айғаным Есқайырқызы сегіз ұлы-қыз тәрбиелеп, өсірген ардақты ана. 1990 жылы зейнеткерлікке шықты.

 

рисунок

ТӘЖІБЕКОВ Тұран Бекмұхамбетұлы 1919 жылы Батыс Қазақстан облысы, Казталовка ауданының «Ақоба» ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1939 жылы Орда ауданында зоотехникалық-селекционер болып бастаған. 1940-1942 жылдары әскер қартарында Орынбор қаласында майданға жауынгерлер даярлау ісіне қызмет етеді. Елге оралысымен 1945-1948 жылдары арасында Камен, Зеленов аудандарында ферма меңгерушісі, аға зоотехнигі болып жұмыс жасаған.

1948 жылдың қазан айынан бастап Тұран Бекмұхамбетұлы өзінің тағдырын Жымпиты ауданымен тығыз байланыстырады. 1948-1980 жылдары аралығында «Семычка», «Тасқұдық», «Бұлдырты», ХХІІ-ші партсъезі атындағы совхоздардың директоры болып 32 жыл еңбек етті.

Тәжібаев Тұран соғыстағы ерліктері мен бейбіт еңбектегі табыстары үшін «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен бірнеше медальдармен марапатталған.

 

рисунок

ТАЖМҰҚАНОВ Қалиахмет 1915 жылы Өлең ауылының округінде туған. Еңбеке 1930 жылдан араласып, колхозда есепші, бригадир болып жасаған. 1942-1943 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, Курск түбінде ауыр жараланып, елге оралған.

1947 жылға дейін бригадир, ферма меңгерушісі болған. 1947-1949 жылдары Оралдағы колхоз басқарушыларын даярлау мектебінде білімін жетілдіріп, 1956 жылға дейін ауданы колхоздарында басқарма төрағасы болып жасаған. 1956 жылдан 1975 жылға дейін «Қособа» совхозында бөлімше басқарып, зейнеткерлікке шыққан. Қалиахмет Тахмұқанұлы ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы еңбегі «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медаль, грамоталармен марапатталған.

рисунок

НҰРҒАЛИЕВ Жүсіпқали-1918 жылы Сарой ауылдық Советінде дүниеге келген. Еңбекке жасынан араласқан. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Елге 1947 жылы оралып, шаруашылық, Совет қызметтерінде еңбек еткен. Жүсіпқали Нұрғалиевтің ұзақ жылғы жемісті еңбегі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

рисунок

ОҢҒАРБЕКОВ Кенжетай-1931 жылдың 9 қыркүйегінде Гурьев облысы Қызылқоға ауданының Қаракөл ауылында дүниеге келген. 1949 жылы «Қаратөбе» орта мектебін бітіріп, 1955 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтынан инженер-механик мамандығын алып шыққан. Сол 1955 жылы жолдамамен Жымпиты ауданының «Бұлдырты» совхозына келіп, шеберхана меңгерушісі, аға инженер, 1961 жылдан 1981 жылға дейін совхоз директоры қызметін атқарды. Осы жылдар ішінде шаруашылық ұжымы КПСС Орталық Комитеті, Министрлер Советі мен Бүкілодақтық Кәсіподақ Комитеттерінің көшпелі Қызыл туын бірнеше рет жеңіп алды. 1981 жылдан 1987 жылға дейін Жымпиты аудандық механизация бірлестігінің, кейіннен  аудандық «Сельхозтехника» бірлестігінің бастығы болып жасаған.

Кенжетай Оңғарбекұлы ауыл шаруашылығын дамытудағы ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі үшін екі «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медаль, грамоталармен марапатталған. 

 

рисунок

МАМБЕТОВ Бақтығали Есімхайырұлы 1926 жылы қаңтар айында Жымпиты ауданы , Егіндіой елді мекенінде дүниеге келген. Жоқшылықта өткізген балалық шағы өте ауыр болды. Жеті жылдық білім алып, мұнай техникумына оқуға түсті. 1944 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік органына қызметке қабылданған. Осы органда 30 жыл қызмет етіп, қатардағы сарбаздан МКҚ (КГБ)-нің орталық аппаратының полковнигіне дейін қызмет баспалдағымен өскен. Атырау, Орал, Қызылорда және Алматы қалаларында көп жылдар органда қызмет еткен. Бірнеше мәрте соғыс және шұғыл әскери операцияларға қатынасқан. Батыс Украйна мен Балтық жағалауы аймақтарында әскери операцияларға қатысқаны үшін «Отан соғысының ардагері» деп танылған. Еліміздің Иранмен шектесетін шекарасына барып, шекара тәртібін нығайту үшін атсалысқан. Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің Жоғары академиялық мектебін «заңгер-құқық қорғаушы» мамандығы бойынша бітірген. Зейнеткерлікке шыққанан кейін Қазақ ССР-і халықтық бақылау комитетінде бөлім меңгерушісі, Жол көлік министрлігінің коммуналдық қызметінің басшысы, Алматы маргарин зауытының қауіпсіздік қызметінің басшысы, «Қыран» күзет фирмасының директоры қызметін атқарған. «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

 

рисунок

ХАБИЕВА Кама Хабиқызы 1936 жылы 6 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданы, «Сарыой» ауыл Советінде, Шағынкөл (бұрынғы «Калинин» колхозы) елді мекенінде дүниеге келген.

1944 жылы «Калинин» бастауыш мектебінің 1 сыныбынан білім жолын бастап, 1948-1954 жылдары Бұлдырты орта мектебінде оқып, орта білім алып шыққан.

1955-1957 жылдар арасында Орал педагогикалық училищесін бітірген, 1968 жылы Орал педагогикалық институтының филология факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шыққан. Білімі жоғары дәрежелі.

Мұғалімдік еңбек жолын 1957 жылы «Талдыбұлақ» мектебінде бастаған. 1958-1960 жылдарда Калинин сегізжылдық мектебінде (қазіргі Жетікөл, Ақоба мектебінің ізі), 1960-1964 жылы Қособа орта мектебінде, 1964-1970 жылдарда Жасқайрат бастауыш мектебінде мұғалім болып еңбек еткен. 1970-1973 жылдарда Жымпиты ауданы орталығындағы балабақша меңгерушісі, 1973-1980 жылдар арасында ХХІІ партсъез атындағы совхоздың №1 фермасындағы Интернационал бастауыш мектебінде мұғалім, 1981-1986 жылдары аудандық оқу бөлімінің инспекторы, 1986-1994 жылдар арасында Жымпиты орта мектебінде мұғалімдік жұмыста болған.

Өлең шығаруды 12-13 жасынан бастап, 1972 жылдан  шығармашылықпен жүйелі айналысқан. Ұстаз досы жәнібектік Зәкия Шүкірованың әншілігіне арнап «Әнші досыма» атты өлеңі бірінші рет басылымда 1980 жылы жарық көреді.

Жергілікті басылымдармен қатар республикалық «Ақжелкен» журналы, «Алматы ақшамы» газет, журналдарда өлеңдері жарық көруде.

Кама Хабиқызы 1992 жылдан өз өлеңдеріне саз шығарумен айналысады (Анашым, Жас келін, Астанаға әндерін аудан өнерпаздары орындап жүр). Педагогикалық жұмысының нәтижесінде 1976 жылы «Қазақ ССР халыққа білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Көп жылға тәжірибесі негізінде «қазақ тілін үйренейік» атты танымдық-дидактикалық әліппеге қосымша көрнекі құрал даярлаған. 10 көлеміндегі сандарға «Сандардың сыңғырлы сырына үңілсек» атты өлеңімен жазылған әдістемелік көрнекілік құралдың қолжазбасы даяр.

Кама Хабиқызы қазір зейнеткерлік демалыста.

 

рисунок

АҚБАЙ Жайсаң Досболатұлы (1927 жылы 9 мамырда Сырым ауданы, Шағырлой ауылында дүниеге келген. Өлкетанушы, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің (1997), «Еуразия» менеджерлік институтының (1999) құрметті професоры.

1950 жылы Орал педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. 1950-1962 жылдары бұрынғы Жалпақтал ауданында мұғалім, мектеп директоры болған. 1962-1971 жылдары партия-кеңес органдарында қызмет істеді. 1971-1987 жылдары облыстық мәдениет басқармасының бастығы, 1987-1997 жылдары Қазақ мәдениет қоры облыс бөлімшесінің жетекшісі.

Жайсаң Досболатұлы 1987 жылдан өлке тарихын зерттеумен айналысып жүр. Баспасөз беттерінде 200-ден аса тарихи-танымдық мақаласы жарияланды.

Жергілікті баспадан «Қазақтар» (1987), «Жымпитыға-100 жыл» (1990), «Сырым тағдыры-ел тағдыры» (1992), «Сырым батыр Датұлы» (1992), «Хан Жәңгір» (1995), «Ритмы Ак Жаик» (1997), «Нарын-Казахия» (2000) атты кітаптары шықты. «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

  

рисунок

ӘЖІБАЕВ Есберген-1949 жылы 14 наурызда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Саратов мемлекеттік зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. Мамандығы  ғалым-зоотехник. Е.Әжібаев еңбек жолын Саратов облысының Красноармейск ауданындағы Луганск кеңшарында зоотехник болып бастады.

Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, 1974 жылы Жаңақала аудандық Кеңесті атқару комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істеді. 1975-1986 жылдары Жаңақала аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, екінші хатшысы, аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы, облыстық кәсіподақ комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері лауазымдарын атқарды.

Е.Әжібаев 1986 жылы Жымпиты аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1991-1992 жылдары Шыңғырлау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, халық депутаттары  аудандық Кеңесі төрағасы қызметтерінде болды.

Ел өмірінде өтпелі кезеңнің, нарықтық қатынастардың енуі көптеген қиыншылықтар туғызды. Халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп түсінік жұмыстарын жүргізуге тура келді. Е.Әжібаев 2000 жылдан Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік қызмет агенттігі төрағасы. Орал қаласында тұрады.

М. Унгарбеков

ОҢҒАРБЕКОВ Марат Кенжетайұлы 1959 жылы 16 наурызда қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының Бұлдырты ауылында дүниеге келген. 1966-1976 жылдары Бұлдырты орта мектебінде оқып, орта білім алған. 1981 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын бітірген. Мамандығы ғалым-агроном. Марат Кенжетайұлы еңбек жолын 1981 жылы туған ауылы Бұлдырты совхозында бөлімше агрономы болып бастаған. 1984-1997 жылдары Сырым ауданының Жосалы, Бұлдырты совхоздарында бас агроном болып еңбек жолын жалғастырды.  Марат Кенжетайұлы өз білімі мен тәжірибесін жетілдіріп, ізденіспен еңбек етуі оның жауапты да лауазымды қызмет атқаруына жол ашты. 1997-2000 жылдары Сырым ауданының қызметіне тағайындалды.  Осы жеті жылға жуық мерзім ішінде аудан шаруашылықтары экономикалық жағынан нығайып, материалдық-техникалық күш қуаты артты. Аудан еңбеккерлерінің мәдени-тұрмыстық дәрежесі жаңа сатыға көтерілді. Жаңадан туберкулез ауруханасы, Өлеңті, Жамбыл орта мектептері салынып пайдалануға берілді. Аудан орталығы Жымпиты ауылына Сырым ескерткіші орнатылды, баба атындағы саябақ, елді мекендерде «Таза су» бағдарламасы бойынша ауыз су келтірілді. Егістік жер көлемі ұлғайды, мал басы саны өсті. Орта бизнес пен кәсіпкерлер саны көбейіп, жұмыспен қамту, оқушылардың жоғарғы оқу орындарына түсушілердің саны артты. Аудан бюджеті 320 мыңнан 1 млн. 150 теңгеге дейін жетті. Ауданда ауыл шаруашылығы несие серіктестігі ашылды. Осыншама күрделі де жауапты жұмыстарды ұйымдастыру, басқару және оған үлкен іскерлікпен ықпал ету міндеті алдымен аудан әкімшілігіне  жүктелгені белгілі. Сондай ауқымды істердің басы қысында болған аудан әкімі Марат Кенжетайұлының белсенді араласуының және ұйымдастырушылық қызметінің жемісі деп түсінген жөн. Халықтың өзіне арқан сенімін қажырлы еңбегімен ақтай білді. Жымпиты топырағынан туған азаматтардан аудан тізгінін ұстаған бірінші басшы. 2006-2012 жылдары Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің директоры, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. 2012-2013 жылдары Зеленов ауданының әкімі, 2014 жылдың наурыз айынан бастап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарып келеді.