Турнирге қатысуға салмақтары 90 келіден жоғары 15 балуан тіркелген екен. Бұлардың 7 – еуі - жыл сайын ҚР Президентінің жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы» турнирінің шешуші белдесуіне қатысқан балуан. «Алаш барысы» атағына үміткерлер үшін түстен кейін жарысалды таразыға тарту рәсімі өтті. 

Күрес кешке жақын басталды. Бозкілем әуелі салмағы 90 келіге дейін тартатын балуандардың арасындағы мықтыны анықтады. Әркім әлінше алысты. Бірақ қонақтар жағына Сырым ауданының жігіттеріне қарсы келіп, қауқар көрсету қиын болды. Финалдық белдесуде өзіміздің Айбол Оразғалиев пен Нұрымжан Ғаббасов кездесті. Бұл жерде Айболдың тәжірибесі мен Нұрымжанның күші өзара сынасты. Айбол Оразғалиевке қарсыласы Нұрымжанның Ғаббасовтың салмақ жағынан да, бой жағынан да артық болуы біраз ыңғайсыздық туғызды. Бірақ, Айбол біразға дейін жинақы жүрді. Тіпті іле – шала бүкке бүкпен жауап беріп, қайрат көрсетіп, жұртты да бір желпіндіріп қойды. Нұрымжан да осал емес бірақ. Күрес бойы ұстағанының жауырынын жерге жабыстырып келген бұл батырдың финалдық сайыста сына кетуі әсте мүмкін емес. Орайлы сәтті күтіп жүріп, қарсыласын қағып түсірді. Айбол мен Нұрымжанның белдесуі тартысты болды деп жатырды жұрт. Сөйтіп Нұрымжан Ғаббасов 90 келіге дейінгі балуандардың арасында жеңімпаз атанды. Келесі орындарды Айбол Оразғалиев пен Айбек Ғабдешов бөлісті.