Қас қарая ел күткен барыстардың белдесуі басталды. Барыстардың арасында жауырындары жардай болған аса бір алыптары да, білек санының бұлшық еті бұралған, қайыңқапталдаулары да бар екен. Не болса о болсын, барыстар белдесуді бірін - бірі алып ұрудан бастады. Күреске берілген уақыттар артығымен қалып жатты. Тіпті, қаратөбелік балуан Дархан Темірханов өзінен ірілеу қарсыласын 3 секундтта тазаға қойып жіберді. Екеуара айла алдыра алмай, күрес бойы бозкілем жағалап жүрген балуандар да болды. «Алаш барысы» осындай айшықтарымен елге қызық болып жатты. 

Қызықтың көкесін Жәнібек ауданының атынан шыққан Ерназар Хамзин деген жігіт көрсетті. Аты Жәнібек болғанымен, бұл жігіттің туған жері - Қазталов ауданы, Ақпәтер ауылы. Өзінің салмағы 90 келіден сәл аса ма екен? Аспайтын да сияқты. Алып бара жатқан балуан денелі де емес, жұқа өзі. 

Бірақ, бозкілемге шыққанда жұртқа «Шіркін, Ерназар!» дегізді. Демегенде ше, Ерназар өзінен кәдімгідей ірі әрі ауыр жігіттерді жерден жұлып алып лақтырып жатты. Жаңылмасақ, Ерназар қарсыластарымен бозкілемде 3 кездесу өткізді. Жеңсе, осының біреуін ғана ұпай санымен жеңген шығар. Қалғанының бәрі таза жеңіс болды. Ерназар финалдық белдесуде тіпті ерсіленіп кетті. Оның қарсыласы манағы «үш секундта шаруа бітіретін» - қаратөбелік Дархан Темірханов. Екі батыр біраз арбасты. Бірақ, Ерназар «ерназарлығын» жасап, қарсыласының қапысын тауып, жауырынын жер жастандырды. «Ерназар күрескен жоқ, ол шайқасты!» дейді бұл балуан туралы жарыстың бас төрешісі, ұлттық дәрежедегі төреші, Батыс Қазақстан облысы Қазақ күресі федерациясының вице Президенті Артур Шерғалиев.

Төреші дегенде, төрелік жайлы бірер сөз. «Алаш барысы» турнирінде кәсіби төрешілік құрам жұмыс жасады. Осы жарыстың барысында бейнеқайталау әдісі де кең қолданыста болды. Сәтті жасалған әдістер мен дау тудырған тұстардың бәрін төрешілер елдің қақ алдына қағылған LED – экраннан қарап отырды. Жалпы, турнирдің ұйымдастырылуы, әсіресе соңғы музыкалық технологиялар мен жарық аппараттарының пайдаланылуы өте керемет болды. Шараның ұйымдастырылу деңгейінің жоғары екенін өзінің БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева да әдейі атап өтті. 

Түн ортасына таяу атағы алып бәйгелерден кем түспейтін әйгілі «Алаш барысы» турнирі аяқталды. Жәнібектік Ерназар Хамзин «Алаш барысы» атанды. Жаттықтырушысы – Жеңіс Стамғазиев. Жеңімпазға 1 000 000 теңге жүлде берілді. Турнирдің келесі жүлдегерлері болып қаратөбелік Дархан Темірханов пен бөрлілік Темірлан Көлбаев танылды.