2 тамыз күні Қазталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастары дөңгелек үстел басында кездесу өткізді. 

Кездесуде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Райымбек Нұрекешов ауданымызда жастармен атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде айтып өтті. -Бұл күнде ауданымызда жастар араласпайтын сала жоқ деуге болады. Елбасының "100 нақты қадам" бес институционалдық реформаны және "Рухани жаңғыру" мақаласында айтылған міндеттерді орындау жолында жоспарлы жұмыстар атқаруда. Аудандағы 16 округтегі жастар жетекшілері осы істердің басы қасынан табылуда. Жастармен атқарылып жатырған жұмыста әлеуметтік мәселе де, мәдениет те тысқары қалып жатқан жоқ, -деді. 

Ал өз кезегінде сөз алған Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Досжан Тайшиев биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Алаш қозғалысының Астанасы атанған Сырым елінде де жастар арқылы жүргізіліп жатырған жұмыстарға тоқталып өтті. Досжан Тайшиев: -Аудандағы айшықты істердің барлығында да жастардың қолтаңбасы бар екенін айта келіп, замандастарымыз - біз елімізден не алдық? -деген емес,- Не бердік? - деген мақсатпен жұмыс істесе алынбайтын қамал жоқ, -деді. 

Сондай-ақ кездесуде аудандық "Ауыл айнасы" газетінің жас тілшісі Әсем Халиуллина аудандағы жастардың келбетін БАҚ-та жариялауда атқарылып жатқан жұмыстарды айта келіп, замандастардың жарқын істерін елге жария етудегі ойын ортаға салды. 

Кездесуге қатысқан екі ауданның өздерін толғандырып жүрген пікір-ұсыныстарын ортаға салып, келелі мәселелерді қозғады. 

Кездесу соңында екі ауданның жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен Жастар қоғамдық бірлестігі ынтымақтастық пен келісім туралы меморандумға қол қойды.