Биыл Сырым ауданы бойынша 7141 га жаздық дәнді дақыл егілді. Оның 4425 гектары жаздық бидай, 2665 гектары арпа, ал 53 гектары тары. Осы сияқты 2914 гектар жерге күздік бидай, 700 гектар жерге майлы дәнді дақыл салынды. Салынған жалпы дәнді дақылдың көлемі – 10057 гектар. Осы жылы 3241 гектар алқапқа екпешөп те егілді. Қазір шаруалардың берекені жерден тілеп отырған сәті. Өнімдердің алғашқы өңі де біліне бастады. Кешегі аптада Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Қонысбай Молдағалиевпен бірге бірқатар шаруашылық құрылымдарының далалық жұмыстарымен танысты.

Шолақаңқаты ауылдық округінің топыраққа тұқым салмаған жылы жоқ. Бұл жақтың шаруаларының жерге деген «махаббатын» алты жыл бойына ауыспай қайталанған қуаңшылық та қайтара алған жоқ. Еткен еңбекті соңғы екі жыл жақсы ақтады. Шаруалар осы жылдың жиын – терінінен де мол үмітті отыр. Себебі, жауын – шашын бар, сәйкесінше шығым да жақсы. 
«Абай» шаруа қожалығы 2002 жылдан бері жұмыс жасайды. Биыл бұл шаруашылық 335 га алқапқа егін салды. Оның 180 гектары жаздық бидай, 155 гектары - арпа. Қожалық соңғы жылдары біржылдық екпешөп егуді де қолға алды. Қазір 210 гектар алқап суданнан самсап тұр. Судан шөбі - бір жағынан өсімтал, бір жағынан құнарлы. Бұл шөптің өнімділігі де жақсы. Судан шөбінің бір гектары үшін үкімет тарапынан 8 мың теңге субсидия беріледі. Қожалықтың қожасы Тимур Жолжановтың айтуынша, мемлекеттің қаржылық қолдауы шаруашылықтағы егістің көлемін арттыруға анық мүмкіндік беріпті. Мәселен, биылғы көлем былтырғы көлемнен 60 гектарға көп. Қожалық гектарына 25 – 30 центнер судан шөбін алмаққа жорамал жасап отыр.
Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Қайрат Меңдіғалиев жетекшілік ететін «Правда» шаруа қожалығы биыл 150 га алқапқа құмайдың (сорго) тұқымын салды. Құмай егудегі аудандағы алғашқы тәжірибе – осы. Біржылдық екпешөптің бұл түрінің дәні де,сабағы да малға кәдімгідей ас. Қазіргі күні қожалық шөп құлатуды бастап кетіпті. Алқапты аяқтай аралап, жұмыстарды жанына барып жіті қараған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев шолақаңқатылықтардың сапалы мал азығын дайындаудағы ісі басқа әріптестеріне үлгі боларлық деп баға берді. 
Біз алқабында болған «Правда» шаруа қожалығының қарауында 9 жанұя бар. Қожалық далалық жұмыстарға ғана алғыр емес, мал шаруашылығына да ширақ. Шаруашылықтың Сегізүйдегі жайлауында бүгінгі күні бие байланып, қымыз сауылады. Қожалықта күніне 40 литр қымыз сауылады. Сауылған қымыз құтыланып сатылымға кетеді. «Правданың» қымызына облыста сұраныс өте жақсы. 
Алқаптан алқапқа асып бара жатып аудан әкімі Төлеген Төреғалиев жолай «Құспанкөл» шаруа қожалығының арпасының басына аялдады. Ол осы жерде қожалықтың бригадирі Еркін деген азаматпен әңгімелесті. 
Осы жақтағы ескі егіншілердің бірі – Ерболат Атқаев. Ерақаң жетекшілік ететін «Қарағанды» шаруа қожалығы биыл650 га дәнді дақыл екті. Шаруашылықтың еккен екпешөбі жайқалып тұр екен. Судан шөбінің көлемі бұл жерде 380 гектардың шамасында.
Ендігі бағыт – Талдыбұлақ ауылдық округі. Далалық жолмен жүргенге, бұл округ Шолақаңқаты ауылдық округінен онша алыс емес. Біз мінген көлік сол далалық жолмен жүрді. Жол – жөнекей шабылып, буылып – түйіліп, домалап жатқан қыруар бума шөпті көзіміз шалды. Әрірек те техника қараңдағасын, қасына барып бір тоқтадық. Ойпаңдау жатқан жасыл даланы астын үстіне төңкеріп, қырғын еңбек қылып жатқан небәрі екі жігіт екен. Біреуі – «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Самат Жәлелов, екіншісі қожалықтың механизаторы – Арман Асанов. Шаруа жігіттер шалғынға шалғыны шілденің басында салған. Екі жүз бума дайын. Меже – алты жүз. Толық орындаймыз дейді екеуі аудан әкімімен болған әңгімелерінде. 
Қырғын еңбек дедік қой жаңа. Қырғын еңбектің көкесі келесі бетте болып жатыр екен. Бұл жақтағы еңбектің қазанын Хали Әжіғалиевтің «Тінәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен қайнатып жатқан. Қайнатқанда да буын будақтатып қайнатып жатыр. 
Серіктестіктің егіс жинау науқанына кіріскеніне әлі апта болмапты. Бұл серіктестік биылғы жылы 2 000 гектардың көлемінде күздік бидай еккен болатын. Егістің шығымдылығы жақсы екен. Гектарына – 20 – 22 центнер өнім беріп жатыр. Бұл Сырым ауданы үшін соңғы онжылдықтағы үздік көрсеткіш десек, артық айтқандық болмайды – ау.
Иә, «Тінәлі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазір күздік қара бидайын орып жатыр. Алқапты көзімізбен көрдік. Керемет. Нағыз, әнұранда айтылған «алтын дән даласы». Сап – сары «теңіздің» ортасында екі жасыл «кеме» жүр. «ДжонДирр» комбайндарын айтам. Кісілер келді деп, комбайншылар кабинінен түсе шапқан жоқ. Жұмыстарын жалғастыра берді. Біздің де тоқтатқымыз келмеді. Даладағы еңбек майданының көркем көрінісіне біріміз өз көзімізбен, біріміз фотоаппараттың көзінен қарадық да тұрдық. 
Екі комбайнға жұмыс шақ келіп жатқан жоқ. Айналып келіп, алып алқапты асап – асап жібереді. Техникалардың тұрқы ірі болғанымен, жұмысқа керім епті екен. «Даланың сәні – комбайн !» дедік біз осыны көріп. Қос комбайнмен қапталдасып үлкен жүк көлігі жүр. Дала кемелері тоқтаған кезде, бункердің тұмсығының астына арқасын тоса қалады. Сосын саулайды сары бидай. «Тінәлі» серіктестігі қырманды да қамдап қойыпты. Аудан әкімі қырманның басында да болды. 
Аудан басшысы осы күні «Шырдай» және «Сайнов. А» шаруа қожалықтарының да жазғы далалық жұмыстарымен танысты. 
 - Бүгінгі жұмыс сапары барысында аудандағы егілген егіс көлемін аралап, жалпы шығымдылығын қарап шықтық. Күннің барысында Шолақаңқаты, Алғабас, Талдыбұлақ және Аралтөбе ауылдық округтеріндегі егістіктердің басында болдық, шаруалармен кездестік. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жазғы дәнді дақылдарға түсуге бір аптаның шамасында уақыт қалды. 
Маман ретіндегі пікірім сол, биыл шығымдылық жаман емес. Арпа гектарына 10 – 12 центнерден, күздік бидай ауданның орташа есебімен гектарына 17 – 18 центнерден алынады деп күтілуде. Сонымен қатар қазір барлық ауылдық округте мал азығын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Сырым ауданы биыл 128 мың тонна шөп дайындауға ниетті. Жоспар ендігі 40 пайызға орындалды. Жуық күндері Қособа, Жетікөл және Бұлан ауылдық округтері суармалы шабындықтарға техника түсіреді. Осыдан кейін шөп дайындау көрсеткіші тіпті арта түсуі тиіс. 
Қазіргі күні шаруа қожалықтары арқылы жеке тұрғындарға шөп сату жұмыстары басталды. Шөптің бір бумасының құны 1500 – 2000 теңгеден, ал аудан орталығына жеткізіліп берілсе, 2500 теңгеден белгіленіп отыр. – дейді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев бізге далалық жұмыстардың басында тұрып берген сұхбатында.
 Осылайша бір күн уақытымызды арнап, далалық жұмыстардың дүбірін бір тыңдап қайттық. Тілшілік назарымыз екі нәрсеге байланып келді. Оның бірі – шаруашылықтарда жұмыс күшінің азайғаны, бірақ жұмыс өнімділігінің көбейгені. Неге? Себебі, қазір шаруашылықтар бұрынғыдай қол еңбегін жасайтын жұмыс күшіне зәру емес. Көп шаруаны жалғыз техника тындырады. Түсінікті қылып айтқанды, шөпті шабуға, бууға, тиеуге, тасымалдауға – жалғыз механизатор жеткілікті. Әуелде бұл шаруаның бәленбай адам жасайтын. Қуантатыны сол, ауыл шаруалары техниканың тілін өте сауатты меңгере бастаған. Соның арқасында, Сырым ауданындағы ауылшаруашылығы автоматтанып келеді. 
Екінші мәселеге де қуануға болады. Аудан шаруалары жалпыға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесіне де маңыз бере бастаған. Жылдап жыр болған, айлап айқай болған медициналық сақтандыру мәселесі жайлы түсінік шаруашылықтарға да жетіпті. Аудан әкімімен болған әңгімелерінде шаруашылық жетекшілері медициналық сақтандыруды да, еңбек келісімшарты мәселесіне де жауапты боламыз деді.