Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің ширек ғасырлық Тәуелсіздік межесінің қорытындысы ретінде саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынып, жаңа болашаққа нақты ұстаныммен қадам басқанымыз баса айтылған.

Президентіміз «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады», деген болатын. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, ағылшын, орыс тілдеріне баса назар аударуы керек, сонымен қатар қазіргі заман талабына сай озық технологияларды игеру, мәдени болмысымызды жаңғырту әрбір қазақстандықтардың төл міндеті, бұл – болашақтың кілті.
Президент атап көрсеткендей, Рухани жаңғыру тек бүгін басталған жұмыс емес». Кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен қазақ халқы тілінен, дінінен, сана-сезімінен түгелдей айырылып қала жаздады. Кеңестік билік қазақ халқын тарихсыз халық жасауды көздеді. Тәуелсіздіктің арқасында ғана өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды.
Президенттің еліміздің латын қарпіне көшуін ертерек қолға алып, дайындық жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы үкімет пен ғалымдарға берген тапсырмасыда құптарлық іс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттік Елтаңба, Гимн, Ту, Ата Заңымызды қабылдағанымыз, кейін елорданы Алматыдан Астанаға көшіруіміз секілді, бұл да қазақ халқы үшін сананы жаңғыртудың бір тетігі болып табылады. Латын қарпіне көшу арқылы түркі әлемімен бірігуімізге жол ашыла түседі деп ойлаймын.
Аталған мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы Мәңгілік Елді әдеби, мәдени жауhарларды сұрыптап, өзге елдерге таныту мақсатын алға қойып отыр. Осы жолда «Жаhандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сынды жобаларды ұсынып, елдің рухани жәдігерлерін сақтап, насихаттау міндеті туындайды.
«Туған жер» атты бағдарлама қабылдауды ұсынған Елбасы әрбір отандасымыздың, жастардың патриоттық сезімін арттыру үшін аймақтарда өлке тарихын кеңінен насихаттап, туған жеріне көмек қолын созып жүрген жандарға құрмет көрсету жолдарын қарастыру қажеттігі ескерілген. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер...» дегендей, елге танымал тұлғаларымызды қадірлеп, өлке тарихын зерттеуге, зерделеуге көп көңіл бөлуіміз керек.
Қособа ауылдық округі аумағында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» атты бағдарлама аясында осы жылдың 20 мамырында Қособа ауылында «Мен Қособалықпын» атты жерлестер форумы өткізіліп, форумның қорытындысы бойынша ауылымыздың түлектері ауылымызға игі істер атқару бойынша шешім қабылдады. Осы шешімнің алғашқы орындалуы болып 1992 жылы Қособа орта мектебін бітірген түлектер ауылымызға балалар ойнайтын алаң салып берді. Сонымен қатар 1997 жылы Қособа орта мектебін бітірген түлектер Қособа, Жырақұдық ауылдарына ауыл азаматтарының отырып демалуына қазіргі заманауи үлгідегі орындықтар тарту етті.
Республикалық айтыскер ақын Бауыржан Халиолла Қособа ауылына сыртқы далалық сахна салып беруді өз мойнына алса, Гүлім Темірбекқызы Н.Молдашевтың бюстінің айналасына ағаштар отырғызып, гүлдер екті. 
Казталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылының мектеп түлектерінің ауылдарына саябақ салып бергенін көрген ауыл жастарыда болашақта ауылымызға саябақ салуды жоспарлауда. Бүгінгі таңда, ауыл балалары ойын алаңында асыр салып ойнап, 1992 жылғы мектеп түлектеріне алғыстары шексіз екенін мақтанышпен айтады.
Табыстың кілті – басқаның ең озық жетістіктерін қабылдай білу дегендей басқа да аудандарда, ауылдарда атқарылып жатырған жақсы игі істерден үлгі алып, ауыл тұрғындары ауылымыздың көркеюіне өз үлестерін қосатынына сеніммен қараймын.

Қособа ауылдық округінің әкімі   Сатаев Жұмабай Аспендиярұлы