«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы – «ХҚКО» департаментінің директоры Марат Бассаровтың айтуынша, қазіргі уақытта көптеген қызметтерді алу үшін қажетті құжаттар тізбесі барынша азайтылған. «Алайда, ХҚКО-дан басқа да мекемелерге баруға тура келетін «күрделі» қызметтер бар. Мысалы, автосалоннан несиеге немесе бөліп төлеуге көлік сатып алған кезде, біздің дербес менеджеріміз өздігінен жылжымалы мүлік кепілін тіркейді, көлікті есепке қояды және қажет болса, барлық дайын құжаттарды үйге жеткізіп береді», - деп түсіндірді Бассаров.
Жаңа сервис ХҚКО-ға баруға және құжаттар жинауға уақыты жоқ жандарға арналып отыр. Жоба банктен несие алушылар, көлік сатып алушылар мен бизнес өкілдері арасында сұранысқа ие болады деп күтілуде.
Бассаровтың айтуынша, дербес менеджер қарапайым анықтамалар бойынша кеңестер алу үшін ғана емес, басқа да өте сұранысқа ие «күрделі» мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жылжымайтын мүлік объектісін және кепіл шартын тіркеу, жер учаскесіне жекеменшік құқығына актілерді ресімдеу және алу, жеке және заңды тұлғалар үшін нотариалды куәландырусыз жылжымайтын мүлікке сату-сатып алу/алмастыру/сыйға тарту шарттарын жасай отырып, тіркеу қызметтері үшін қолжетімді болып табылады. Келешекте бұл тізім ұлғаятын болады. Азаматтың атына құжаттарды жинауды корпорация қызметкері нотариалды куәландырылған сенімхат негізінде жүзеге асыратын болады.
Кеңестер беруді дербес менеджер телефон, «Telegram» және «Whatsapp» вэб-мессенджері арқылы дүйсенбі мен сенбі аралығында сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жүргізеді, ал дайын құжаттар қызмет алушының электрондық поштасына жіберіледі немесе өз қолына жеткізіледі. Дербес менеджер қажет болған жағдайда, тапсырыс берушінің үйіне барады.
Дербес менеджердің қызметі жеке және заңды тұлғаларға ақылы түрде көрсетіледі. Мұндай қызметтің құны мемлекеттік көрсетілетін қызметтің күрделілігіне және елді мекеннің орналасқан жеріне байланысты болады. Біздің облыста дербес менеджердің қызметін Орал қ. бойынша № 1 бөлімде (Жамбыл көшесі 81) және № 2 бөлімде (Құрманғазы 173) алуға болады.

«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясы»
 коммерциялық емес акционерлік
 қоғамының баспасөз қызметі