Кешегі жексенбіде аудандағы денешынықтыру және сауықтыру кешенінде Сырым ауданының құрметті азаматы, ұстаз Тасболат Сембиевті еске алуға арналған мұғалімдер арасындағы волейболдан турнир өтті. Турнирдің салтанатты ашылуы шарасында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен, Тасболат Сембиевтің жары Лаура Сембиева және достары құттықтау сөз сөйледі.

Тасболат Сембиев – ауданның білім беру саласына үлкен еңбек сіңірген адам. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Қазақ ССР «Білім беру ісінің үздігі», «Сырым ауданының құрметті азаматы» атағының иесі, есімі халықаралық дәрежедегі «Лучшие люди» энцклопедиясына енген ұстазды еске алуға арналған турнир осымен үшінші мәрте дәстүрлі түрде оздырылып отыр. «Қайсар» спорт клубы ұйымдастырған жарысқа Сембиевтер жанұясы және ауылдастары демеушілік етті. Осы күні мұғалімдер арасында үстел теннисінен де сайыс өтті.

Волейболдың тартысы күн ұзағына созылды. 15 команданың ішінен турнирдің биылғы жеңімпазы болып Жырақұдық орта мектебінің командасы танылды. Кейінгі орындарға А. Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебінің командасы мен Аралтөбе орта мектебінің ойыншылары тұрақтады. Үстел теннисінен ерлер арасында Ерлан Чукуров бірінші болса, әйелдер арасында Гүлсім Жұбандықова топ бастады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сыйлықтар табыс етілді.