Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Діни сауаттылық – басты талап» атты дәстүрлі дінімізді насихаттау, діни сауаттылықты арттыру мақсатында семинар-кеңес өтті. 

Семинар-кеңеске Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, БҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Азат Қаратай, «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теологы Бақытжан Сабыралиев, Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының тәрбие және профилактикалық жұмыстар бөлімінің басшысы Роза Зайнуллина, облыстық денсаулық сақтау басқармасының инфекционист маманы Бибігүл Айтбаева, аудан прокуроры Қанәбіл Төремұратов, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, мектеп директорлары, имамдар, қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары, ардагерлер, аналар кеңесінің төрайымдары, мекеме басшылары, колледж студенттері қатысты. 

Семнардың мақсаты – дәстүрлі ислам дінін насихаттау, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, деструктивтік діни ағымдардың жеке тұлғаға, қоғамға тигізетін кері ықпалы жөнінде ой салу, екпенің маңыздылығын, мектеп формасы жөнінде заңмен түсіндіру болды. 
Аудан прокуроры Қанәбіл Төремұратов аудандағы дәстүрлі емес діни ағымдардың салдарынан орын алуы мүмкін жайттарға тоқталды. 
Сырым ауданындағы діни ахуал және атқарылған жұмыстар турасында жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтық теолог маманы Айбар Исламғалиев баяндады. 

БҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Азат Қаратай жат ағымға жастардың кету жолын түсіндірді. Оның мәлімдеуінше, жастардың дәстүрлі емес ағымдарға әуес болуының бірі охлократияны қолдауы болып отыр. Охлократия грек тілінен аударғанда ochlos – тобыр, қара бұқара, kratos – билік деген мағынаны береді. Ол билікке жауапсыз қарайтын, халық топтарының саяси экстремизмдік, деструктивті әрекеттері, үкіметке, парламентке ультиматум қоюмемлекеттік мекемелерді басып алу, өрт қою сияқты демократияның шектен тыс тұрпайы түрі. Теріс діни ағымға кетіп бара жатқан жастарды ажырату өте қиын. Егер адамның дәстүрлі емес дінге бет бұрғаны дер кезінде, алғашқы сатысында анықталса, әбден санасы уланған жаннан гөрі оны райынан қайтару сәл де болса оңай.

Ал, біз көріп жүрген еркінен тыс өсірілген сақал, шолақ шалбар немесе қара киім – жат ағымға кетудің екінші кезеңі болып саналады. Теріс ағымға қосылуға ниетті адамды төрт принцип арқылы ажырата аламыз. Бірінші – олар біздің рухани құндылықтарымызға қарсы, екіншіден, қылмысы қатысы болады, үшіншіден, саясатқа араласып, оппозициялық бағытты ұстанады және төртіншіден, ата-аналарымен, достарымен, қоғамда шектен тыс агрессивті болады. 

«Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теологы Бақытжан Сабыралиев зерттелмеген мәселеде жеңіске жету қаншалықты қиын болса, теріс діни ағымда жүрген азаматтарды терең зерттеп білмей, оларды түзету де соншалықты қиын екенін, адасқандардың қоғамға қайтадан сіңісуі үшін сөзден іске көшетін уақыт келгені туралы айтты. 
Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының инфекционист маманы Бибігүл Айтбаева екпе алудың маңыздылығын түсіндірсе, облыстық білім басқармасының тәрбие және профилактикалық жұмыстар бөлімінің басшысы Роза Зайнуллина мектеп формасы туралы, мектепке хиджаб киюге тыйым салынғаны жөнінде сөз қозғады. 

Бұлдырты ауылдық мешітінің имамы Сәрсенбай Төлебаев асыл дініміз бен теріс ағымдар жайында пікірін жеткізді. Ардагерлер өз ойларын ортаға салып, сауалдар қойып, дәстүрлі дініміз үшін алаңдаулы екендерін білдірді. 

Семинардың жұмысын аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады. Аудан басшысының айтуынша, ұсыныстар мен сауалдар ескеріле отырып, дәстүрлі дінімізді насихаттауға арналған іс-шаралар жоспары жасақталады.