Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, халықаралық ақын-жыршылар мен айтыскерлер одағының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі, айтыскер ақын Бауыржан Халиолланың «Қасқыр-түн ұзақ ұлиды» атты әдеби-сазды шығармашылық жыр кеші өтті. Поэзия кешін айтыскер ақын Б.Ширмединұлы жүргізді. Кеш шымылдығы ақынның әні мен сөзіне жазылған М.Халиуллиннің орындауындағы «Құтты мекен – Қособа» әнімен ашылды.

Бауыржан Ергенұлы өлең сөзге келгенде өресі биік тұлға. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр, майдангер Бауыржан болса, өрлігін өрелі өлеңмен өрнектеген ақын Бауыржан бұл. Сұлу сөзден сәуле терген жыр кешінде ақын жалынды жырларын ортаға салды. Сонымен қатар ақынның әні мен сөзіне жазылған Е.Өмірәлі, Д.Есентеміров,М.Бақтығұлов,М.Халиуллиндердің орындауындағы «Жүрек сөзі» , «Тұсаукесер», «Шерлі шағала», «Досыма хат» сынды бірнеше әндері қалың көпшіліктің көңілінен шықты.

Кеш барысы еркін түрде өткізілгеннен соң көрермендер соның ішінде жастар қауымы ақынға көңілдеріндегі сауалдарын жолдады. Өз кезегінде Бауыржан ақын қойылған сұрақтарға салмақты жауап беріп, мәдени кештің мәйегін ашты. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы «Жас ақындар» үйірмесінің оқушылары мен жетекшілері Ш.Ажығалиева, Е.Тасболатов, М.Жампозов ақын шығармашылығынан үзінді оқып, кештің шырайын кіргізді.Қалың көрерменнің сұрауы бойынша, кеш барысы домбыраның қос ішегіндей болған аға Бауыржан мен іні Бауыржанның жарасымды айтысымен жалғасын тапты. Аузын ашса алдымен ақиқаты, одан кейін өлеңі өрілетін өр ақынға аудан әкімі Т.Төреғалиев пен ел азаматы, кәсіпкер Б.Құсайынов аудан жұртшылығы атынан ризашылығын білдіріп, қазақтың қара шапанын жауып, алғыс хатпен марапаттап, ат мінгізді.

Кеш соңында ақын Б.Ергенұлы жылы шыраймен қарсы алған Сырым жұртшылығына алғысын білдірді.