БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Нұр Отан партиясы Сырым аудандық филиалының мәжіліс залында «Кедергісіз болашақ» атты ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған дөңгелек үстел өткізілді.

Шараның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жастардың мәселелерін ортаға салып, шешу жолдарын қарастыру, жастардың әлеуеті туралы қоғамды ақпараттандыру және қоғамның мүгедектер мәселелеріне оң қарым-қатынасын қалыптастыру, қоғамға мүгедектерді тиімді кіріктіру бойынша әлеуметтік бағдарланған ұйымдардың тәжірбиесін қолдану. Қамқоршылық пен қайырымдылықты мадақтау.

Осы және басқа мәселелерді талқылауға БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы А.Қ.Бекжанов, «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы – А.Ғ.Сейтимов, Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының психологы – А.Г.Капашева, «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің менеджері – А.Н.Мектепкалиева, аудандық ЖҚ және ӘБ бөлімі басшысының м.а. Е.К.Куспанов , «Нұр шуағы» ҚБ төрайымы – А.Тілегенова және аудан жастары мен 14-29 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жастар қатысты. 

Дөңгелек үстел сағатында мүмкіндігі шектеулі жастардың құқығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы А.Қ.Бекжанов сөз алып, облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі жастарға қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтса, «Жас қанат» ЖҚБ төрағасы – А.Ғ.Сейтимов мүмкіндігі шектеулі жастарды түсіну, әлеуметтік жәрдемақыларлы уақтылы төлеумен ғана емес, ең бастысы жастарды өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері керектігін, оларды қоғамға кіріктіру міндеттерін сапалы жүзеге асырудың маңызы зор екенін айтып өтті. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының м.а. Е.Құспанов ауданымыздың мүмкіндігі шектеулі жастарына жеке оңалту бағдарламасы бойынша міндетті гигиеналық құралдармен, сурдо – тифлотехникалық құралдармен, санаторлық –курорттық емделуге және жеке көмекші қызметімен қамтылып отырғанын атап өтті. Және де ауданымызда ағымдағы жылдың 01 қазан – 01 қараша аралығы «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығында көптеген көмектер көрсетіліп жатқанын айтты.

Отырыс соңында Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының психологы – А.Г.Капашева мүмкіндігі шектеулі жастармен әңгімелесіп,түсіндіру жұмысын жүргізді.