Бүгін Сырым ауданында «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Сырым ауданының құрметті азаматы, әнші, композитор Донеділ Қажымовтың шығармашылығына арналған «Өмірі елге өнеге» атты кеш өтті.

Жымпитыдағы мәдениет үйінде өткен шығармашылық кеште кеш иесі Донеділ Қажымов пен жары ҚР Еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Дәукенова, ҚР Президентінің Құрмет Грамотасының иегері Төлеген Есмұханов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаскелең Ғайсағалиев, Д. Қажымовтың әндерін орындаушылардың республикалық байқауының лауреаттары Шынтас Мұстажапов, Бекей Қанатов, белгілі әншілер Армат Алдамжаров, Алмагүл Жұма, сонымен бірге Қырғызстаннан келген кештің құрметті қонақтары Алыкул Османов және Молда Нияз атындағы әдеби – республикалық сыйлықтың, Түркияның халықаралық Жәледдин Руми атындағы әдеби сыйлығының лауреаты, интелектуалдық меншіктің бүкілдүниежүзілік ұйымының алтын медалінің иегері Атантай Акбаров пен Қырғызстан Жазушылары Одағының мүшесі, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері Өктем Қалиева өнер көрсетті. Осы жерде Атантай Акбаровтың Қырғызстандағы Донеділ Қажымовтың әндерін насихаттаушы әрі ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын қырғыз тіліне аударумен айналысып жүрген аудармашы, тіпті қадыртанушы екенін де атап кеткен дұрыс.
Кеш соңында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтау сөз сөйледі. Аудан әкімі өзінің сөзінде елдің рухын өнерімен суарған сахна саңлағының еңбегі мәңгілік мәртебелі биікте қалатынын айтты. Кеш иесі мен қонақтарға әкім шапан жауып, сый – сияпат тапсырды. Ақын Есен Баймұханбетов арнау өлеңін оқыды. Ауыл ақсақалы, Сырым ауданының құрметті азаматы Қайыржан Нұрмұханов Донеділ Қажымовқа елдің атынан ат мінгізді. Айта кетейік, биыл жерлес әнші, композитор Донеділ Қажымов өзінің 65 жылдық мерейтойын атап өтуде.