Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті күнінің қарсаңында Жосалы ауылдық округіндегі Қоңыр және Тамды елді мекендері салтанатты түрде орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосылды. Салтанатты шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Шарафуддин, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және ауыл тұрғындары қатысты.

Қоңыр және Тамды елді мекендерін орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосуға арналған құны 185 млн теңгені құрайтын бұл жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жүзеге асты. Жұмыстарға жергілікті жерден 25 адам тартылған. Мемлекеттік жобалардың орындалу жұмыстарына жергілікті адамдарды тарту туралы тапсырманы осы округтегі жұмыс сапары кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтың өзі берген еді. Жобаның жұмысы 6 айдан асты деген шамада аяқталып отыр. Нәтижесінде 18 шақырым су құбыры жүргізіліп, екі елді мекендегі 240 үйдің ауласына таза ауыз су барды. Күні бүгін таза ауыз суды округ бойынша 900 тұрғын пайдаланады.
Егемендіктің 26 жылының ішінде мемлекетіміз өзінің даму моделін қалыптастырып үлгерді. Бәрінен бұрын, тәуелсіздік ауылдарды түлетті. Сырым ауданында биылғы жылдың өзінде жалпы құны 1 млрд 200 мың теңгені құрайтын ірі жұмыстар жүзеге асты. Нақты мысал деп, аудан орталығындағы тұрғын үй мен жол құрылыстарының жүруін, Аралтөбе және Қоңыр мен Тамды ауылдары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуын айтуға болады.
Жосалылықтарды ауылдағы тарихи күнмен шын жүректен құттықтаймын. Ауыз су елдің игілігіне болсын! Бұл жақсылықтар тек тыныштық пен ауызбірліктің арқасында ғана мүмкін болып отыр. Ел болып жететін жақсылықтарымыз әлі алда. Бірліктен айырылмайық! – деді өзінің сөзінде аудан әкімі Төлеген Төреғалиев. Осындай құттықтау лебізін шараның құрметті қонақтары мен ауыл тұрғындары да білдірді. Мердігер «ЖайықГазСуҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының орынбасары Ербол Қажиев Жосалы ауылдық округіне серіктестік атынан электр өндіретін аппарат табыс етті.
Салтанатты су жіберу рәсімін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен Жосалы ауылдық округінің қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Асан Жүсіпов жүргізді.
Салтанатты шарадан кейін аудан әкімі әріптестерімен бірге Қоңыр және Тамды ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту жүйесінің №2 нүктесінде болды. Бұл жерде сусорғы станциясы мен су жинайтын екі резервуар мен мұнара орналасқан. Округтің күндік сұранысы 25 текше метрді құрайды дейтін болсақ, №2 нүктенің қауқары округтің апталық су қоры сақтауға жетеді.