Сырым ауданында аудан әкімдігінің округтердегі ашық есік күндері жалғасуда. Кеше аудан әкімі Төлеген Төреғалиев әріптестерімен бірге Бұлан ауылдық округіндегі тұрғындармен болған кездесуге қатысты.

Жиынға қатысушылар әуелі Бұлан ауылдық округінің 2017 жылдың 11 айындағы әлеуметтік – экономикалық аяқалысы туралы округ әкімі Тимур Құбаевтың хабарламасын тыңдады. Биылғы жылы бұл округ қайырымдылық айлығын белсенді ұйымдастырған округтердің қатарында аталды. Қайырымдылық шараларының шарапатын округтегі 6 бірдей отбасы қаржылай және азық – түлік есебінде көрген. Округ үшін жергілікті маңызы бар мәселенің бірі – іргедегі Шідерті өзенінің жағалауын жайлаған антисанитарлық жағдай. Осы жылы бұл ахуалдың да аздап жеңілдеген түрі бар. Тазалық айлықтарының қорытындысы бойынша, өзеннің жағалауы 0, 5 тонна тұрмыстық қалдықтан арылды.
Ашық есік күніндегі кездесуде бұландықтар кіреберіс жолды жөндеу, ауылды ұялы байланысқа қосу және ауылдағы ауыз судың сапасына қатысты мәселені көтерді. Олардың айтуынша, тұщытылған өзен суы тұтынуға ауыр, ішуге ыңғайсыз. Су мөлдір емес көрінеді. Аудандағы ауыз су өндірісіне жауапты «Сырым» коммуналдық мекемесінің директоры Руслан Тасқалиев тұщытылған су адамның тұтынуына әбден жарамды, сарапшылар суға жарамсыз деген қорытынды берген жоқ деп отыр. Жағдайды тұрғындардың өз ауызынан тыңдаған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев мәселенің тиісті шешімін жиналыстың үстінде шығарды. Енді Бұлан ауылдық округінің тұрғындары үшін таза ауыз су аудан орталығынан қосымша тасымалданатын болады. Ол үшін ауылдан екі бірдей су нүктесі даярлануда. Кездесуден кейін аудан басшысы Төлеген Төреғалиев ауыл сыртындағы бөгет пен өзеннің басындағы су сору станциясын арнайы барып көрді.
Бұлан ауылдық округінде 4 азамат «Береке» бағдарламасы бойынша несие алып, мал бордақылаумен айналысуда. Аудан басшысы округ әкіміне бағдарламаға қатысушыларды әлі де көбейту жөнінде тапсырма берді.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиев Сырым ауданы бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының орындалуы және ауыл тұрғындарын осы бағдарламаның қатысушысы ретінде тарту мәселесіне тоқталды. Тұрғындардың кейбір сұрағына байланысты аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиев сөйледі. Кездесуді аудан басшысы қорытындылады.
Сырым ауданының әкімі Бұлан ауылдық округіндегі жұмыс сапарында Бұлан орта мектебінің жұмысымен танысты. Әкім мектептегі сынып бөлмелерінің жабдықталуына жақсы баға берді. Мектептің негізгі мәселесі – ол, ғаламтор сапасының төмендігі. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев жағдайды жақсартудың барлық жолын қарастыру керек деді. Өйткені, білім беру мекемесін инновациялық мүмкіндіктен үзуге болмайды.
Айта кетейік, бүгінгі күні Бұлан орта мектебінде 89 оқушы екі ауысымда білім алады.