Ауыл тұрғындарымен болған кездесуге Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Т.Айтқалиев жыл басынан бері атқарылып келе жатырған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ергазиева ауылдық округтегі 2 білім беру мекемесінің жағдайы қалыпты және білім беру сапасына байланысты арыз – шағымның жоқ екендігін айтып өтсе, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің кеңесші маманы Ә.Уталиев мемлекет тарапынан бөлінетін әлеуметтік көмекке енгізілген өзгерістер туралы түсінік берді. Жалпы ауылдық округ бойынша «Өрлеу» бағдарламасына сәйкес, 9 отбасыға шартты ақшалай көмек көрсетілген. Сонымен қатар аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Қайырғалиев ауылдық округте ауыз су уақытылы беріліп отырғандығын және қыс мезгілінде орын алуы мүмкін төтенше жағдайларға техникалардың дайын екендігін айтты. Кездесу барысында ауыл тұрғындарының тарапынан ауыл жастарының уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында ауылға спорт кешенін салу және ауылды жарықтандыру мәселесі көтерілді. Жиналысты аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы қорытындылап, айтылған ұсыныстарды қаперге алып, шешу жолдарын қарастыратынын айтты.