Аптаның соңғы жұмыс күнінде Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «ПАРЫЗ 2017» конкурсына қатысушы аудан кәсіпкерлері Айсұлу Ихсанова мен Гүльфия Нигметованы қабылдады. Қабылдауда Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Өркен Әменов бірге болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №523 Жарлығына сәйкес бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында жыл сайын оздырылатын «ПАРЫЗ» конкурсы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субьектілері деп есептегенде, үш санат бойынша оздырылады. Аудандағы ірі дүкендер желісінің иелері болып табылатын Айсұлу Ихсанова мен Гүльфия Нигметова бұл байқауға «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымы бойынша қатысқан. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев кәсіпкерлерге аудан экономикасын өркендетуге, ең бастысы еңбекте үлгі болғандары үшін алғыс айтып, оларға ҚР Еңбек және халықты қорғау министрі Тамара Дүйсенованың конкурсқа қатысушы екендіктерін растайтын арнайы дипломы мен естелік сыйлығын тапсырды. 
Айта кетейік, Айсұлу Ихсанова өзінің жеке кәсібіне 2000 жылы кіріскен болса, Гүльфия Нигметова бұл салада 1993 жылдан бері еңбек етеді. Екі кәсіпкер де - аудандағы қайырымдылық шараларының тұрақты демеушілері.