Бүгін Жымпитыдағы орталық алаңда «Төрлет, Жаңа жыл!» атты көпшілік мәдени-демалыс шарасы өтті. Аудан тұрғындарын жаңа жыл мерекесімен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтады.

– 2017 жыл – Тәуелсіз Қазақстанның тарихына алтын парақ болып енді. Бұл жыл Сырым ауданының қоғамдық-саяси өмірі үшін де жаңалық болды. Біз осы жылы ірі деңгейдегі мәдени оқиғалардың қабылдаушысы болдық.
Халықтың бақуатты өмірі мен бейбітшілік – Қазақстанның қашаннан бергі құндылығы. Сол құндылықтарымыз жыл сайын артып келеді. Елде тыныштық, жақсылық болсын! Жаңа жыл құтты болсын! – деді аудан әкімі өзінің құттықтау лебізінде.
Аудандық мәдени демалыс орталығы ұйымдастырған мерекелік шоу-бағдарлама тұрғындарға жаңажылдық көңіл-күйді жаңа қырынан берді. Орталық алаңдағы бас шыршаның айналасы думанға толды. Халық үшін жаңажылдық лоторея ойнатылып, үздік карнавалдық киімнің иелері марапатталды.
Шара мерекелік отшашумен аяқталды. Әрі қарай суреттер сөйлесін...