Бүгін Жымпитыдағы дене шынықтыру – сауықтыру кешенінде Сырым ауданы әкімінің балаларға арналған жаңа жылдық шырша мерекесі өтті.

Сырым аудандық білім беру бөлімінің мамандарының айтуынша, аудандағы шырша тойға 100 оқушы арнайы таңдалып алынған. Олардың ішінде ерекше жағдайды талап ететін 40 оқушы мен аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан мектептің білім беру және қоғамдық жұмысында белсенді 60 оқушы бар. Балалар әуелі Елбасы Н. Назарбаевтың мерекелік құттықтауын тыңдады. Кейінаудан балаларын Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев салтанатты түрде құттықтады. 
Сырым аудандық білім беру бөлімі мен аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы ұйымдастырған биылғы шырша тойы елдің астанасы Астана қаласының 20 жылдығына арналып отыр. «Асқақ ордам – Астанам!» атты мерекелік жаңажылдық бағдарлама жаңа жылдық мерекенің де, тәуелсіздік идеясының да мазмұнын аша білді деуге болады. 
Осы күні Астана қаласының 20 жылдығы құрметіне мектеп оқушылары арасында өткен аудандық сурет байқауы қорытындысы жария етілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы З. Ерғазиева марапаттады. 
Түс кезінде аудан әкімінің жаңажылдық шарасына қатысушы балалар үшін тәтті дастархан жайылды.