Бүгін Бұлан ауылдық округі әкімінің тұрғындар алдында есеп беру кездесуі өтті. Есеп беру жиналысына аудан әкімі Т.Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенгалиева, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Молдағалиев,аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ш.Райсов, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы А.Гумаров, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы С.Иманғалиев, аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысы Е.Журалиев, аудандық сот төрайымы Б.Баймұханова,электр жүйесі торабының басшысы Ж.Молдашев қатысты. Алдымен Бұлан ауылдық округінің әкімі Т.Қүбаев 2017 жылғы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ауылдық округ негізінде ауыл шаруашылығына бағытталған, соның ішінде тұрғындардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Округ бойынша қазіргі таңда 10 шаруа қожалығы бар. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында бірқатар шаруал қожалықтары несие алып, шаруашылықтарын дөңгелентіп отыр. Сонымен қатар ресми жұмыссыз адамдар тазалық, абаттандыру, ағымдағы жөндеу жұмыстарына ақылы қоғамдық жұмыстар арқылы тартылып отырады. Бұлан ауылдық округінде 70% тұрғын үйлер және барлық әлеуметтік нысандар көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ауыл әкімінің баяндамасынан соң, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы А.Гумаров тұрғындарға салықты уақытылы төлеу жайында түсіндіріп өтсе, аудандық сот төрайымы Б.Баймұханова үстіміздегі жылдағы Кодекске енгізілген өзгерістер туралы айтты. Сонымен қатар аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ш.Райсов тұрғындарға төрт түлік малды уақытылы сырғалату, екпе салдыру және төрт түлік арасындағы жұқпалы аурулардың алдын алу жайын түсіндіріп өтті. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары әкім есебіне оң бағаларын беріп, ауылдағы бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, ауылдағы мал жайылымдық жерлерінің тарлығы, ауыз су мәселесі және ауылдағы ұялы баайланыс пен интернет желісінің баяулығы жайы қозғалды. Жиналысты аудан әкімі Т.Төреғалиев қорытындылап, көтерілген түйткілді мәселелерді шешу жолдары қарастырылатынын айтты.