Бұл ұсынысты өлеңтіліктер Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықовтың Өлеңті ауылынының тұрғындары үшін өткізген есептік кездесуінде көтерді. Бүгінгі күні ауылда округ әкімдігі мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары, модельді кітапхана, пошта өкілі мен медициналық пунктті біріктірген әлеуметтік қызметтер орталығы жұмыс жасайды. Ауыл тұрғындары Өлеңті ауылына жаңа медициналық амбулатория мен клуб керек деп отыр.

Нысандардың әзірге салынатыны не салынбайтыны белгісіз. Бірақ, Өлеңті ауылының негізгі мәселелері рет – ретімен шешіліп келеді. Былтыр ауыл балалары білім алатын Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп – балабақша кешенінің дәлізі мен кейбір сынып бөлмелері ағымдағы жөндеуден өтіп, мектеп айналасы абаттандырылды. Мектептен ауылға шығаберіс бетке жаяу жүргіншілер жолы салынды. Жақсылықтар биыл да жалғаспақ. Мәселен, осы жылы ауылдың кіреберіс жолы асфальтталатын болды. Бұл жұмыстарға аудандық қазынадан 86 млн теңге қаралып тұр.

Мектеп дегеннен шығады, ауыл тұрғыны, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Тауфик Елубаев ауыл мектебінің ауыз су жүйесінен ақау шығып тұрғанын айтты. Осының кесірінен оқу процесі кезінде мектепте су болмайды. Жағдай бұлай жалғаса бермеу керек. Жиналысқа қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов мектеп басшылығын мәселені кешіктірмей шешуді тапсырды. Біздіңше, бұл іске тек мектеп емес, тұтас аудандық білім беру бөлімі араласуы керек. Оқушылардың ата – аналарының да талабы солай.

Осы сияқты ауыл тұрғындары Өлеңті өзенінің экологиялық ахуалы, ауыл маңындағы жайылымдық жерлердің тарылуы секілді мәселелерді айтты. Қорытынды сөзді аудан әкімінің орынбасары сөйледі.