Кешегі аптаның жұмасында Бұлан ауылдық округінің әкімі Тимур Құбаев Жамбыл ауылының тұрғындары үшін есептік кездесу өткізді. Жиналысқа Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, Сырым аудандық сотының төрайымы Ботакөз Баймұханова қатысты.

Жамбылдықтар осыған дейінгі есептік кездесулерде Жамбыл негізгі мектебінің жылыту жүйесін қалыпқа келтіру мәселесін көтеріп жүр еді. Былтыр осы мәселе түбегейлі шешіліпті. Мектептің жылыту жүйесі жаңаланып, едендері «жылы еден» технологиясына ауысқан. Оның үстіне, мектеп ғимаратының айналасына мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен 6 көше жарықшамы және қосымша 2 қуатүнемдегіш жарықшам қойылыпты. Жалпы, ауыл бойынша былтыр 6 жарықшам ауыстырылған. Ауыл көшелеріне ғана емес, 2017 жылы ауылдағы мәдени жұмыстарға да «жарық» түскен секілді. Былтыр жамбылдықтар «Туған жер бағдарламасы» аясында жерлес еңбек ардагерлері Мақсот Көлбаев пен Ибрагим Жұмабековты еске алу шараларын жоғары деңгейде өткізген. Осы ақпараттар округ әкімі Тимур Құбаевтың есептік баяндамасында кеңірек айтылды. 

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов округ әкімінің есептік баяндамасын жүйелі деп бағалады. Ауыл тұрғындары да осындай пікірде. Осы жерде тұрғындардың пікіріне емес, ұсынысына тоқталып кеткен дұрыс секілді. Жамбыл негізгі мектебінің директоры Тарас Ихсанов ауыл мектебіне көлік керек деп отыр. Ауыл тұрғыны Серік Жанысов ауылішілік электр желісін таратуды дұрыс ұйымдастыру жайлы мәселе көтерді. Келесі тұрғын Закария Кәрімов те осыны айтады. 

Қазақстандық қоғамда халықтық пікір барынша шешуші болып келеді. Осы және халықтық пікірдің күші – медиация мәселесі туралы Сырым аудандық сотының төрайымы Ботагөз Баймұханова хабарлама жасады.

Жиналыста аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов қорытынды сөз сөйледі. Кейін орынбасар мырза округ әкімі Тимур Құбаев және аудандық тұрғын - үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиевпен бірге Сара Жұмағұловаға тиесілі коммуналдық үйдің жағдайымен танысты. Айта кетейік, Сара Жұмағұлова Жамбыл ауылындағы есептік кездесуде өзі тұрған коммуналдық үйді жөндеп беру жөнінде мәселе көтерген болатын.