Әкімдердің есеп беру жиыны Аралтөбе ауылында өтті. Аралтөбе ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов пен ауылдық округ әкімі Әділхан Мұхитов өткен жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасады. 2017 жылдың еншісінде атқарылған ауданның ауқымды істері мен толайым табыстары бейнебаян арқылы көрсетілді.


Бұл ауыл газбен, сумен қамтылған ауыл. Алайда, Әділхан Рахымжанұлының айтуынша, Аралтөбе ауылдық округінің әкімшілігіне ғимарат қажет. Әкімдік ұжымы бірнеше жылдан бері аудандық мәдениет үйінде отырғаны рас. Округ әкімдігінде, Аралтөбе орта мектебінде, дәрігерлік амбулаторияда да қызметтік көлік жоқ. Аралтөбе ауылының кіреберісінің жолын жөндеу, көше шамдарын орнату, ұялы байланыспен қамту бүгінде шешімін табуға сұранып тұрған мәселелер.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы С.Иманғалиев, аудан әкімінің ұйымдастыру жұмыстары және мемлекеттік қызметтер мониторинг бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қ.Ишанғалиев, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Л.Мұқанова, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ө.Уашев, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Молдағалиев өз салалары бойынша жұмыстарын, биыл енгізілген жаңалықтар туралы хабарлады. 

Аралтөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан ағай әкімдер есебіне оң бағасын беріп, мектептің күрделі жөндеуді қажет ететінін, округте бірде-бір қызметтік көліктің жоқтығын мәселе етіп көтерді. Ауыл тұрғыны Серік Байыров санитарлық тазалық, мал бағымын ұйымдастыру, жол, көпірді жөндеу мәселелерін айтты. Санитарлық тазалық пен мал бағымы өз уақытында шешімін табатын болды. Жол мен көпірге де қатысты жұмыс қолға алынады.

Ауданда атқарылған істерді атап шыққан аудан әкімінің орынбасары Ерболат Әжмұхамбетұлы Аралтөбе орта мектебінің бір-екі жылда жөнделмейтінін, себебі күрделі жөндеуге мұқтаж басқа жағдайы қиындау білім ошақтары бар екенін, көлік мәселелесі назарда болатынын айтты.