Жетікөлдегі есептік жиынның жалғасы Шағырлой ауылында түйінделді. Ауылдық мәдениет үйінде тұрғындар алдында ауылдық округ әкімі Жакиев Айбол Кәримоллаұлы баяндама жасады. 4 елді мекеннің басын біріктірген Сарой ауылдық округінде 213 отбасы, 1083 тұрғын бар, 21 шаруа қожалығы мен 1 заңды тұлға ауылшаруашылығы кооперативі тіркелген. Есептік баяндамада округте атқарылған ауқымды істер жан-жақты қамтылған. Ел қамы үшін айтылған өзекті мәселелер де айтылмай қалмады. Ауыл тұрғындары зейнеткер Төлеген Нұрмұханов, Абай, Нығметолла Әбдуғалиевтер сарып ауруына малдың шалдығу себептері мен мал сою пункті жайлы сауалдарын қойса, Көздіғара негізгі мектебінің директоры Гүлмира Еркетілеуова мектепке спорттық жабдықтары бар ғимарат қажеттігін және ауыз су құдығынан мектеп ішіне су тартуды сұрады. ЖББ Абай орта мектеп-балабақша кешенінің директоры Тұрсын Төреғалиева мектепке жөндеу, автокөлік сұрады. Осы жиында аудандық сот төрайымы Ботагөз Баймұханова ҚР «Медиация туралы» Заңын кеңінен түсіндірді. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Молдағалиев мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, кәсіп ашу, шаруасын кеңейту туралы кеңес берсе, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ш.Райсов, малың жұқпалы аурулары туралы, оны азайтудың, яғни, күресудің жолдарынан мағлұмат берді. АІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Е.Журалиев мал ұрлығын болдырмаудың жолдарына тоқталып өтті. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмыстары және мемлекеттік қызметтер бөлімінің міндетін атқарушы Қ.Ишанғалиев цифрлық қызметтің үйренудің тиімділігімен таныстырды. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ө.Бектенов жұқпалы аурулардың алдын алу туралы түсіндірді. 

 

Аудан әкімі Т.Төреғалиев орта мектепті аралап көргенін айтып, жобалық-сметалық құжаттарын биыл жасақтап, келесі жылға жөндеуге жұмыстанамыз, автокөлікті де сол кезде алып беру мүмкіндігі бар деді. Жалпы көтерілген мәселелерді сараптап сөйлеген әкім мүмкін нәрсені істейміз, қолдан келмейтінге өтірік уәде бермейін дегенге сайып айтты түпкі түйінді.