Былтырғы жылы қабылданған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Сырым ауданында үлкен қарқынмен жүзеге асуда. Мысалы, бір ғана Бұлдырты ауылдық округінде «Туған жер» бағдарламасы бойынша 5, 5 млн теңгенің жобасы жүзеге асырылған. Бұл туралы округтегі есептік кездесуде округ әкімі Ерлан Мақашев айтты.

Бұлдыртылықтар ортақ жұмысты имандылықтан бастап, былтыр демеушілердің көмегімен 700 000 мың теңгеге ауыл мешітінің мұнарасын көтеріпті. Игі іске түрлі қызметте жүрген ауыл түлектері мен округтегі шаруашылық басшылары жұмылған. Осы жылы ауылішілік газ құбырын жүргізуші мердігер мекеме мешітке газды тегін өткізіп берді.


Шынында да, жомарттық пен елге деген махаббаттың үлгісін былтыр бұлдыртылық азаматтар мықтап көрсетті. Ауыл түлегі, кәсіпкер азамат Берік Сүлейменовтің ауылдағы орталық саябаққа өз қаражаты есебінен 1,5 млн теңгенің балалар алаңын салғаны – сөзіміздің дәлелі. Кәсіпкердің кең жүрегі ауылдағы демалыс саябағының басына береке мен думан орнатты. Жаз айлары бұл жер немересін жетектеген қариялардан арылған жоқ. айтпақшы, ауылдың балабқшасына 55 000 теңгенің аквариумын сыйға тартқан да осы - Сүлейменов мырза!

Ауылға ағалары жасаған жақсылықты інілері де лайықты жалғастырды. Былтыр 1992 жылы мектепті бітірген түлектер туған мектептеріне музыкалық аппаратура, 2002 жылғы мектеп түлектері теннис үстелін алып берді. Бұл да бір жақсылық деп, 1977 жылғы түлектер Бұлдырты орта мектебінің ауласына 11 шырша отырғызды


«Туған жер» бағдарламасы округке қарасты Көгеріс ауылында тіпті ерекше ынтамен жүріп жатыр. Қазір Көгеріс ауылында ауылдың азаматтары өз күштерімен ауылдық клуб ғимаратының құрылысы жүруде.


Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев өзінің сөзінде округтегі осы жұмыстардың елге үлгі болатынын айтты. 

Әрине, басқа округтердегі секілді, Бұлдырты ауылдық округіндегі есептік кездесуде де бірқатар мәселелер көтерілді. Мысалы, округ әкімі округтің ветеринарлық блогқа зәру екенін айтып отыр. 


Ауыл ақсақалы Чапай Есенғалиев ауылда тегін түгілі, сатып алуға дәрі – дәрмек жоқ деп отыр. Әдетте, жылдың басында осындай мәселелер болады. Мәселе жыл бойына ұзайтын болса, онда назарға алатын жағдай деп ойлаймыз біз мұны. Себебі, осындай мәселені көтерген Бұлдырты бірінші округ емес. 

Ауыл тұрғыны Янгүл Төлебаева мектептен ауыл мен мектеп тарихына мұражай ашу туралыс ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қолдап отыр. Осы мақсатта жиналысқа дейін Бұлдырты орта мектебінде мұражайға ұсынылған бөлмені де көріп шықты. Мұражай осы жылы анық ашылуы керек. Мектеп директоры осындай тапсырма алды. Айта кетейік, жаңа мұражай үшін ауылдан 200 – ге жуық жәдігер жиналып тұр.

Округтегі жұмыс сапары барысында аудан әкімі Бұлдырты дәрігерлік амбулаториясының да жұмысымен танысты. Бұл жерде 10 орындық күндізгі стационарлық емге мүмкіндік бар, 12 медициналық қызметкер жұмыс істейді.