Жосалы ауылдық округіндегі әкімдердің есептік кездесуінде жергілікті маңызы бар мәселелер айтылды. Соның бірі – Абдолла Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектеп – балабақша кешенін күрделі жөндеуден өткізу мәселесі. Округ әкімі Қобыланды Ғабдешовтың баяндамасынан кейін осы және басқа да мәселелер бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева сөйледі.

1967 жылы пайдалануға берілген ауыл мектебінде бүгінгі күні 131 оқушы білім алады, 29 педагог жұмыс жасайды. Білім ошағының жақсы бір жөндеуге зәру екенінен аудан әкімі Төлеген Төреғалиев хабардар. Кешегі округке сапары барысында да ол мектептің халімен танысып шықты. 


Осыған дейін хабарлағанымыздай, аудандағы 22 мектептің үштен бірі жөндеуге сұранып тұр. Сондықтан Абдолла Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектеп – балабақша кешенін жөндеу жұмыстары келесі жылға ысырылатын секілді. Аудан әкімінің сөзінен осыны түсіндік. Дегенмен терезелерді жаңалау, спорттық залдың желдеу жүйесін реттеу, балабақшаға ойыншық алып беру сияқты шаруалар шешіледі. 


Мектепте кадр жетіспеушілігі бар. ауылға орыс тілі және математика пәнінің мұғалімдері керек. Мұғалім дегеннен шығады, жосалылықтар ауылға жас мамандардың тұрақтамауына кәдімгідей алаңдап отыр. Осы мәселені шешу үшін олар Қоңыр ауылынан мемлекеттік бағдарлама арқылы жаңа тұрғын үйлер салуды ұсынды. Бұл ұсыныстың әзір жүзеге аспайтын түрі бар, себебі қазіргі сәтте округте тұрғын үй кезектілігі жоқ. 


Биыл Жосалы ауылдық округінің орталығынан әмбебап спорт алаңы салынады. Есептік кездесу спортсүйер қауымды осындай жаңалығымен қуантты. Ардагер ұстаз Батырғали Жәңгірханов спорттық нысандарды былай қойғанда, аудандағы спорт саласының өзіне серпілістер керек дейді. Бұл кісі аудан бойынша тоғызқұмалақ ойынынан федерация ашуға ұсыныс білдірді.