Аудан және ауылдық округ әкімдерінің Жымпиты ауылының халқы алдында есеп беру жиыны Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің акт залында өтті. Есепті жиынға аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықов қатысты. Ауданда атқарылған жұмыстардың есебі халыққа бейнеролик арқылы көрсетілді. 

Округ әкімі А.Баяндықов өткен жылы Жымпиты ауылы бойынша атқарылған және биыл орындалуы жоспарланған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Үстіміздегі жылы қолға алынатын жұмыстар қатарында Жымпиты, Өлеңті ауылдарына электр үнемдегіш көше шамдарын орнату, ауыл сыртындағы зиратты қоршау, Абай, Сейфуллин көшелеріне жаяусоқпақ салу, Қазақстан, Байжанов, Ж.Досмұхамедов, Жұмағалиев, Меңдалиев көшелерін орташа жөндеуден өткізу, Исаеав көшесінің жол құрылысы, Өлеңті ауылына кірме жолды орташа жөндеуден өткізу, Шоқанов, Сейфуллин көшелеріне кесекті гравильді жол құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау, Алашорда көшесі мен Мұхит көшесінің аралығындағы зиратты қоршау, орталық алаңды абаттандыру, Өлеңті өзені жағалауындағы саябақты қоршау, Қарасу мөлтекауданынан спорт алаңын салу болса, Өлеңті жағалауынан жеке кәсіпкер Қ.Көпешов алма бағын салмақшы. 

Жымпитылықтар ауыл әкімінің есебіне қанағаттанып, жұмысына оң баға бергенімен, ауданға газ таратып отырған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның қызметіне жаппай наразылықтарын білдірді. Қыстың ішінде халықтан газ есептегішті ауыстыруды талап етіп, ескерту қағазсыз көгілдір отынды айырып тастағандарын, тұрғындарға еш негізсіз айыппұл салғанын, Орал қаласына газ есептегішті апаруы үшін қалталары қағылғандарын айтып, ешқандай қарызы болмаса да, газ есептегішінің қолдану мерзімі өтпесе де, үстеме ақша төлеуді талап еткен мекемеге қарсы халық ашына сөйлеп, «ҚазТрансГазАймақ» халықты қанап отыр» деген жанайқайын жеткізді. Халықтың көтерген мәселесі дұрыстығын айтып, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сыдық Тәжмұхан, аудандық мәслихат депутаты Асхат Дүйсенғалиев, Сырым мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының экономисі Өркен Бектенов, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өрденбай Бектенов сөйледі. Облыстан арнайы шақыртылған «РЦКУ-Уральск» ЖШС-нің директорының орынбасары Аполлон Бектаубаев, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның облыстық филиалының жетекші маманы Рената Душанованың жауабына халық қанағаттанбады. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бұл мәселеге қатысты ҚР Энергетика Министрлігіне арнайы хат жазып, мәселені шешуді қолға алатынын айтты. 

Ардагер Есен Баймұханбетов зиратты қоршау мәселесін көтерді. Аудандық жергілікті полиция бастығы Ерлан Журалиев мал ұрлығының алдын алу мақсатында мал бағымы, малды таңбалау қажет екенін айтты. 

Қорытынды сөз алған аудан әкімі Т.Төреғалиев былтырғы есеп беру жиынында көтерілген зиратқа жол салу, көше шамдарын орнату жұмыстары жасалатынын, Кеңащыдан Жымпитыға су тарту жобасы жүзеге асса, Жымпитыға 24 сағат бойы су берілетінін және жол бойындағы елді мекендер осы жобамен «Ақбұлаққа» қол жеткізетінін айтты. Ауыл тазалығын сақтау мақсатында 150 контейнер алуға қаржы қаралып, тұрмыстық қатты қалдықтарды төгетін полигонды күтіп ұстауға арнайы кәсіпкер шығып, күл-қоқысты жинап алып кету үшін тариф жан басына айына 50 теңгеден белгіленетін болды.