Қостанай қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен ІV республикалық олимпиададан сырымдық оқушылар табысты оралды. Қ. Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Альбина Закина Қазақстан тарихы пәнінен І орынға, құқық негіздері пәні бойынша қатысқан осы мектептің 11 сынып оқушысы Әсемгүл Ұлықпанова арнайы алғыс хатқа ие болды. Жалпы білім беретін Жырақұдық орта мектебінің 11 сынып оқушысы Орынбек Нұрпейісов Қазақстан тарихы пәнінен ІІІ орынның иегері атанды. Республикалық пән олимпиадасының жүлдегерлері мен ұстаздарын бүгін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қабылдады.

Аудан басшысы өзінің сөзінде, мемлекеттің дамуын тек білімді адамдар ғана жүзеге асыра алатынын, ал білімді болу мектеп қабырғасынан басталатынын айтты. Сосын республикалық білім додасында биік нәтиже көрсетіп, Сырым ауданының білім беру саласын жаңа деңгейге көтерген Альбина Закинаға, Әсемгүл Ұлықпановаға, Орынбек Нұрпейісовке және Қ. Мырзалиев атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлдана Нұғманова мен Жырақұдық орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Райгүл Бабашеваға алғысын білдірді. Әкіммен кездесу барысында оқушылар өздерінің алдағы мақсаттарымен бөлісті. 
Айта кететін жайт, Сырым ауданының оқушылары республикалық пән олимпиадасынан І орынды алғаш рет иеленіп отыр. Осыған дейін, Қ. Мырзалиев атындағы мектептің оқушысы Назерке Мұрат ІІІ орынға ғана қол жеткізген болатын.
ІV республикалық пән олимпиадасының жүлдегері атанған оқушыларға ҚР Білім және Ғылым министрі Е. Сағадиевтің дипломы мен медаль табыс етіліпті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы