Бүгін дүниежүзілік денсаулық күніне орай Сырым ауданында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында Батыс Қазақстан облысының чемпионаты басталды. Чемпионатқа Орал қаласының құрамасы, Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі мен спортқа дарынды балаларға арналған мектеп–интернаттың жанындағы ауыр атлетика үйірмелерінің шәкірттері, Қазталов ауданы мен осы ауданға қарасты Жалпақтал ауылының құрамасы және Сырым ауданының құрамасынан барлығы 60 шақты спортшы қатысуда.

Батыс Қазақстан облысындағы ауыр атлетиканың тарихы 2006 жылдан бері басталады. Осы жылдың ішінде облыстан онға жуық спортшы ҚР Спорт шебері атағын қорғады. Сырым ауданындағы ауыр атлетика үйірмесі аудан әкімдігінің қолдауымен 2017 жылдың қыркүйегінде жұмыс бастады. ҚР Спорт шебері, жаттықтырушы Рауан Бүркітов жаттықтыратын сырымдық жас ауыр атлеттер нәтижені көп күткізген жоқ. Бүгінгі күні олардың алды облыстық ашық чемпионаттың жеңімпазы атанып үлгерді. Ауыр атлетика бойынша БҚО облысының аға жаттықтырушысы Дәурен Байтөреевтің айтуынша, ауыр атлетика бойынша жарысты Сырым ауданы тұңғыш рет қабылдап отыр. Бұл - аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы ауыр атлетика үйірмесі жұмысының алғашқы табысы.
Жарыстың салтанатты ашылуы шарасына дейін чемпионаттың жұлқа көтеру кезеңі аяқталды. Спортшылар енді серпе көтеруден өзара мықтыны анықтайтын болады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау күннің аяғында болады. Чемпионаттың ауыр салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздары ҚР чемпионатына жолдама алады.