Ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының және «Парасат» орденінің иегері Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын насихаттау мақсатында Ақжайық өңірінің кітапхана мамандарының арасында өтетін VІІ облыстық «Қадыр оқулары» байқауының аудандық кезеңі М.Есламғалиұлы атындағы Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі базасында өткізілді. 

Бес кезеңнен құралған байқауға аудандық және ауылдық кітапханалардан он үш үміткер қатысты. «Жыр дегенде даланы дүбірлеткен құлансың» атты кезеңінде кітапханашылар ақынның бір өлеңін немесе өз туындысын оқып, ақын сөзіне жазылған әндерді орындады. «Деген екен...Қадырдың қалжыңдары» бөлімінде қатысушылар ақынның бір қалжыңын образға еніп орындап, актерлік шеберліктерін көрсетті. «Ақынның мәңгілік мұрасы» атты кезеңде кітапханашылар бір минөтте Қадырдың 15 афоризмін жатқа айтты. «Жырлайды жүрек» кезеңінде ақынның «Туған жердің тылсым сырын ұғып көр...» өлең жолын өз беттерінше өлеңдеп жалғастырды. «Қадыр мұрасын кім көп біледі?» бөлімінде үміткерлер блиц-сұрақтарға жауап берді. 
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Жырақұдық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Мөлдір Бегимова, ІІ орынды аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Гүлім Жантурина, ІІІ орынды аудандық кітапхананың кітапхана ісін дамыту бөлімінің әдіскері Раушан Мұханбетқалиева иеленді. І орынды жеңіп алған Мөлдір Бегимова облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын болады. Жүлдегерлерді қазылар алқасының төрағасы, "Нұр Отан" партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев, мүшесі Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева марапаттады.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА