Осыған дейін аудандық мәслихаттың депуттары Өлеңті өзенінің экологиялық ахуалын жақсарту мәселелері бойынша мамандармен кеңес өткізді деп хабарлаған едік. Кеше Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықов, жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерлан Жоралиев, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өрденбай Бектенов және аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері Өлеңті өзенінің жағалауын жаяу аралап, жағдайды көзбен көрді.

Жымпиты ауылындағы С. Сейфуллин атындағы ұзын көше Өлеңті өзенін жағалай орналасқан. Содан да болар, Өлеңті өзенін дайын «қоқыс полигонына» айналдыруда осы көше «үлкен белсенділікке» ие болып отыр. Өзеннің аңғарын тұрмыстық қалдықтармен толтыруды, малдың қысқы қиын төгуді дағдыға айналдырған біраз тұрғынға кешегі рейд кезінде ескерту берілді. Олар иелігінің айналасындағы қатты тұрмыстық қалдықтар мен қоражайлардан шығарылған қалдықтарды сәуір айының аяғына дейін тазартуға міндеттелді. Ескертуді елемегендерді айыппұл күтіп тұр.
Аудандағы жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерлан Жоралиевтің айтуынша, елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай – ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы нысандарын бұзу, жасыл екпелерді жою және бұзу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505 бабында әуелі ескерту, оған көнбей жатса, жеке тұлғалар үшін – жиырма, шағын кәсіпкерлік субьектілері немесе коммерциялық ұйымдар үшін – отыз, орта кәсіпкерлік субьектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне – бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл белгіленіпті. 
Аудандық мәслихаттың депутаттары мекеме қызметкерлерінің сенбілік жасай бергенінен экологиялық мәселе оңалып кетпейді деп отыр. Ауылдың әрбір жеке тұрғыны тазалық мәселесінің маңызын түбегейлі түсінгенде ғана жұмыс нәтиже бермек.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ