Туған өлке-қасиетті мекен тұрағым,
Туған жерім қымбат маған – Бұланым.

Шөбі шүйгін, суы мөлдір өзені
Шідертіні мақтан етер ұланым...( авт. Н.Қажыгереев).
Иә, бұл өлең жолдары тұрғындары Шідертісімен мақтанар, адамдарының пейілі қазақтың жеріндей кең Бұлан ауылына арналған. Дәл осы ауылда Елбасының "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" мақаласы аясында жерлестер форумы оздырылды. Форумға аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов,ауыл ақсақалдары, ауылдан түлеп ұшып, қазіргі таңда әр аймақта, қала берді аудан орталығында әр саланың тұтқасын ұстап жүрген түлектер қатысты.Алдымен форумның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов пен Бұлан ауылдық округінің әкімі Т.Құбаев сөз сөйлеп, бүгінгі ұйымдастырылып отырған форумның мәні зор екендігін атап өтті. Форум қатысушылары мен арнайы шақырылған қонақтар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш-тақтаға гүл шоқтарын қойып, "Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын" дегендейін ардагерлер мен ауыл үлкендері орталық алаңға тал егіп,ауылдың гүлденуіне аз да болса үлестерін қосты. Одан ары форум жұмысы ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралаумен жалғасты. Алдымен, Бұлан ауылдық фельдшерлік пунктінің, Бұлан орта мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты. Байқағанымыз, ауылдық фельдшерлік пункт тәжірибелі мамандар мен заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Бұлан орта мектебі де жаңартылған оқу бағдарламасы аясында білім беріп, қазіргі таңда оқушылары облыстық, республикалық деңгейдегі пән олимпиадалары мен әр түрлі сайыстардан жүлделі орындарды иемденіп, білім сапасының жоғары деңгейін көрсетіп келе жатырған бірден бір білім ошағы болып табылады. Форум бағдарламасына орай қатысушылар мен қонақтар ауылдық мәдениет үйінде" Туған жерім - Бұланым" деп аталған дөңгелек үстелде бас қосып, ауыл ақсақалдары ауылдың тарихынан сыр шертті. Үлкендер сөзіне сүйенсек, қазіргі Бұлан ауылдық округі Ащысай ауылдық кеңесі деп аталған. Аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов дөңгелек үстел басында ауылдағы кезек күттіріп тұрған мәселелер жөнінде айтып, алдағы уақытта шешу жолдары қарастырылып, алдағы уақытта өз нәтижесін беретіндігін тілге тиек етті. Одан әрі, әр жылғы мектеп түлектері сөз сөйлеп, балалық шақ - бал шақтарын еске алысты. Қазіргі таңда әр саланың майталман шеберлері атанып, ел ықыласына бөленіп жүрген Бұлан орта мектебінің әр жылғы түлектері қай кезде де осы ауылда туып-өскендіктерін мақтан тұтатындықтарын және алыстағы осы ауылдан түлеп ұшқан замандастарының жүрекжарды тілектерін жеткізді. Жерлестер форумы түстен кейін аудан және ауыл көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Бұлан дегенде біреулердің есіне туған ауылы, кейбіреудің ойына өмірінің ең жарқын сәттері өткен жер, жастық шағы оралады.Ендеше жасай бер, жаңара бер талай дүлдүлдердің мекені болған Бұлан ауылы!