Бүгін Бөрлі ауданы Ақсай қаласында "Қазақстан барысы" республикалық турнирінің облыстық іріктеу кезеңі ұйымдастырылды. Барлық аудандық жəне қалалық іріктеу турнирлерінің жеңімпаздары қатысқан бəсекеге Сырым ауданының намысын Асхат Нұрмұханов қорғады. Финалдық бəсекеге дейін қарсылас шыдатпаған Асхат соңғы сында Бөрлілік Темірлан Көлбайдан сүрінді. Турнирдің ең сақа спортшысы атанған Асхат өзінің тəжірибесінің арқасында белсенді белдесті. Тіпті екінші кездесуде былтырғы республикалық "Қазақстан барысы" турнирінің қатысушысы, Республикалық "Алаш барысы" турнирінің жеңімпазы Казталовтық Ерназар Хамзинды айқын басымдылықпен жеңді. Асхат бұл турнирдің тек күміс жүлдесін иеленіп қана қоймай Темірлан Көлбай екеуі Астана қаласында өтетін республикалық "Қазақстан барысы" турниріне жолдама алды.