Бүгін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы іссапармен Сырым ауданында табан тіреді. Алдымен келген қонақтар аудан тарихынан сыр шертетін арнау өлеңді тыңдап, дәстүр бойынша дәмнен ауыз тиді. Театр және кино әлемінің майталмандары Алаш және С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін аралап, әр ғасырдан сыр шертетін жәдігерлермен танысты. Тағы бір мәрте ауданның арғы-бергі тарихын танып, Қ.Мырзалиевке арналып қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ақын жайында естеліктерін айтып, жырларын оқыды. Аталған театр ұжымын таңқалдырған тағы бір ауданымыздың көрікті жері Алаш саябағы болды. Себебі ақындардың рухты жырларымен жазылған ескерткіш тақталар, Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш кім кімді болмасын тебірентпей қоймасы анық. Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткішке қонақтар дәстүр бойынша гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.