Аудандық мәдениет үйінде «Жас дарын-2018» шеруі өтті. Шараға аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, ардагер ұстаздар, ауданның үздік шәкірттері мен жетекші ұстаздары қатысты. Мәдениет үйінің фойесінде оқушылардың жетістіктерінен көрме жасақталды.
Аудан әкімі Т.Төреғалиев сөз сөйлеп, жас дарындарды құттықтады. «Алтын белгіге үміткер» ауданның 17 болашақ түлегін, «Үздік аттестаттан» үмітті үш оқушыны марапаттады. Қособа орта мектебінің директоры Бейімбет Жаймановқа тиесілі болған «Үздіктер мектебі» жылжымалы кубогын ең үздік оқушыларды көбірек дайындаған Бұлдырты орта мектебінің директоры Алмагүл Бисалиеваға аудан басшысы тапсырды. Ең үздік оқушыларға арналған «Дарын» сыйлығы Жырақұдық орта мектебінің 11 сынып оқушысы Орынбек Нұрпейісов пен Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Альбина Закинаға табыс етілді.
Халықаралық байқауларда жүлдеге ие болған үздік оқушыларды аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева мен Сырым ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ә.Ғалымов марапаттады. Марапатқа ие болғандар арасында Г.Нұрмұханова жетекшілік ететін Үлгілі «Айналайын» би ансамблі, А.Сарғозиева жетекшілік ететін Үлгілі «Аружан» би ансамблінің үлкен тобы және орта тобы, Ж.Сүндетова жетекшілік ететін «Керім ай» би ансамблі бар. Бұдан бөлек 19 өнерлі өрен жекелей марапатқа ие болды.
Республикалық байқауларда орын алып, үздік көрінген 29 шәкіртті Сырым ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз К.Федянин мен «Нұр Отан» партиясының Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Дарғожиев марапаттады.
Білім саласы бойынша облыстық байқаулар мен жарыстарда жүлделі орын алған 17 оқушының марапаттарын аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ерғазиева, ардагер ұстаз Г.Ерғалиева табыс етті.
Облыстық түрлі байқауларда, жарыстарда орын алған өнерлі өрендерді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Нұрпейісов марапаттады. Бұл марапатқа ие болғандардың ішінде «Біздің уақыт» жайдарман тобы бар.
Облыста спорт және туризм саласында топ жарып жүрген оқушыларға Жымпиты ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, ардагер спортшы Ғ.Қаналиев командалар бойынша және жекелей алғыс хат табыстады.

Ауданның үздік оқушыларына арнап Балалар саз мектебінің ұлт аспаптар оркестрі, Үлгілі «Аружан» би ансамблі, Үлгілі «Айналайын» би ансамблі, «Керім ай» би ансамблі, «Жарқын» квартеті, Балалар саз мектебінің квинтеті, Ғ.Базарбаев, А.Көлбаев өнер көрсетті.