Сырым ауданында айтыскер-ақын, Халықаралық айтыс ақындары мен жыр-термешілер Одағының мүшесі,«Сырым елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлының «Қалаға хат» атты жыр кеші өтті. 

Шара Бауыржан оқыған Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінен бастау алды. Жаһаншаның мүсіні орнатылған алаңда аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, айтыскер ақындар, кәсіпкер Құсайын Бақтияров сынды кеш қонақтарына мектеп оқушылары әдеби монтаж қойып, өлеңдер оқыды. Содан соң, мектеп музейін аралады. 
Қонақтар Алаш музейінде де болып, алаш арыстарының өткен өмірімен, тағдырымен танысты. Қадыр ескерткіші алдына тоқтап, оқушылардың оқыған өлеңдерін тыңдады. «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин мен Қадыр атындағы мәдениет және өнер орталығының қызметкері, айтыскер-ақын Айнабек Бисенғалиев гүл шоқтарын қойды.
Аудандық мәдениет үйінде кештің негізгі бөлімі өтті. Мұнда фойеде Бауыржан Ширмединұлы туралы кітап көрмесі қойылып, оның авторлық фотосуреттері де халық назарына ұсынылды.
Жыр кешіне, Бауыржанның «Дәптер» атты алғашқы өлеңдер жинағының тұсаукесеріне халық көп жиылды. Залда бос орын болмаған соң, аяқтың талғанына қарамастан тұрған күйінде төрт сағатқа созылған кештің соңына дейін өлең тыңдаған көрермендер де болды. 
«Дәптер» атты кітаптың тұсаукесер рәсімін Бауыржанның өнердегі әкесі санайтын «Сырым елі» газетінің бас редакторы Махмет Қажиахметов пен Қадыр атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, айтыстағы ұстазы Бауыржан Халиолла жасады. Б.Халиолла Бауыржанға құттықтау хат табыс етіп, иығына шапан жапты. 
Сахнаға Сырым Датұлы, Жаһанша Досмұхамедов, Абдолла Жұмағалиев, Қадыр Мырза Әли, Оралбек Қожагелдинді тіріліп келгендей етіп, рөлін сомдаған әртістер шығып, өлең оқыды.
Содан кейін Бауыржан Ширмединұлы өзі шығып, өлеңмен сөйледі. Б.Ширмединұлының сөзіне жазылған «Тойбастар» әнін Тілек Базаров орындады. Ғазизхан Шекербек «Әкем, анам», «Еркекпін» әндерін шырқады. 
Кешті Ақтөбе облысынан келген ақын, тележүргізуші Азамат Әбілқайыр жүргізді. Бауыржан «Дәптердегі» өлеңдерін оқып, «Әкемен сырласу», «Диірмен», «Қарындасқа» «Ала дорба» туындыларымен халықтың көзіне жас келтірді, жүректерін тебірентті, көңілдерін толқытты. Оның өлеңдері өмірдің өзінен алынғандықтан, әрбір көрермен өлеңнен өзінің тағдырын көрді. Өмірдің әдемі, жасанды жағын емес, боямасыз, ащы шындығын көрді. Бір кездері бастан кештен қиын-қыстау сәттері көз алдарына келді.
Оқып қараңыз:
Ала дорба, кәдімгі ала дорба,
Анамда болып еді ала дорба, 
Жүретін ылғи өзі ала қолға,
Қаншалық ыстық болса балалығым,
Дәл солай ыстық еді маған ол да.
Менің анам және сол ала дорба,
Табуға азық үйге балаларға,
Арқалап, тары-талқан ала таңмен
Кететін Жымпитына аралауға.
Ол кезде еріну мен шаршау қайда,
Әркім де күн көріске жан салмай ма?
Барып тары-талқанын қайран анам,
Ауыстырып алатын нан, май, шайға.
Әкемді де болдым-ау еске алатын,
Марқұм отын кіргізіп, пеш жағатын. 
Анамның бір қолынан ұстап алып,
Ала дорба келеді кешке жақын.
Келеді кешке жақын ала дорба,
Іші толған болады тағам онда,
Асын адал тапқанға дастарқанның, 
Әкем де мәз, мәз еді әрі анам да. 
Көрсе де, бірге екеуі небір күнді,
Болатын ажарлары керім нұрлы,
Ала дорба үйге шай, тамақ емес,
Осылай бақыт алып келіп жүрді. 
Жылды жыл, күнді деген күн қуады, 
Күнінде күн көрісті қылды бәрі. 
Жоқшылықтың салмағын көтерем деп, 
Үзілді сол дорбаның бір құлағы.
Шүкір, бүгін баянды бақ-ырысым,
Бірақ, бөлек өткеннің қадірі шын.
Ала дорба бос емес, анам оған,
Салып, сақтап қойыпты сағынышын.
Бұл өлеңді оқығанда зал қолды аямай соғып, разылықтарын білдірді. 

Бауыржанды алғашқы жыр кешімен, тұңғыш кітабының жарық көруімен құттықтаған Жүрсін Ерман, «Жігіттер» квартеті, Алпамыс Шаримовтың жіберген бейнеқұттықтаулары көрсетілді. 
Б.Ширмединұлының жыр кешінің 22 мамырға қойылуының себебі, бұл оның анасының туған күніне жасаған сыйы екен. Анасы, апасы туралы өлең оқып, залда отырған анасы Майраға гүл сыйлады. 
Бауыржанның айтыстағы достары Айнабек Бисенғалиев, Талғат Мықи, Мұрадым Мирланов, Аспанбек Шұғатаевтар Құлмамбет айтысын көрсетіп, халықты қиқулатып, думанға бөледі. Келген қонақтар сахнаға көтеріліп, «Дәптер» атты алғашқы жыр жинағымен құттықтады. «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин Бауыржан Ширмединұлына Ғұмар Қараштың шығармалар жинағын табыс етті. Ақжайықтан ат арылтып жеткен ақын Сағынтай Бисенғалиев «Жымпиты» өлеңін оқып, естелік сыйлық табыстады. Облыстық мешіттің наиб имамы Бақытжан Сабыралиев, Зеленов ауданының мәслихат хатшысы Рамазан Исмагулов, Ж.Досмұхамедов атындағы орта-мектеп балабақша кешенінің директорының орынбасары Мәншүк Бахитова, бастауыш сынып мұғалімі Тойған Убишева құттықтап, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ақын Есен Баймұхаменбетов пен «Жас ақындар» үйірмесінің жетекшісі М.Жампозов өлең арнады. 
Бауыржан Ширмединұлы қарындасы Ақбота Ширмедин екеуі сахнада «Тәуелсіздік деген не?» атты әдеби монтаж өлең оқыды. Ағасын «аппақ барысқа» теңеген Ақботаға көрермен разы болып, «айналайындарын» жаудырып жатты. 
Күйші Асылбек Бектас саусақтарын қос ішекте ойнатып, күй тартты. Алмас Елшібеков, Нұрлыбек Байниязов, Бекей Қанатов сахнада Б.Ширмединұлының сөзіне жазылған А.Елшібековтың «Жасай бер, елі Сырымның» әнінің тұсауын кесті. Тарас Жауынбаев, Айдархан Рамазанов, Нұртілеу Болат әсем әндерімен кештің шырайын келтіре түсті. 
Кешті ақын адамға үлкен ой салар, туған жерге, ауылға деген махаббат пен сағыныштың отын маздататын, ауылдың тіршілігін көз алдыңа дөңгелетіп әкелетін «Қалаға хат» өлеңімен аяқтады. Соңында «Мен сіздерге кешіме келгендеріңіз үшін иіліп тағзым етем»,- деп, залдағы халыққа басы жерге жеткенше иіліп, алғысын білдірді. 
Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев «Небір алып та, Сырымдай, Жаһаншадай батыр да, Абдолла мен Қадырдай ақын да анадан туылды. Сондықтан бүгінгі той, бүгінгі қуаныш Бауыржанның анасы Майра апамыздың қуанышы. Балаңыздың ел алдындағы абыройын көріп отырсыз. Жасыңыз құтты болсын!», -деп, Майра апайдың басына орамал жауып, қамзол кигізіп, құрмет көрсетті. «Баламның жетістігін, оны қаумалап келген осындай елді көріп отырған мен әлемдегі ең бақытты анамын. Бауыржан тек менің балам емес, елдің баласы»,- деп, ақынның анасы тебірене алғысын айтты. 
Аудан басшысы кеш иесі Бауыржан Ширмединұлына құттықтау хат пен естелік сыйлық табыс етті. Кешті жүргізген Азамат Әбілхайыр мен Аспанбек Шұғатаевқа Сырым ауданы халқы атынан сый-сияпат жасады.
«Сырым елі» газетінің бас редакторы Махмет Қажиахметов құттықтау хат пен ұжымы атынан кілем сыйға тартты. «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов шұғыл Астанаға жол жүріп бара жатып, Бауыржанға ат мінгіземін деп айтқанын жеткізді.