Бүгін орталық алаңда 23 маусым Қазақстан Республикасының Полиция қызметкерлері күніне орай мерекелік шара өтті.

Шарада мемлекеттік ту салтанатты рәсіммен енгізіліп, мемлекеттік әнұран әуеледі. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп:

– Сіздер күнделікті қызметтеріңізде халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін шешуге атсалысасыздар. Қазақстандық полиция өзінің құрылған күнінен бастап Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық тәртіп пен азаматттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндеттерді табысты жүзеге асырып келеді. Осынау ортақ іске Сырым аудандық ішкі істер бөлімі де елеулі үлес қосуда. Біз сіздердің кәсіптеріңіздің қаншалықты қиын, тіпті кей жағдайларда аса қауіпті екенін де жақсы білеміз. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, мінсіз қызметтеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін,- деді. Аудан басшысы бірқатар полиция қызметкерлеріне марапат табыстады. Қазақстан полициясы күні мерекесіне орай Ішкі істер министрінің омырау белгісімен АІІб-нің азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының инспекторы, полиция майоры Шайзада Жасталапова, уақытша ұстау изоляторының полицейі, полиция аға сержанты Серік Ахметжанов наградталды. Қызметтік борышын мінсіз орындап жүрген жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторларының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Тимур Бисенғалиев пен аудандық ішкі істер бөлімінің жүргізушісі, полиция аға лейтенанты Армат Ихсанов Батыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің бастығының грамотасымен марапатталды. Өркенғали Бердіғожиев, Асан Қабиев, Рауан Құмарғалиев, Жасболат Мұхамбетжанов, Медет Рахметов сынды полиция қызметкерлері аудан әкімінің алғыс хатына ие болды.

АІІБ-нің ақпараттық-аналитикалық тобының аға инспекторы, Жангүл Бисембиеваға полиция капитаны, жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Асланбек Исламғалиевке полиция аға лейтенанты арнаулы атағы берілді.

Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Бақтығали Қожахметовтың грамотасымен Нұрбол Қабиев, Армат Өтегенов, Роза Жұмағамбетова, Сабыр Жалдатов, Сейітжан Жұмабаев, Жаннат Жұмақұловалар марапатталды. Ант қабылдау рәсімін өткізу үшін аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Жанболат Мурзашев шақырылып, облыстық мамандырылған күзет қызметі басқармасының 2-ші полиция батальоны, 5-ші взвод жас қызметкерлері Асхатбек Шалабаев, Ерзатхан Батырбеков, Ералы Әлібеков ант қабылдады. Кәсіби мереке иелерін аудандық ішкі істер бөлімінің ардагері Демеуғали Беркалиев құттықтады. Салтанатты шара шара ауданкөркемөнерпаздарының сазды бағдарламасымен жалғасты.