Алдыңғы жолы хабарлағанымыздай, аудан әкімінің ашық есік күндері Жетікөл ауылдық округінде жалғасын тапты. Аудан басшысы округ орталығы Қосарал ауылының, содан кейін Жетікөл елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Алдымен 2018 жылдың алты айындағы атқарылған жұмыстар жөнінде ауыл әкімі С.Ғабдуллин баяндама жасады.

Округтің негізгі даму бағыты – мал шаруашылығы болып табылады. Округ бойынша 27 қожалық, 1 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативы тіркеліп, қазіргі таңда мал өсіріп, мал азығын дайындаумен айналысады. Сонымен қатар ауыл тұрғындары «Береке», «Игілік» бағдарламалары арқылы несие алып, шаруашылықтарын дөңгелентіп отыр. Айта кетерлігі, 2014 жылы Қосарал, Жетікөл ауылдарына газ құбыры тартылып, барлық әлеуметтік нысандар, бүгінгі таңда Қосаралдан 124 үй, Жетікөлден 17 үй газбен қамтылған.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары ауыз су және жол мәселелерін көтерді. «Сырым» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Руслан тасқалиевтің сөзіне сүйенсек, «Таза су» қондырғысы арқылы берілетін судың сапасы қондырығының сүзгілері дұрыс айырмағандықтан ішуге жарамсыз. Жаңадан анықталып, зерттелген су көзінен тартылуға тиіс ауыз су жүйесінің жобалық сметалық құжаттары жасақталып, сараптама қорытындысы күтілуде. Ал Жетікөл елді мекені тұрғындары мал жайылымынң тарлығы жөнінде мәселе көтерді. Бұл мәселе жөнінде аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ө.Уашев жауап берді. Жиналысты аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылап, аталған мәселелерді шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті.