Бұлдырты ауылдық округіндегі Бұлдырты және Көгеріс ауылдарында аудан әкімінің ашық есік күні өтіп, оған Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев, Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев, жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бердес Төлегенов, аудандық электр торабының бас инженері Серікбол Мұқанов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қонысбай Молдағалиев, жұмыспен қамту орталығының басшысы Саламат Иманғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Абылай Кәримоллаев аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Айболат Нұрмұханов қатысты. 

Ауылдық округ әкімі Ерлан Қабдолуапұлының айтуынша, округте 1200 тонна күл-қоқыс шығарылды. Көгеріс ауылында 400 тонна күл-қоқыс шығарылып, бөгет бөгелді. 6 ұрлық тіркеліп, 100 пайыз ашылды. Ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су тарту үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп, құбырлар тартылуда. 
Жұмыспен қамту орталығының басшысы С.Иманғалиев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының үш бағытын түсіндірді. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша Бұлдыртыда 3 адам оқытылды. Жұмыспен қамту мақсатында 7 жылға 6 пайыздық өсіммен, 1,5 жыл каникулымен берілетін несиені алуға 5 бұлдыртылық ниет білдіріп отыр. Бұл көрсеткіш әлі де аз, несие алатындарды көбейту керек, мемлекеттің беріп тұрған мүмкіндігін пайдаланып қалу керек деді С.Иманғалиев. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ерғазиева Бұлдырты орта мектебі биылғы оқу жылын жақсы көрсеткішпен аяқтағанын айтты. Биылғы түлектердің ішінде 7 «Алтын белгі» иегері шықты. 
Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Қ.Молдағалиев ауданда қырлықтағы шөп мәселесі қиын болып тұр, Бұлдырты құмды жер болғандықтан, қырлыққа қарағанда шөбі салыстырмалы түрде жаман емес деді. Округ шөп шабуды 10 пайызға орындап отыр. Биыл Атыраудан келетін жанар-жағар майдың да бағасы қымбатырақ болып келуі мүмкін. 
Аудандық электр торабының бас инженері С.Мұқанов жуырда Қарақұдық елді мекеніне 2 трансформатор, бағаналар қойылғанын айтты. Ауыл әкімі Е.Мақашев Аққұдық нүктесінде фаза нашар, фазасын есептеп шығару керек деген ұсынысына С.Мұқанов мәселенің оңынан шешілетінін айтты. 
Ауыл тұрғындары жұмыссыздық, жүргізіліп жатқан «Ақбұлақ» құрылысына ауыл тұрғындарын тартуды сұрады. Бүгінде «Ақбұлақта» 8 бұлдыртылық жұмыс жасайды, тағы қосымша ауыл адамдары жұмысқа алынады. 
Аудан әкімі Т.Төреғалиев қорытынды сөз алды. Аудан басшысының айтуынша келесі жылы Кеңащы нүктесінен Жымпитыға су тарту үшін 2 млрд 400 млн теңге республиканың қазынасынан бөлінбек. Егістік даласы 11 600 га жерді құрайды, алайда көктемнің салқын болуынан егіннен күтер үміт аз. Бұлдыртыға спорт зал салынады. Аудан басшысы «Цифрлы Қазақстан», «Күнделік.кz» бағдарламалары, ІТ технологиясының пайдасын түсіндірді.
***
Ауылдық округ әкімі Е.Мақашев Көгеріске қатысты мәліметтерді таныстырды. Мұнда 3 адам «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша оқыды. Мал ұрлығы тіркелген жоқ. 22 үйге көгілдір отын кіргізілген. Электр желілерін ауыстыру қажет етіп тұр. Көгеріс негізгі мектебін 42 бала оқу жылында бастап, 41 баламен аяқтады. 2 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. 2 адам несие алуға ынталы. 
«Көгерістегі ауыз су құдығынан мал суаруға рұқсат жоқ»,- деді Сырым мелмекеттік коммуналдық кәсіпорнының инженері Т.Нұрғалиев. Мал суару үшін құдыққа арнайы сақина салынып, су есептегіш құрал орнатылған соң, тұрғындар ауыз суға бөлек, мал суаруға бөлек төлем төлеуге келісті. «Көгерістің электр желісін келесі жылға күрделі жөндеуге жоспарға енгізіп көреміз, бірақ биыл бағаналардан ауыс-түйіс болып жатса, айырбастаймыз»,- деді аудандық электр торабының бас инженері С.Мұқанов. Көгеріс негізгі мектебінде ағымдағы жөндеу жүріп жатқанын айтты аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ерғазиева. Мектептегі 5 компьютердің 3-еуі ғана жасайды екен. Биыл келген жаңа компьютерлерден мүмкіндігіне қарай қыркүйек, қазан айларында ауыстыруға тырысамыз деді ауданның бас ұстазы. Бұл елді мекенде интернет желісі қиын мәселе болғандықтан, «Күнделік.kz» сайтына кіру де ата-аналар үшін оңай болмайын деп тұр. 
Ауылда бұралқы иттердің көбейгенін айтып шағымданған халыққа ветеринария бөлімінің басшысы А.Кәримоллаев бұралқы иттер көп ұзамай жойылатынын айтты. Тұрғындар бұрынғы үйдің орнына қалай үй салуға болатынын, қалай үйге құжат жасатуға болатынын сұрады. Көгеріс негізгі мектебінің директоры Ж.Қайыров мектепке спортзал, су, қоршау қажеттігін айтты. Аудан әкімі Т.Төреғалиев мектепте су, кәріз құдығы міндетті түрде болуы керек, қоршауды келесі жылға жоспарлаймыз деді. 
Кәсіпкер Б.Ешмұханов: «Ғаламторды ашып қалсаң, ел ішінде алауыздық тудыратын әңгімелер көп, қарапайым халық оның ақ-қарасын ажырата алмай, кімге сенерін білмейді. Сенейін десең, елде жағдай жақсы, сенбейін десең, мемлекеттік саясатқа қарсы түрлі насихаттан көз сүрінеді. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?» - деді. Т.Төреғалиев әлеуметтік желідегі ондай алып-қашпа әңгіме тудырып, ел ішіне іріткі салушыларды шетел қаржыландырып отырғанын, олардың мақсаты біртұтас, тату, бай, мұнайы, газы, қазба байлықтары көп елді иелену екенін айтты. «Қаржы қайда кетіп жатыр десеңіздер, біздің еліміз әлемде жер көлемі жағынан 9-орын алады. Осынша шетімен-шегі жоқ жерге небары 27 жыл ішінде газ, су, жол, темір жол тартуға қыруар қаржы жұмсалып жатыр»,- деді аудан басшысы. 
Жуырда шабындық жері өртке оранған «Ізет» ШҚ қысқы мал азығы үшін бос шабындық жер сұрады аудан басшысынан. Т.Төреғалиев шабындықсыз қалған шаруашылыққа шөп шабатын жер тауып беретінін, ал өртке себепші болғандар жауапқа тартылатынын айтты. Аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Б.Төлегенов «Жер кодексіне» сай жерді пайдаланушы оны күтуге, қорғауға міндетті» деп, тұрғындарды жерді аса сақтықпен күтіп-қорғауға шақырды. 

Бұлдырты-Көгеріс