Бүгін Сырым ауданында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін түсіндіру бойынша жиналыс өтті. Жиналысқа ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Снежана Имашева қатысты.

Снежана Имашеваның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасы мен халықтың ұсыныс – пікірін ұштастыруда парламент ашық, жариялы түрде жұмыс жасап жатқан көрінеді. ҚР Парламенті қабырғасында әрбір министрдің ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер мен оларды жүзеге асыру жөніндегі баяндамасы тыңдалыпты. Жолдауда айтылған мәселелердің төңірегінде 300 – ге жуық депутаттық сауал жарияланған. Ол сауалдардың барлығы халықтың игілігін көздейді.
Халық игілігін көздейтін бірқатар ұсыныс Жымпитыдағы жиналыста да айтылды. Бүгінгі күні аудан орталығы Жымпитыны ауыз сумен қамтамасыз етуші ұңғымалардағы су қорлары азайды. Егер, Кеңащы жер асты су кен орынынан аудан орталығына ауыз су құбырын тарту жобасы жүзеге асса, ең әуелі ауданның басы, одан бөлек, Бұлан, Қособа, Сарой және Жетікөл ауылдық округтері үшін ауыз су мәселесі шешіледі. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев депутат ханымнан осы жобаны қаржыландырылуына мүдделес болуын сұрады. Аудан басшысы ауылдық округтердің далалық өрт жағдайларындағы материалдық – техникалық базасын күшейту мәселесін де көтерді. 
Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов тыл еңбеккерлері дәрежесіндегі ардагерлерден бөлек, басқа ардагерлерге де тегін санаторлық ем алуға мүмкіндік керек деген ұсыныс айтты. Осы ұсыныс ҚР Парламентінің әлеуметтік комитетіне жиі түсетін көрінеді. Снежана Имашева, солтүстік өңірлерде бұл мәселені жергілікті бюджет арқылы шешу тәжірибелері барын айтты. 
Кеше ауданның басында балаларына екпе салдырудан бас тартқан ата – аналардың мәселелері мамандардың арнайы жиналысында кеңірек сөз болды. Сол жиналыстың қорытындысы ретінде, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева екпе алуды міндетті ету туралы заң қабылдау керек деген ұсыныс білдірді. Бұл мәселе бойынша парламентте де қызу талқы жүруде екен. Депутат ханымның болжамынша, екпенің барлық түріне болмағанмен, кейбір түрлеріне байланысты оң шешім міндетті түрде болатын сияқты. 
Мал және механизатор сияқты ауылшаруашылық мамандарын мемлекеттік қолдау шараларын қабылдайтын уақыт жетті деген аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің ұсынысын облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов жалғастырды. Оның айтуынша, шынымен де, ауылшаруашылығының дәстүрлі мамандықтары бақташылық пен механизаторлыққа құлық танытатын адамдар азайыпты. Ойлап қарасаң, нағыз ауылға орнықтыруға күш салатын, жағдай ұсынуға лайықты мамандар осылар. Мемлекет медицина, педагогика саласындағы мамандықтар үшін көп гранттар бөледі, ал ауылдағы мектептер мен денсаулық сақтау ошақтары әлі күнге кадр жетіспеушілігі мәселесінен құтылған жоқ. себебі, мұғалім мен дәрігерлер де ауылға көп келгісі келмейді. Зоотехник, селекционерлер де ауылға келмейді, тіпті мамандықтары бойынша жұмыс жасамайды. Облыстық мәслихат депутаты мемлекеттік грант алған жас мамандар ауылға еңбек етуге міндетті болуы керек дейді. 
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Снежана Имашева Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Өркен Бектеновтың көтерген «ТұрғынҮйҚұрылысЖинақ» банкінің тұрғын үй құрылыстарын қаржыландыру жобасын ауылдарда жүзеге асыру туралы ұсынысына қолдау білдіруге келісті. Бұл жобаның шарты бойынша банк тек қаланың аумағынан 80 шақырымға дейінгі елді – мекендердегі тұрғын үй құрылыстарын қаржыландыра алады екен. Бүгінгі күні тұрғындардың құрылыс бастауға қауқары болмауы себепті Жымпитының өзінде 100 шақты участок игерілмей тұр. Жоба 80 шақырымнан алыс аудан орталықтарында жүзеге асса, біраз жанұя үшін баспана мәселесі шешілетіні анық. 
Жиналыстан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежана Имашева аудан орталығындағы Алаш саябағы мен С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінде болды. Кейін «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының мәжіліс залында заң қызметкерлерімен кездесті.