Кеше Орал қаласында Сырым ауданының көркемөнерпаздары Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Астанаға сәлем!» атты концерт берді. Қаланың жаңа алаңындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өткен концертті тамашалауға халық көп жиналды. Көрермендер қатарында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары С.Дүйсентегі, облыстық xалық шығармашылығы орталығының директоры М.Жұбатов Қадыр орталығы директорының орынбасары Н.Тасболатов, Сырым ауданы әкімінің орынбасары А.Саркулов болды.

Концертті жүргізушілер өнер сәлемін ресми түрде Сырым ауданынан деп емес, әлеуметтік әділеттілік үшін атқа қонған батыр, шешен Сырым батырдың, Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың, батыр десе батыр, ақын десе ақын Абдолла Жұмағалиевтің, халықтың ақыны Қадыр Мырза Әлидің елінен деп жолдады. Концертті Б. Жұмағалиева жетекшілік ететін Үлгілі «Жауқазын» би ансамблі «Шалқыма» биімен ашты. Қазақ биінен кейін сахнада қазақтың ұлттық музыкасы салтанат құрды. Дәстүрлі әншілер Мұхамбет Мамықов пен Армат Алдамжаров жасаған әндер шеруіне тыңдармандар толқындатып қол соқты. Темірлан Жолымбет пен Мейрамбек Ғайниден тартқан күй де қошеметтен құр қалған жоқ.
Әндердің дені негізінен елдің астанасы, тәуелсіздіктің тұмарындай болған Астана қаласына арналды. Аудандық демалыс орталығының әншілері Армат Жұмагелдиев, Гүлдерайым Опағалиева, Алмагүл Жұма, Асылау Әбуғалиева орындаған әндердің мәнінде Астананың тарихтың аманатындай болған құндылық екені, жас қаланың жастар мен болашақтың қаласы екені айтылды. Бұлардан бөлек, ауданның жас әншілері, әсіресе әнші Еркегүл Өтенғалиеваның оқушылары, аудандық балалар саз мектебіндегі Әсел Бисенғалиева жетекшілік ететін жас пианистер, жас домбырашылар кәсіби өнерпаздармен бірге жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Сырымдықтардың концертінінің тағы бір ерекшелігі, әншілердің жанұя болып өнер көрсетуі болды. Халықтық Шайхиевтер, Халықтық Кенжебаевтар отбасылық ансамбльдері, Айдарбек және Қалампыр Көлбаевтар өздерінің әдемі әндерін әдемі Астанаға арнады.
Амфитеатрдың көрермендер алаңын толтырған ағайын Сырым ауданындағы әншілердің авторлық туындыларын да жақсы қабылдады. «Ақниет» әжелер алқасының орындауындағы ақын Е. Баймұхамбетовтың сөзіне жазылған «Астана вальсі» әні, Марат Халиоллин, Көпбол Мұхамедов және Сәлімжан Әубәкіров орындаған ақын Бауыржан Халиолланың әні мен сөзіне жазылған «Жымпиты жыры», Бекей Қанатов пен Нұртілеу Болат орындаған Б. Ширмединұлының сөзіне жазылған «Оралымсың менің!» әні кешегі концерттің жаңалықтары болды. Осы тұста, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы жанындағы Айнагүл Сарғозиева жетекшілік ететін Үлгілі «Аружан» би ансамблі, Гүлшат Нұрмұханова жетекшілік ететін Үлгілі «Айналайын» кіші би ансамблі, Бұлдыртыдан келген Жансая Сүндетова жетекшілік ететін «Керім – ай!» би тобы кешке көрік, сахнаға сән бергенін айтпасқа тағы болмайды.
Концерттік бағдарламаның мазмұндылығы үшін аудандық демалыс орталығының мәдени – көпшілік шаралар режиссері Айгүл Лұқпанова жұмыстаныпты. Концерт ҚР Президентінің «Құрмет» грамотасының иегері Төлеген Есмұхановтың орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.

«Сырым елі», Орал қаласы.
Суреттерді түсірген: Наурызбай ӨМІРЗАҚОВ