Бүгін "Достық" демалыс лагеріндегі демалыстың соңғы кезеңі, соңғы күні. Бұл күні қосымша білім беру ұйымдары педагогтары мен аудан мектептеріндегі дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері оқушыларға өзгеше әсер сыйлады. Аудандық әдістемелік кабинет әдіскерлері Қ.Раймов пен Г. Шайхиева өз сөздерінде: 

– Біз тамыздағы секция жұмыстарын жылма-жыл ұйымдастырғанда мұғалімдеріміздің іс-тәжірибелерін өзара бөлісуін ғана емес, сол тәжірибе мен жаңашылдықты өзге бағыттағы ұстаздармен алмасуға және өзгеше жұмыстарды ұйымдастыруға, оның қолдану тиімділігін арттырып, нәтижеге бағытталуына бағдар береміз. Біздің педагогтарымыз шығармашыл, еркін. Оларға қозғалыс керек. Сондықтан бізге теориялық жұмыстан көрі практикалық жұмыстарды көбірек ұйымдастырып, соның ішінде теориясын көрсете білуге баулыған абзал. Биыл мұғалімдерімізге бір мектептің емес бірнеше мектептен жиналған түрлі сынып оқушыларымен жұмыстануына тапсырма бердік. Және лагерьдің соңғы күнінде балаларға көңіл-күй сыйлағымыз келді–деді.

Бұлан ауылдық клубында балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы педагогтары заманауи сыни тұрғыдағы әдістерді қолдана отырып, мектептен тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың бірнеше түрін шеберлікпен көрсете білді. Бұл жұмыстарға оқушылармен бірге өзге педагогтарда белсене қатысты. Лагерь алаңында алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері автомат Калашниковты бөлшектеу және жинау тәсілін көрсетті. Болашақ ел қорғаны болатын патриоттарымыз- лагерьдегі ер балалар төменгі сынып оқушылары болса да, қызығушылық танытып мұғалімдерімен бірге жарыса жұмыстанды. Келесі жұмыс түрі – ұлттық ойынымыз асық ойыны болды. Таласа-тармаса асыққа жабысқан балаларға қарап мұғалімдер өздерінің балалық шағын еске түсіріп қоймай, бағыттай білсе компьютер мен телефонға үңілетін ұрпақ емес, ұлттық ойынымыз асықты шиыра атып талай жарыста оза шабатын ұландар тәрбиелеуге болатынын көрді, сезінді. Және асықтың бір ерекшелігі– қол моторикасын дамыту арқылы ойлау қабілетін дамытуына септігі барын ата-бабамыз ежелден ұғынған, қолданған. Жас туристер станциясы педагогтары соңғы уақытта көп ұйымдастырылатын спорттық бағдарлау жарысын өткізді. Қолдарына карта ұстаған оқушыларға қарап, шыбықтай иілген жасөспірімдерге қандай да тәлімді шараны тиімді ұсынған жағдайда нәтижелі жұмысты көруге болатынын ұғынасын, білесін. Жұмыстарды балалар саз мектебі педагогтары қазақтың ұлттық аспаптары - домбыра, қобыз, сазсырнайды насихаттаумен қорытындылады. Шара соңында ЖББ Қособа ОМБК-нің тәжірибелі ұстазы, шығармашылық орталығының сурет үйірмесінің жетекшісі Мұса Султанғалиев:– "Білемін, үйренемін, бөлісемін деген ұстазға бүгінгі шараның берері мол. Біздер тек өз пәніміздің ішінде қайнап қана қоймай өзге бағыттардың қалай ұйымдастырылатының, педагогтардың әдіс-тәсілдерін көріп, ішінен қажеттісін ала білуіміз қажет. Бүгінгі жұмыстарды ұйымдастырған әріптестеріме және әдіскерлерімізге алғыс айтамыз. Жаңа оқу жылы шығармашылық табыс әкелсін" – деп баға берді.