Кеше аудандық мәдениет үйінің фойесінде аудандағы жалпы білім беретін мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының көрмесі өтті. Көрмені Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының өкілі, облыстық оқу – әдістемелік кабинетінің директоры Аягөз Хамзина тамашалады.

Көрмені таныстырған мектеп директорлары білім беру ұйымдарында қолданып жатқан сапалы оқушы дайындау ісіндегі педагогтардың авторлық тәжірибелерімен бөлісті. Аудан басшысы директорлармен жаңартылған білім беру жұмыстары туралы пікірлесті. Ерекше көңілді аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының үйірме жетекшілері мен шәкірттерінің жұмыстары қойылған көрме аударды. Орталықтың директоры Айнұр Мұхамбетжанованың айтуынша, 2017 – 2018 оқу жылында 945 оқушы үшін 31 үйірме жұмыс жасаған. 

Мектеп бағдарламасын игеруде қолданылатын жаңа оқулықтар да кешегі көрмеде таныстырылды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы