Бүгін аудандық мәдениет үйінде Конституция күніне орай салтанатты шара өтті. Алдымен аудан басшысы Төлеген Серікқалиұлы сөз сөйлеп, атаулы мерекемен аудан тұрғындарын құттықтады. Аудан әкімі өз сөзінде:

–Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді. Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін, –деді.

Салтанатты шара барысында аудан басшысы Т.Төреғалиев "Күміс алқа"алқасымен 6 бала тәрбиелеп отырған, ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы мектептің мектеп алды даярлық сыныбының жетекшісі Э.Надированы, облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен Қособа ауылдық округі әкімі Ж.Сатаевты, аудандық әкімі аппаратының бас инспектор–есепшісі Г.Бекчуринаны, "Ихсанова"жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі А.Ихсанованы, аудан әкімінің Алғыс хатымен ЖББ Көздіғара негізгі мектебінің шаруашылық меңгерушісі Т.Габдрахимовты, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының "Ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталығы" бөлімінің бас маманы Ж.Зимуканованы, М.Есламғалиев атындағы аудандық орталықтандырылған кітапханасының кітаппен толықтыру және өңдеу бөлімінің меңгерушісі Г.Қонақбаеваны, Сырым газ шаруашылығының "Интергаз Орталық Азия" магистралді газ құбырларының электргазбен дәнекерлеушісі Қ.Сұлтанияровты, аудандық білім беру бөлімінің көлік жүргізушісі З.Халиуллинды, зейнеткер, ардагер спортшы, Жымпиты ауылдық бастауыш ардагерлер кеңесінің белсендісі Е.Шуреновты марапаттап, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін 16 жасқа толған бірқатар азаматтарға табыс етті.Одан әрі Сырым ауданы бойынша Әділет басқармасының басшысы Н.Қайыржанова мен Конституция құрдасы,аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы қызметкері Ж.Альпенова құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты шараның екінші бөлімі аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.