Елбасы Н.Назарбаевтың таным-түсінігімізге, көзқарасымызға соны серпіліс әкелген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сырым ауданында жерлестердің басын қосқан форум өтті. Форумға Сырым елінің қасиеті мен киесін сіңіріп, топырағынан түлеп ұшқан 300-деген жерлестер жиналды. Туған жерге сағынышпен табан тіреген жомарт жүректі жандар туған ауылын көркейтіп, көңіл тоғайтатын игілікті істерімен қуантты.

Жан-жақтан жиналған жерлестер Сырым бабамыз шыққан төбедегі кесенеге аялдап, баба рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті. Аудан басшысы Төлеген Төреғалиев қонақтарға қош келдіңіздер айтып, елжанды азаматтардың елге келгеніне қуанышты екенін білдірді.

Күнбатыс Алашорданың астанасы атанған Жымпиты жеріне келген соң, форумға қатысушылар туған елдің көрікті жерлерін аралауды Алаш саябағынан бастады. Мұнда музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева тарихтың тылсым сырларын бүккен көне жәдігерлермен таныстырды.

Қазақтың дарабозы атанған Қадырдың ескерткіші алдында да шара ұйымдастырылды. Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің мұғалімі Шаттық Әжіғалиева ақынның өлеңін оқыды. Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі медицина саласының ардагері Мақсот Берген мен ардагер ұстаз Марат Қадыровқа ұсынылды. Қонақтар Қадыр алаңына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орнатылған «Менің жүрегім Жымпиты» композициясының алдына суретке түсті. 
Одан кейін жерлестер Алаш саябағына келіп, алаш арыстарына құрметін білдіріп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Меймандар жастармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды. Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін аралады.