Сырым ауданында өткен жерлестер форумында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа алып, туған жерді көркейту, абаттандыру, ауыл жастары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауылдық округ әкімдері мен жеке кәсіпкерлердің, елге жанашыр азаматтардың арасында ынтымақтастық меморандумға қол қойылды. Ауылдық округтерде бағдарлама аясында құны 36,6 млн теңге болатын 15 жоба жүзеге асырылатын болды. 

Атап айтсақ, Алғабас ауылдық округінің әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жанболат Құмарғалиев пен Мақсот Берген Алғабасқа 500 мың теңгеге street workout (көше жаттығуларын жасайтын алаң) салу жөніндегі меморандумға қол қойды. Қайрат Ерғалиев Қызылағаш ауылына спорт алаңын және балалар ойын алаңын салмақшы, екі жобаның құны 3 млн теңге. Мүтәлі Төреғали 600 мың теңгеге Аралтөбе ауылына «Менің жүрегім – Аралтөбе» композициясын орнатуды жоспарлап отыр. Қос кәсіпкер де Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитовпен бірге меморандумға қол қойды. 

Бұлан ауылынан шыққан елжанды азамат Әділбек Қайрлиев 600 мың теңгеге Жамбыл ауылының кіреберісіне ауылдың аты жазылған белгі орнатпақ. Көгерістік азамат Боранбай Сарбөпеев ауылындағы клубтың құрылысына 20 млн теңге теңге қаржы құяды. Бұл жөнінде Бұлдырты ауылдық округі әкімі Ерлан Мақашевпен арада меморандумға қол қойылды. 


Жетікөл ауылдық округіне кәсіпкер Баянғали Құсесов 400 мың теңгеге Қосарал ауылына көше шамдарын қоюға ниет білдіріп, меморандумға қол қойды. Жымпиты ауылындағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп ауласынан Чингиз Шайхиев 1,3 млн теңгелік ойын алаңының құрылысын қолға алмақ. Айсұлу Ихсанова Алаш саябағынан құны 1 млн теңге тұратын street workout салатын болды. Хайролла Ихсанғалиев 1,2 млн теңгеге Қособа ауылының кіреберісіне арка орнатуға мүдделлік танытты. Ал, Қадырбек Қайырғалиев 1,5 млн теңгеге Қособа ауылына спорт салу жөнінде ауыл әкімімен бірге меморандумға қол қойды. Тұрар Дәулетов есімді елге жанашыр азамат Шағырлой ауылына 5 млн теңгенің спорт алаңын салмақшы. 


Талдыбұлақ ауылына хоккей кортын салуға Мақсат Насыров 500 мың теңге қаржысын жұмсамақ. Айдынғали Балғалиев 400 мың теңгеге Талдыбұлақ ауылына кіреберіске белгі орнататын болды. Самат Гусманов 600 мың теңгеге Құспанкөл ауылына балалар ойын алаңын салуды жоспарлап отыр. 
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА