– Бұл форум – біздің жерлестердің алғашқы форумы. Сырым елінен шыққан азаматтардың қаншасы шетелдерде жүр? Германияда біздің Жымпитыдан, Бұлдыртыдан, Тоғанастан, Талдыбұлақтан шыққан неміс ағайындарымыз көп. Сондықтан келесі жерлестер форумы қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейде өтуіне толық негіз бар. 

 

Сырым Датұлы бабамыздың ауданда тойы аталып өткенде сценарист, режиссер болатынмын. Сырым бабамыз өмір бойы азаттықты аңсап өтті, осы далада тұлпарының дүбірі қалды, сондықтан әрбір той өткен сайын, ауа райы қолайсыз болып, дауылдатып тұрады. Оның сырын енді түсіне бастадым. Ол дауыл біздің бабаларымыздың, алаш арыстарының мінезі екен. Бабаларымыз даламен үндес, тағдырлас болған екен. Біздің бойымыздағы табиғатымыз сондай. Даланың табиғаты, қасиеті елден жырақта жүрген ерлердің бойына дарып, алға жетелеп келеді деп есептеймін. 
Кез-келген азаматтың тағдырын өскен орта деген ұғым құрайды. Еліміздің мақтанышы болып жүрген кәсіпкер жігіттер ешқандай жарнамасыз, өздерінің ауылдарына, өздері туған топыраққа жағдай жасауы көңілде керемет сүйіспеншілік сезімді оятады. Өзінің қайдан шыққанын, тамырын, тегін ұмытып жүрген азаматтар бар. Сенің тамырың ол - сенің халқың, сенің топырағың. Туған жерге деген махаббат барлығынан биік тұруы керек. Сырым ауданында өткен жерлестер форумы жастарға үлкен тәрбие, өміріне деген темірқазық болғаны анық. Форумға жиналған елжанды азаматтар жерлестер форумын жыл сайын өткізуді саналы түрде дәстүрге, мерекеге айналдырса нұр үстіне нұр болар еді.