Сырым ауданында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері Асқар Сәукелиннің 60 жасқа толуына арналған 2004 жылы туылған жасөспірімдер мен 2005 – 2007 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасындағы облыстық еркін күрес турнирі аяқталды.

Екі күнге созылған ашық турнирде Батыс Қазақстан облысына қарасты аудандар мен облыс орталығынан келген командалардан бөлек, көршілес Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарынан келген 200 – ден астам жас палуан өзара мықтыны анықтады.

Айта кетейік, Асқар Сәукелин 1958 жылы Сырым ауданы, Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Еркін күрестен Солтүстік Осетия, Болгария, Венгрия және Украина мемлекеттерінде өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы 1995 – 2008 жылдар аралығында Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Бұлдырты бөлімінде жаттықтырушы болып еңбек етті. Облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанған шәкірттерін былай қойғанда, Бұлдырты еркін күрес мектебінің түлегі Нұрлан Бекжанов 2016 жылы Венгрияның астанасы Будапешт қаласында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сөйтіп, Асқар Сәукелиннің есімі қазақтан еркін күрес бойынша Әлем чемпионатының тұңғыш жүлдегерін шығарған жаттықтыру ретінде қазақ спортының тарихына енді.
Турнирдің салтанатты ашылуына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты. Ол мерейтой иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті. Осы сияқты Батыс Қазақстан облысы денешынықтыру басқармасының өкілі Есенгелді Айсағалиев, Батыс Қазақстан облысы бойынша грек – рим және еркін күрес федерациясының Президенті Бауыржан Бегайдаров құттықтау лебіздерін білдіріп, шапан жапты.

Турнир Сырым ауданының орталығында денешынықтыру – сауықтыру кешенінде өтті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы