.Бүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігінің жанындағы республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері келді. Агенттіктің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин, Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов, қоғам белсендісі, мониторингтік топтың мүшесі Алдан Манкеев Қ. Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп пен Сырым колледжінде болып, еңбек ұжымдарымен кездесті.


Агенттіктің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалиннің айтуынша, агенттік жанындағы республикалық арнайы мониторингтік топтың құрамында мемлекеттік қызметкерлер жоқ екен. Дегенмен, топ мемлекеттік қызметкерлермен де, қарапайым халықпен де тығыз жұмыс жасауға мүдделі.
- Біздің агенттік арнайы қабылдаулар мен жиналыстарда ғана емес, басқа уақыттарда да халыққа ашық. Қазынадан бөлінген қаржының игерілуін халық өзі бақылауы керек. – деді АрманБердалин.


Топ мүшелерінің Қ. Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектебіндегі педагогтармен жүздесуінде мектеп мұғалімдері ата – аналардан сыйлық қабылдау, интернет – сайттардағы ақылы байқаулар, ақылы сертификаттар мен марапаттар, яғни оңай сатып алуға болатын марапаттар туралы сұрақ қойды. Атқаратын қызметіне жоғары білімі сәйкеспейтін мұғалімдерге еңбекақыға қосымша үстеме берудің тоқтатылғандығын, оқулық жетіспеушілігінің салдарынан ата – аналардың кейбір оқулық пен арнайы пән дәптерлерін өз қаржысына сатып алып жатқанын да осы кездесуде естідік.


ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл агенттігінің 9 айдағы қызмет қорытындысы жарияланды. Қорытындыға сүйенсек, 9 айдың ішінде еліміз бойынша 1577 жемқорлық фактісі анықталған. Осы фактілердің арғы жағында фактілердің санынан да көп адамның тағдыры тұрғаны тағы белгілі.


- Біздің мемлекетке, қазақтың Тәуелсіздігіне қызмет ететін мемлекеттік аппарат кәсіби болуы керек. Мемлекеттік қызметкердің білімі мен әдебі маңызды. Халық мемлекеттік қызметкердің алдына мәселесімен барады. Сондықтан, қызмет сапалы бастысы адал болуы қажет. Ойбайлап келген адамды айғайлап қарсы алатын, әкесіндей адамға әкіреңдейтін адамға мемлекеттік қызметте орын жоқ. Біздер үшін жемқорлықты әшкерелегеннен гөрі, болдырмаған абзал. Сіздердің қызметтеріңізге адалдық тілеймін! – деді Арман Бердалин Сырым ауданындағы мемлекеттік қызметкерлермен болған кездесуінде.
Бұл кездесуді Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов қорытындылады. Кездесулерден бөлек, республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшелері Сырым аудандық орталық ауруханасында болып, емхананың цифрлық режимдегі жұмысын көрді.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы